Basty bet

Балаңды емес, өзіңді тәрбиеле…

Ұлтты сақтайтын – қазақтың баға жетпес рухани байлығы, атадан балаға аманат болып келе жатқан гумаистік ұстанымы: үлкенді құрметтеу, кішіге дұрыс тәлім-тәрбие беру, адамгершілік қарым-қатынасқа үйрету, ұрпақ бойына жан, тән, ар, дене, ой тазалығын сіңіру екеніне ерекше мән береді.
Материалдық байлық пен рухани байлық, құстың қос қанатындай. Екеуін қатар дамытпасақ, алысқа бармайтынымыз анық. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіз жағдайлардың жиі орын алуы біздің рухани құндылықтарымыздың құлдырауының салдары.
Кісі материалдық байлығымен қадірлі болмайды, егер оның кісілігі, ниеті мен мінезі түзу болмаса. Ал адамға тән рухани құндылықтар отбасы мен мектептегі тәрбиемен, өмірлік жинаған білімімен, тәжірибемен келеді.
Ауданымыздың бас иамамы Ғалымжан Қабылбекұлымен бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптар аясында сұхбаттасқан едік.

-Ғалымжан Қабылбекұлы, ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағына жауап беретін маңызды мәселе екені даусыз. Бүгінгі қоғамда отбасында да, мектепте де баланың біліміне көңіл бөлеміз де, тәрбие мәселесіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмейміз.
Аллаға шүкір, халықтың жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Алайда рухани жағынан артта қалып келе жатқан сияқтымыз. Сіз қалай ойлайсыз?
-Әрине, ұрпаққа білім беру қай уақытта болса да өте маңызды. Солай болып қала беруге тиісті деп ойлаймын. Бірақ өзіңіз атап өткендей, біз ұрпақтарымызға білім бергенде оның рухани жағын ұмыт қалдыра бастадық. Заманауи білім беру үрдісіміздегі біздің жіберіп жатқан ең үлкен олқылығымыз да осында. Бұған дәлел ретінде «екінші ұстаз» атына ие болған Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзін келтіре аламыз. Ол кісі: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», – деген. Шындығында білімдінің барлығы бірдей өркениетке пайда алып келді деп айта аламыз ба? Жоқ, адамзаттың тіршілігіне үлкен қауіп төндіретін неше түрлі қару-жарақты, адам өміріне қауіпті улы заттарды, тонаудың неше түрлі жолдарын ойлап тапқандардың барлығы да білімді адамдар.
Бір кісі ұстазына мынандай хат жазып жіберген екен.
«Ұстаз! Мен басымнан неше түрліні өткіздім. Концлагерьде болдым. Ешкім көрмеуі тиіс:
-инженер ғалымдардың газ камерасын салып жатқанын;
-дәрігерлердің балаларды улап жатқанын;
-білімді медбикелердің сәбилерді өлтіргенін;
-жоғары оқу орындарын бітірген студенттердің әйелдер мен балаларды өртеп жатқанын көрдім. Сондықтан білімді адамдарға сенім артпаймын. Оқушыларға адам болуға көмектесіңізші. Осыны өтініп сұраймын. Сіздің еңбегіңіздің нәтижесі – адам айтқысыз жаман істер жасайтын ғалым, түрлі кітап оқыған «есуас» білімді қаныпезерлер болмауы тиіс. Оқу мен жазу, есеп-қисап балаларымызға адам болуға көмектескенде ғана қажет». Бұл хатты жәйбарақат оқып шығу мүмкін емес. Шынында тәрбиесіз берілген білімнің апат әкелетінінің дәлелін тарихтан қалағаныңша тауып көрсетуге болады. Демек, біз бүгінгі күні материалистік көзқарасқа басымдық беріп, адамның рухани тәрбиесіне мән бермейтін болғанбыз. Бұндайда дана халқымыз бір-ақ ауыз сөзбен нүкте қойған. «Құдайдан қорыққаннан қорықпа, Құдайдан қорықпағаннан қорық», – деген.
Бір ұстаз мектепте сабақ береді екен. Шәкірттерінің ішінде сабағын өте жақсы оқитын бір шәкірті болыпты. Бірақ сол шәкірті әр жетістікке жеткенде ұстазы «сен адам болмайсың» дейді екен. Содан шәкірті мектепті бітіріп, үлкен оқуларды оқып, күндердің күнінде өзінің ауылына басшы болып келеді. Келеді де баяғы ұстазы есіне түсіп, кабинетіне шақырыпты. Ұстазы кабинетіне келгенде орнынан тұрып сәлемдесіп, «Мені таныдыңыз ба? Мен пәленше деген сіздің шәкіртіңізбін» дейді, «иә, жақсы екен» десе, «есіңізде ме маған үнемі «адам болмайсың» деуші едіңіз, мен мінекей сіздің сөзіңізді жоққа шығарып отырмын, ауылға басшы болдым» дегенде, ұстазы, «әй балам-ай, мен саған басшы болмайсың деген жоқпын, адам болмайсың дедім, сол сөзімді қазір де айтамын, адам болсаң, мені кабинетіңе шақырмас едің, үйіме келіп сәлем берер едің» деген екен. Осы бір тәмсілден бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесінде жіберіп жатқан үлкен қателіктерімізді анық көре алсақ керек.
-Қазақта “Балаңды емес, өзіңді тәрбиеле” деген даналық сөз бар. Яғни, балаң жақсы болсын десең, өзің жақсы адамның үлгісі бол деген.
Абай атамыз да “Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыдан болады” дейді. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда баласына жақсы жағынан үлгі бола алмай жатқан ата-ана, мұғалім, үлкендер көп сияқты. Көбінде сөзімізге ісіміз сай келмей жатыр. Осы маңызды мәселеде Сізді қандай сұрақ, қандай жағдай толғандырады?
-Өте жақсы сұрақ. Бұрынғы кісілерден қалған «Сен балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле, сонда бала өзі тәрбиленеді» деген жақсы сөз бар.
«Байлық – уысыңдағы мұз, бақ – басыңа қонған құс, бала – артыңдағы із» деген сөзден де талай нәрсені ұғынуға болады. Бір кісі кішкентай баласын ертіп келе жатып қайта-қайта «балам, аяғыңның астына қара, сүрініп қалма» деп айта беріпті, сонда баласы «Әкетай, неге маған аяғыңның астына қара деп айта бердіңіз? Мен сіздің ізіңізбен келе жатырмын ғой, өзіңіз сүрінбеуді ойласаңызшы, сіз сүрінсеңіз, мен де сүрінем» деген екен. Шын мәнінде ата-ана қандай болса бала да сондай болады. Қазақта жақсы сөз бар «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген. Жақсы болсаңыз, жақсылығыңыз бала-шағаға жұғады, жаман болсаңыз, жамандығыңыз да жұғатынын ұмытпау керек. Сол үшін мені толғандыратыны бүгінгі қоғамда имандылық жолды ұстануға көп көңіл бөлсек, өзіміз алдыңғы буын ағалар, әкелер мен аталар имандылық жолды ұстансақ, сонда бізден кейінгі жеткіншектер сол жолмен жүрер еді. Имандылық ұялаған жүректер мейірімге толы болар еді. Адалдық пен әділдік, тазалық өміріміздің мәніне айналар еді.
-Ішімдікке құмарлық, нашақорлық, ойынқұмарлық – бүгінгі қоғамның жегі құрты. Бұл туралы Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да айтты. Бұл дерттермен қалай күресуге болады? Неге адамдар нәпсісімен күресе алмай жатыр? Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
-Бұл айтылғандар кез келген қоғамды ішінен кеулеп жейтін жегі құрт деп айтар едім. Бұл дерттерден арылудың жолы жоғарыда айтып өткеніміздей, жастарды имандылыққа баулу. Бұрынғы ата-әжелеріміз үйреткендей обал-сауапты үйрету. Ең алдымен адам біреуді жақсылық жасауға баулу үшін, өзі сол жақсылықты жасайтын, жаман істерден өзін тыйған адам болуы керек. Болмаса өзің арақты сіміріп отырып арақ ішпе деп айтуың, болмаса нашаны бұрқыратып отырып нашаға жақындама деп айтуың тыңдаушыға әсер етпейді.
Әйгілі ғұлама имам Ағзамға бір кісі келіп баламның тісі ауырып жүр еді, емшіге апарып едім тәттіні жемесін деп айтты мен айтсам қоймады, сіз бір ауыз айтсаңыз, бәлкім сізді тыңдайтын шығар десе, имам Ағзам қырық күннен кейін алып келіңіз деп қайтарып жіберген екен. Қырық күн өткен соң баласын алып әлгі кісі имамға келсе, «балам, тәттіні жеме, тәттіні жегенді қоймасаң тісің де ауыра береді» депті. Сонда әкесі тұрып осы сөзді айтуға бола қырық күн күттіріп қойдыңыз ба деп ренжісе, Әбу Ханифа: «Мен де тәттіні жақсы көретін едім, күн сайын бал жейтінмін. Балаға тәтті жеме деп қалай айтамын өзім бал жеп отырып. Сол үшін қырық күн өзімнің нәпсімді тыйып, бал жеуден тыйылдым. Содан кейін ғана балаға тәтті жеме деп айттым» деген екен. Қарап отырсақ, біреуге бір нәрсені істеме деп айтпастан бұрын өзіміз тыйылуымыз керек екен. Онсыз сөзіміз бос, салмағы жоқ, пайдасыз сөз болып қалады екен.
-Елдің дамуына кедергі келтіретін дерттің бірі – сыбайлас жемқорлық. Шыңғыс ханның “Билікте тұрғанда ұрлық қылсаң, ұрпағыңның тағдырымен төлейсің” деген сөзі бар екен. Өте ауыр айтылған. Асыл дінімізде бұл мәселе туралы не айтылған?
-Иә, өте ауыр сөз. Бірақ бұл жерде болатын іс одан да ауыр екені маңызды. Шын мәнінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, парақорлық тағысын тағылар, бұлардың барлығының келер ұрпаққа әкелер зардабын айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл дүниедегі барлық нәрсе Алла Тағала тарапынан адамзатқа берілген уақытша заттар. Біз осыны жақсы түсінуіміз керек.
Бұрынғы өткен ізгі кісілер айтқан екен «адамдар надандықпен өздеріне берілгеннің барлығын менікі деп ойлайды. Шынында үш нәрсе ғана оныкі болады. Олар: әуелі, жеп отырған асы жұтқыншақтан өтсе, екінші, киіп жүрген киімі иығында тозса, үшінші, бұл дүниеде жалғыз Алланың разылығы үшін жасаған бір салиқалы амалы болса, қалған ешнәрсе де оныңкі емес», – деп. Осы ақиқатты біз көбіне көп қабылдағымыз келмейді. Көзімізбен көріп отырсақ та қабылдай алмаймыз. Сол себептен құрғыр ашкөздік бізге тойым бермейді. Қанағатсыздыққа салынып мансабымызды, қолымыздағы билігімізді, күшімізді пайдаланып адал-арамына қарамастан көбірек дүние тапқымыз келеді. Жең ұшынан жалғасу да, жемқорлық та, парақорлық та, жалақорлық та осы нәпсінің тойымсыздығынан деп есептеймін. Сол үшін ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуден артық маңызды істі көріп тұрған жоқпын. Құдайдан қорыққан адам ғана обал-сауапты ойлайды. Ертеңгі Құдайдың алдындағы сұрақ-жауапты ойлайтын болады. Дана халқымызда «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі артық» деген сөз бар.
-“Отан отбасынан басталады” демекші, отбасылық құндылықтар, ерлі-зайыптылардың ауызбіршілігі, олардың бір-біріне деген құрметі, еңбекқорлығы ұрпақ тәрбиесінде алар орны мен рөлі жоғары. Осы тұста жас отбасыларға қандай ағалық ақыл-кеңес айтар едіңіз.
-Қазіргі жастарға үлкен үмітпен қараймын. Өйткені олардың арасында имандылыққа ұмтылу, білмегенді білуге әрекет ету басым. Бұл – жақсылықтың нышаны. Жастарға айтарым, әрбір көтерілген шаңырақ – ол кішкентай мемлекет деп түсінемін. Сол шағын мелекеттің іргесін берік қылып құру үшін рухани және дүнияуи білімді қатар алып жүруге тырысу керек.
«Жаны саудың – дені сау» деген сөз бар. Жанымыз сау болу үшін оның азығын беруіміз керек. Ол – рухани білім, қарапайым тілмен айтсақ жақсы тәрбие, көркем мінез-құлық. Әр жеке отбасы мықты болса, Отанымыз да мықты болады.
Сөзімнің соңын Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың сәлемі мен салауаты болсын) ибн Аббасқа кішкентай кезінде айтқан мына бір өсиетімен аяқтағым келіп отыр. «Уа, балақай, мен саған бірнеше сөздер үйретемін Алланы әрдайым есіңде сақта, сонда Ол сені әрдайым қорғайды. Алланы әрдайым есіңде сақта, сонда әрдайым Оны алдыңнан көресің (Яғни Оның жәрдемі мен қолдауын сезінесің). Егер бірнәрсе сұрағың келсе, көмекті Алладан сұра және біл, егер бүкіл адамзат жиналып саған бір жақсылық істегісі келсе, олар саған Алланың пешенеңе жазған жақсылығынан артық жақсылық істей алмайды. Ал бүкілі жиналып саған бір жамандық істегісі келсе, олар Алланың сенің пешенеңе жазған жамандығынан артық ешнәрсе істей алмайды. Өйткені Алланың жазғанының сиясы әлдеқашан кеуіп үлгерген».
-Сұхбатыңызға рақмет! Ұрпақ тәрбиесі айтып тауыспайтын әрі өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта бұл тақырыптағы әңгімеміз жалғасса деген тілек бар.

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close