Basty bet

«Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер!»

Сатира – күлдіріп отырып жылататын, жылатып отырып күлдіретін сиқырлы өнер. Елімізде осы өнерді өрге бастырған өрендер аз болған жоқ. Қазақы қалжыңның қазысын ұсынып, сатираның сорпасынан дәм татқызған тапқыр қаламгерлердің талайы қасиетті топырағымыздан түлегені белгілі.
Солардың бірі – сатира саңлағы атанған шоқтығы биік Шона Смаханұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Сонымен қатар, жерлесіміз, әйгілі әзілкеш, белгілі сатирик ақын Толымбек Әлімбекұлы биыл мерейлі 70 жастың төріне шықты.
Осыған орай облыс көлемінде қос тұлғаға арналған түрлі іс-шаралар өткізілуде. Жақында 1 сәуір – Күлкі күніне орайластырылып аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер» атты аудандық әзіл-сықақ фестивалі өтті. Сатириктердің әңгімелері мен әзілдерін халық арасында кеңінен насихаттауға арналған іс-шараға 14 үміткер қатысты. Олар бекітілген ережеге сай екі шығармадан сахналық көрініс қойды. Түрлі әзілдермен әзірленген қойылымдар көрерменді күлкіге қарық қылды. Бірінен-бірі асқан өнерпаздардың талантына Жуалы жұрты тәнті болды.
Фестиваль соңында өнерпаздардың өнері сарапқа салынып, жеңімпаздар марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен Шыңбұлақ ауылынан келген «Қыздар-ай!» тобы үздік деп танылса, Қоңыртөбе ауылының мәдениет маманы Ш.Сауытбек II орынды, Көлтоған ауылынан келген Әбілмансұр Руслан III орынды иеленді. Жеңімпаздар мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен Алғысхаттар табыс етілді.
Өмірдің ащы шындығын ашып, ұлт тәрбиесінде танымды дүниелерімен құнды болған сатира саңлақтарының шығармалары Күлкі күні өткізілген әзіл кешінде қазақы қалжыңға шөліркеген көрерменнің көңілінен шықты деуге болады. Сондай-ақ, күлкі кешін әншілер – Б.Абделиев, М.Мықтыбеков, Н.Ахмет, М.Сванбаева, Г.Кашкеева, М.Сағымбек әсем әнмен әрледі.
Дәл осы күні Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында өткен «Шоқ тілді – Шона» облыстық байқауына «Мыңбұлақ» және «Жуалы» халықтық театрларының режиссерлары Е.Бекжанов, Е.Каттебеков, әртістер Н.Мейірхан, Ә.Мәдібек, Т.Батыров, С.Мейіржанқызы және Қ.Сүйінбай сатирик Шона Смаханұлының «Операция алдында» және «Әжемнің әлдиі» атты шығармаларын сахналап, «Көрермен көзайымы» аталымын иеленіп, Алғысхатпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Театр жастарына шығармашылық шабыт, жарқын жеңіс тілейміз. Күлкі –көңіл, күлкі – күш, күлкі – қуат, күлкі – шуақ. Ендеше, әрдайым күліп жүріңіздер!
Назипа Тұранқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени
демалыс орталығының көркемдік жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close