Basty bet
Ұлттық құндылықтарды ұлықтау – ұрпақ парызы!
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес рухани байлығы – аталы сөз. Осы құндылықты ұлықтап, жас ұрпақтың жадына жаңғырту мақсатында өткен аптада Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Атадан қалған асыл сөз» тақырыбында ардагерлер мен жастардың кездесуі өтті.
Мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Ерліктің, адалдықтың асқар шыңы» атты даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының фотогалереясы мен «Жолбарыс жүректі, жампоз жазушы – Шерхан Мұртаза» тақырыбында кітап көрмесі қойылды.
Тағылымды кездесу «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасымен басталып, көпшілік назарына «Дәуір даналары» және «Ғасыр тұлғалары» тақырыбында бейнероликтер ұсынылды.
Іс-шараның мақсаты – бабалардан қалған ұлағатты әрі ғибрат аларлық сөздердің мәнін жастарға ұғындыра отырып, шешендік өнер мен сөз сөйлеу мәнерін қалыптастыру.
Онда елдік пен руханият, сөз құдіреті мен ақыл-өсиет жайлы орамды ойлар айтылып, ақсақалдар сөзі арқылы ұлттық тәрбие мен даналық дәріптелді.
Кездесуге өңірдің ардақты ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты. Сонымен қатар, шараның модераторлары ретінде Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыс ардагерлерінің «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов, облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Қонысбай Ілиясов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев шақырылды. Одан бөлек, спикерлер қатарында «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, «Ақ бата» республикалық байқауының жеңімпазы Сейітқазы қажы Медетбеков, ардагер ұстаз, үздік өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев және ұлағатты ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Желтоқсан көтерілісіне – 35 жыл» медальдарының иегері Гауһар Тәжікенова болды.
Олардың әрқайсысы өз сөзінде қазақтың бай ауыз әдебиеті мен мақал-мәтелдерінің өмірлік мән-маңызына тоқталып, келешек ұрпаққа аманат боларлық ақыл-кеңестерімен бөлісіп қана қоймай, аталы сөзге құрмет көрсету – салт-дәстүр мен ұлт болмысын және тарихты бағалау екендігін жеткізді.
Ғибраты мол кездесуді Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, осындай маңызы бар игі іс-шараларды жиі-жиі ұйымдастырып, жастарға насихаттау қажеттігін баса айтты.
Бұл кездесу – тек бір күндік іс-шара емес, саналы ұрпақтың болашағына бағытталған тәрбие сабағы болғаны анық. Халқымыздың ғасырлар бойы сүзгіден өткен дана сөзі – елдің елдігін, жұрттың бірлігін сақтайтын қастерлі құндылық. Ал осы құндылық аталмыш шарада көрініс тапты деуге болады.
Айша ҚҰДАЙҚҰЛ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
веб-журналистика мамандығының
2-курс студенті