Basty bet

БҰЙЫРМАҒАН ҚАЙЫН АТА

«Ықыластемір» орта мектебі Ордабасы ауданындағы ең шалғай жатқан елді мекендегі оқу орындарының бірі. Сондықтан да ол жаққа кез келген маман баруға келісе бермейді. Әсіресе, «Ықыластемірге» орыс тілі және әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді трактормен сүйреп барудың өзі қиын. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Әкім Ысқақов осы проблеманы қалай шешудің жолын білмей басы қатып отырған. Құдайдан тілегені жерден табыла кетіп, өзі көптен білетін қарт ұстаз ұзын бұрымы тізесіне түскен, сұлу бір бойжеткенді ертіп кіріп келді. Аман-есендіктен соң қария келген шаруасына көшті.
– Әкім, қарағым, мына бала менің туған қызым. Аты – Марияш. Шымкенттегі педагогикалық институттың орыс тілі және әдебиеті факультетінің төртінші курсында оқитын еді, жағдайға байланысты сырттай ауысып жатқан сыңайы бар. «Айран сұраған шелегін жасырмайды» демекші, реті келіп жатса, қызыма бір жұмыс тауып бер.
– Сізді маған Құдайдың өзі келтіріп отырған болар, – дейді әкім қуанып – ауылдарыңыздағы мектепке жаңағы өзіңіз айтқан пәннен сабақ беретін мұғалім таба алмай, не істерімді білмей отыр едім, орайы келді деген осы болар. Қарындас өтініш тез жаза қойсын, бүгіннен қалдырмай бұйрық бергіземін.
Ойлаған істері бітіп, бәрі бір-біріне риза болып, кеңсенің алдына шыққанда, белгілі сазгер, Әкімнің бала кезінен бірге өскен досы Қалдыбек Құрманәлиев ойламаған жерден қаңғалақтап келе қалады. Өмірінде адам баласын жатырқауды білмейтін ол ашық-жарқын сөйлесіп, үлкеннің де, кішінің де іші-бауырына кіріп барады. Әкім досының мінезін өзінің бес саусағындай жақсы біледі, оның отша жайнаған көздері сұлу қызға бірден түсті. Қалдыбектің бірнеше әні қатарынан шығып, атақ-даңқы жер жарып тұрған кезі. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтайды» дегендей, бойжеткен де: «Сәлеметсіз бе, аға?» деп, сазгер ағасына сызылып сәлем береді.
Әрине, Қалдыбектің бар шаруасы Әкім мырзада, бірақ, ол мына сиқыр қыз үшін жердің түбіне дейін кетіп қалуға әзір.
– Аға, сіз қай ауылға баратын едіңіз? – деді ол қарияға бір табан жақындай түсіп.
– Ықыластемірге.
– Олай болса, жолым болды, мен де сіздердің ауылға жүргелі тұр едім. Бос орын болса, ала кетсеңіздер, – деп көзді ашып-жұмғанша бір өтірікті соғып, жанында тұрған Әкім досына көзін қысып үлгерді.
– Сол да сөз болып па, айналайын! Өзі жақсы адамға әрқашанда бір орын табылады, – деп қарт ұстаз мәшинесінің есігін аша береді. Әкім: «Рульдегі кісінің Марияштың туған әкесі екендігін Қалдыбек батыр біле бермейді. Жол үстінде мен білетін Құрманәлиев міндетті түрде бірдеңені бүлдіреді. Қап, ұят болатын болды-ау» деп ойлап үлгіргенше Қалдыбек сұлу қыздың жанына лып етіп отырып, «Жигули» орнынан қозғала берді.
Оқу ісінің меңгерушісі кабинетіне жүгіріп, оны жауып шыққанша әлгі машина біраз жерге ұзап кеткен болатын. Әкім қызмет мәшинесінің руліне өзі отырып, сазгер досын тұра кеп қуды. Сары «Жигулиді» аудан орталығынан шыға берісте қуып жетіп, қатарласа береді. Қалдыбектің бір қолы Марияштың иығында. Дәл алдында көзін бақырайтып қойып, туған қызын құшақтап өліп-өшіп отырған көлденең көк атты әдепсіз жігітке әкесі қайта-қайта бұрылып бірдеңе айтып жатыр. Әкім оларға кідіріңдер деп белгі беріп, өзі сәл озып барып тоқтай қалды.
– Жайшылық па, қарағым, – деп қарт мәшинесінің есігін аша бергенде Әкімнің өзі біртүрлі ыңғайсызданып қалды. Үшеуінің де түрлері ұрысқан жандарға ұқсамайды, жүздері жайдары, өздері тым көңілді-ақ.
– Мария менің әндерімді керемет орындайды екен. Аға үшеуміз қосылып ән айттық, – дейді Қалдыбек жас балаша мәз болып. – Айтпақшы, саған не болған, жүзің өрт сөндіргендей ғой.
– Сені аудан басшылары шұғыл іздеп жатыр, – деді Әкім өтірік айтып. «Ықыластемірге» өзім алып барамын. Қалдыбек қипақтап-қипақтап Марияшпен қимастықпен қоштасты.
…Ертесіне Қалдыбек Әкім досының кабинетіне біреу қуып келе жатқандай жүгіре кірді де, асығыс амандасып, алдына бір жапырақ қағазды тастай берді.
«Ордабасы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Әкім Ысқақов мырзаға сазгер Қалдыбек Құрманәлиевтен
Өтініш
«Ықыластемір» орта мектебіндегі Марияш деген мұғалім қызға ғашық болуыма байланысты мені сол мектепке мұғалім етіп жіберуіңізді өтінемін!» – деген сөздерді оқығанда Әкім мырс етіп күліп жіберді.
– Өкінішке орай, бұл өтінішіңді орындай алмаймын, – деді аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі алақанын жайып.
– Көкетай, не істеймін десең де, қолыңда тұр емес пе, жарты штатқа жіберсең де ризамын. Марияш үшін Алматыдан да, атақ-мансаптан да бас тартуға бармын, – деп Қалдыбек досына жата кеп жалынды. Сол күні Қалдыбек алабұртып жүріп, кешке таман оның «Сәлеметсіз бе, аға» деген жаңа әні дүниеге келді. Үлкен өтінішін орындамай қойған бастық досына өкпелеген Қалдыбек Алматыға кетіп, Ордабасына үш айдан соң оралды. Бірақ, жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді деген рас болып шықты, жүрегін қолына алып құстай ұшып жеткенде, Марияшты Жетісайдың бір жігіті алып қашып кетіп, ол сол жақта сызылып жас келін болып отырған-ды.
Көңіл хошы болмаса да, алдын ала белгіленіп қойған жоспар бойынша сазгерге Ықыластемірге барып, шығармашылық кешін өткізуге тура келді. Қалдыбек осы кеште жаны жабырқап, жүрегі елжіреп тұрып, өзінің «Сәлеметсіз бе, аға» деген әнін орындап береді. Кездесу аяқталып, жұрт тарай бастағанда, Марияштың әкесі сазгерге жақындап, сәлем береді.
– Шырағым, мені таныдың ба? – дейді ол Қалдыбектің қолынан алып жатып.
– Қария-ау, сізді танымай мені құдай ұрып па? Бұйырмаған қайын атамсыз ғой, – дей сазгер жүрегі жылап тұрса да, сөзін әзіл-қалжыңға айналдырып.

Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы-режиссер,
Халықаралық «Түркі әлемі»
телестудиясының Бас директоры,
Дүниежүзілік «Алтын сафран»
кинофестивалінің жүлдегері

Таңдаулы материалдар

Close