Basty bet
Бүгінгі мектеп түлегі – елдің ертеңгі тірегі
Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда «Бүгінгі мектеп түлегі – ертеңгі елдің тірегі» атты мектептен түлеп ұшқандарына 40, 30, 20, 10 жыл толған жомарт түлектермен кездесу форумы өтті.
Форумның мақсаты – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету.
Шараға мектеп бітіргендеріне бірнеше жылдың жүзі болған, бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген №1 мектеп-гимназияның түлектері қатысты. Атап айтқанда, аталған мектеп-гимназияның директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Абишева, аудандағы ірі кәсіпкерлердің бірі – Лечи Оздамиров, №1 Балалар өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев, ЖШС «Атамекен» Сауда Өндірістік компаниясының директоры Күлзира Орынбаева, Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімдері Людмила Кононенко, Айман Омарова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Валентина Ефремова, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Бахтияр Мағыртаев қатысты.
Түлектерді мектептің алдынан дарынды оқушылар әннен шашу шашып, түрлі ұлттың биімен көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды. Әрі қарай, ішке енген қатысушылар білім ошағының төлқұжатымен танысты. Мектептің Парламент Президенті Әзімхан Бекболатов және Ұланбасы Ерасыл Жамалбеков қонақтарға жол көрсетіп, кіре берісте ілініп тұрған, зерделі жазушы Шерхан Мұртазаның үлкен портретіне шолу жасады.
Сондай-ақ, түлектер қазақи бұрыштың жұмысымен танысып, арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, мектептің дарынды күйшілерінің күйін тамашалады.
Одан бөлек, Шерхан, Шахмат бұрыштарын, спорт зал, асхана және кітапхананың, коворкинг, буккросинг орталығының жұмыстарымен танысып, аралап көрді. Айта кету керек, мектеп-гимназияның 11 сынып оқушылары «Түлектер лентасын» тағып, дәліз бойын жағалай түлектерге қошемет көрсетіп тұрды.
Сондай-ақ, арнайы дизайнерлердің көмегімен роботтар жасауға арналған робототехника кабинетіне ат басын бұрып, ондағы жасалып жатқан роботтардың іс-қимылына назар аударып, таң-тамаша қалысты.
Келесі кезекте кездесу, мәжіліс залында еркін ой форматында 10-11 сынып оқушыларының қатысуымен жалғасын тапты.
Кездесуді мектеп-гимназияның қызметкерлері Арман Әбдіжапар және Елена Станкеевич ашып, жүргізіп отырды.
Айта кету керек, білім ошағында түрлі ұлт өкілдерінен құралған балалар білім нәрімен суысындағандықтан форум екі тілде жүргізілді.
LED экран арқылы түлектер туралы арнайы дайындалған слайд көрсетіліп, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Билора Мамедова «Жомарт түлек» жобасы аясында мектепте жасалып жатқан жұмыстар төңірегінде баяндама жасады.
Өз кезегінде оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, сауалдарына мардымды жауаптар ала алды.
Ал, кеш қонақтары мектеп кезіндегі есте қалған естеліктерімен, қызықты сәттерін әңгімелеп беріп, жүректері елжіреп, көздеріне жас алды.
Жиын барысында сөз алған білім ордасының директоры Эльмира Абишева келген қонақтарға ерекше алғысын жеткізді.
– Жомарт түлек – 2023 форумының басты мақсаты түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елімізге белгілі түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етіп, танымал түлектерімізді туған өлкесінде оқыған мектептерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және маңызды жобаларды жүзеге асыру. Жомарт түлек мектеп оқушылары алдындағы буын ағаларының жақсылықты жасау, қайырымдылықты серік еткенін көріп елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті бойына сіңдіреді. Бүгінгі форум жас ұрпаққа дұрыс үлгі өнеге болады. Ең бастысы – талмай еңбек ету. Білім алған мектебін естен шығармай, мүмкіндігінше оның өркендеуіне өз үлесін қосу керек. Өйткені сол мектебіміз бізге білім берді, тәрбиеледі.
Түлектер кездесуінің форматындағы тағы бір ерекшелік – ұрпақтар сабақтастығын сақтауға баса мән берілгені. Құрметті форумға қатысушылар, сіздердің елге мектепке деген ыстық ықыластарыңыз – туған жерді сүюді, білім алған мектепті ұмытпау, патриотизмнің нағыз үлгісі. Білім алған мектептен байланысты жоғалтпау өте маңызды. Бірлескен күш – жігерімізбен біз мектебімізді дамыту үшін, көптеген игі істер жасай алатынымызға сенімдіміз. “Жомарт түлек” акциясы кезінде өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, жастарды жомарттылыққа алтын ұя мектебін дәріптеп, мадақтап жүретін түлектердің игі істері жалғаса береді деп сенеміз, – деп сөзін түйіндеді Эльмира Әбілқызы.
Кеш соңы естелік суретке түсумен жалғасты.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»