Basty bet

Еңбекпен өніп-өскен өнегелі отбасы

Адам еңбекпен жетіледі. Еңбекпен өз ортасына танылып, көркем мінезімен сый-құрметке ие болады. Ол үшін адамның бойында ата-анадан дарыған жақсы қасиет, тәлім-тәрбие болуы керек. «Отбасында бақ-береке орнауы үшін ынтымақ пен өзара сыйластық керек» деген жанұяның қазыналы қарттары, еңбек майданының бел ортасында болған қазіргі Ақбастау ауылының тұрғындары Рахманберді Көшербаев пен «Батыр ана» және «Алтын алқа» алқасын иеленген ардақты ана Бейсенкүл Көшербаева.

Рахманберді Көшербаев 1938 жылы бұрынғы Бақатей селолық кеңесінде дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында туған ол 1955 жылдан бастап колхоз жұмысына белсене араласады. Жастайынан мал бағып, шаруа отбасында өскен кейіпкеріміз белді бекем буып, 1960 жылы бұрынғы Карл Маркс совхозына шопан болып жұмысқа қабылданады. Рахманберді ата отанасы Бейсенкүл апа екеуі аталған совхозда табан аудармастан зейнетке шыққанша еңбек еткендерін айтады. Ақбастау ауылына іс-сапармен барып еңбек ардагерінің шаңырағында болып, әңгімелескен болатынбыз. Амандық-саулық сұрасқан соң Рахманберді ата бізге өзінің өнегелі еңбек жолы туралы айтып берді.
-Біз қиын-қыстау кезеңде өмірге келген ұрпақпыз,- деп бастады әңгімесін Рахманберді ата. – Ол тұста заман қиын болды. Көп ұзамай-ақ соғыс басталып кетті. Балалығымыз сол кезеңде өтті. Мен әкемнен сегіз жасымда айырылдым. Соғыс жылдарындағы ауыр жүктің салмағы жас бала болсақ та біздің иығымызға түсті. Қабырғамыз қатпай жатып, еңбекке ерте араластық. Біздің буын осылай шынығып, ширығып ер жетті. Алла нәсіп етіп, 1962 жылы Бейсенкүл екеуміз шаңырақ көтердім. Сөйтіп, бірден еңбек майданына араласып кеттік. Бұрынғы Карл Маркс совхозында 40 жылға жуық шопан болып еңбек етіп, зейнетке шықтым. Өмірдің ыстық-суығы, қиыншылығы мен қызығы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретіні сияқты, біздің де отбасының басынан бірқатар оқиғалар өтті. Қиыншылық та болды. Бірақ бәрін табандылықпен, сабырмен жеңіп шықтық.
«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, қой баққаннан жаман болған жоқпыз. 100 саулықтан 122-ге дейін қозы алып, жоспарды артығымен орындаған кезіміз болды. Өмірде өздігінен ештеңе болмайды. Бәрі аянбай еткен адал еңбектің арқасы. Жас отбасыларға айтарым, еңбек етіңдер, сонда ғана абыройлы, сыйлы боласыңдар,- дейді еңбек ардагері Рахманберді ақсақал мен Батыр ана Бейсенкүл апа.
«Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» демекші, ақбастаулық Көшербаевтар отбасы өнегелі шаңырағында тоғыз ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді. Балалардың сегізі қыз болса, біреуі ұл. Қыздары Бибігүл, Ботагөз, Қаракөз, Зәуреш, Ұлбике, Майгүл, Нұргүл, Жұлдыз бүгінде өмірден өз орындарын тауып, елдің әр өңірінде мамандығы бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Ал жанұяның жалғыз ұлы Алмаз Рахманбердіұлы ауылдағы қара шаңырақтың иесі. Ол Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде көп жылдан бері өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істейді. Алмаз ағаның жұбайы Айжан Қарабаева да ауыл мектебінде мұғалім. Ерлі-зайыптылар отбасында төрт бала тәрбиелеп отыр. Оның екеуі ұл, екеуі қыз. Көшербаевтар әулетінде 23 немере, алты шөбере өсіп-өнуде.
Еңбегімен елеулі болған өнегелі де мерейлі Көшербаевтар жанұясының отағасы Рахманберді ата бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған. Әйтсе де, ол үшін 1980 жылы шопанның еңбегіне мемлекет тарапынан берілген «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағының шоқтығы биік, орны бөлек. Еңбек ардагерінің айтуынша, сол тұста мұндай құрметті атақты алу мәртебесі біздің ауданда үш-ақ азаматқа бұйырған екен. Ал тоғыз баланы дүниеге әкелген Бейсенкүл апа «Батыр ана» және «Алтын алқа» алқасын иеленген ардақты ана.
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға», «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп хакім Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбек ұғымы қашанда адам бойындағы асыл қасиеттерді одан сайын ізгілендіре түсетіні анық. «Отан отбасынан басталады» деген. Осы тұрғыда қазақы дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтап қалған әрі дәріптеп келе жатқан еңбек майталмандары Рахманберді ата мен Бейсенкүл апа қандай құрметке болса да лайық жандар. Ақырын жүріп, анық басқан, адал еңбекпен ғана мал тапқан, ұрпағының бойына адамдық Һәм адалдық қасиеттерін берік сіңіріп келе жатқан ақбастаулық Көшербаевтар жанұясы қай жағынан алып қарасақ та қоғамға үлгі, бұл отбасының беделі әруақытта да асқақ.

Таңдаулы материалдар

Close