Basty bet

Бейбіт өмірдің тұғырын биік ұстауда

Бірлік – ынтымағы мен берекесін бірге ұстаған еліміздегі ең биік ұғым әрі ғасырлар бойғы дана халқымыздың бойына сіңген асыл қасиеті. Бабаларымыз ынтымақ пен татулықты, ортақ келісім мен ауызбіршілікті, жарасымдылық пен сыйластықты мүдделі түрде еліміздің біртұтастығын сақтауда әрдайым биік мақсат етіп қойған. Еліміз басынан қиын-қыстау заман кешіп, қуғын-сүргінге ұшырап, тағдырдың қатал сынынан өтті. Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында, бүгінде, мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бүгінгі күннің ең басты мәселесі ел бірлігіне баса назар аударған болатын.
«Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет»,– деген Президент тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек.
Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да Қазақстанмен байланысқан. Еліміздің шаңырағында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Жаратушының, екінші xалқымыздың еңбегінің жемісі. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда.
Бүгінде қасиетті Жуалы жерінде 11 этнос, бес этномәдени бірлестіктің өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүруде. Негізінен алғанда, көпұлттылық – біздің басымдығымыз, бірлік – сарқылмас байлығымыз. Ауданда 603 әзірбайжан, 3161 славян, 564 шешен, 192 өзбек және 137 неміс этнос өкілдері бар. Олардың дені Б.Момышұлы ауылында, Шақпақ, Мыңбұлақ, Қарасаз, Ақтөбе, Жетітөбе, Күреңбел, Қошқарата және Нұрлыкент ауылдық округтерінде шоғырланған. Сондай-ақ, өңірде «Мехрибан» әзірбайжан, «Вайнах» шешен, «Бахор» өзбек, «Славян» славян және неміс этно-мәдени орталықтары бар. Этно-мәдени бірлестіктерге Эсмира Мамедова, Ирина Протасова, Лечи Оздамиров, Зувайда Мажитова және Елена Пономарева жетекшілік етеді.
Аудан жастары арасында этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жоспарға сәйкес, этнос өкілдерінің қатысуымен жыл бойына іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, этнос өкілдерінің жастары жыл басында қазақ халқының дана сөздері мен мақал-мәтелдерін жатқа айтып, бейнероликтер топтамасын жинақтаған болатын. Сонымен қатар, «Жастар – ұлт бірлігінің ұйытқысы» тақырыбында жастармен кездесу, «Біз – Қазақстанның ұланымыз!» атты жастардың этнос өкілдерімен кездесуі өткізілді.
Этнос өкілдері «Алғыс айту – парызым» челленджінде де белсенділік танытып, Қазақ еліне алғыстарын жеткізді. Одан бөлек, іс-шараларда үнемі белсенділік танытатын этнос өкілдері «Бірлігі жарасқан ел аман бол!» фестивалінде де өз өнерлерін ортаға салды. Жастар «Бірлігіміз жарасқан» сурет байқауында және «Қыздарға әсемдік жарасады» сұлулық байқауында өзара сынға түсті. Сондай-ақ, жастар арасында бейбітшілік пен келісім құндылығын, отбасылық дәстүрді насихаттау, оларды спорттық шараларға тарту, этнос өкілдерінің тарихы мен мәдениетін көпшілікке таныстыру, адал еңбекті насихаттау жұмыстары да үйлестірілуде.
Еліміз қарқынды даму үстінде. Елімізде мекендеген барлық ұлттар арасында татулық пен бірлік сақталып, біртұтас ел ретінде күшімізді біріктіре отырып, бәсекеге қабілетті ұлт болуға күш салуымыз қажет. Бүгінде ауызбіршілігі қашқан елдердің экономикасы артқа кетіп, берекесі қашып отырғанын ұмытпай, этносаралық татулықты арттыра отырып, тек ұдайы дамуды мақсат етуіміз керек. Бұл мақсатқа жету жолында жастардың қосар үлесі мол болмақ. Жастар аға буын өкілдерінің өзара татулығы мен ынтымағын үлгі-өнеге етіп, әрі қарай да еліміздің дамуы үшін тұрақтылықты ту етуі олардың басты мақсаты саналады.

Зинаида Белозерова,
аудандық жастар орталығының этно-мәдени орталықтармен жұмысты үйлестіруші маманы

Таңдаулы материалдар

Close