Basty bet
«Бағыңда өскен бәйтерек, күтімін тапсаң, солмайды…»
Бағбан Оразалы Күзембаев үйінің ауласында бау-бақша баптап, жүзім өсіруде
Бүгінде 77 жасты еңсерген еңбек ардагері Оразалы Күзембаевтың балалық шағы қасиетті Жуалы ауданының бір пұшпағындағы табиғаты көркем Шыңбұлақ тауының бауырында өтті. Онда әкесі Күзембай ақсақал сол маңдағы таудың қарауылы еді. Олар отырған қойнау Күреңбел аймағындағы бұрынғы Чапаев колхозы мен М.Горький колхозының дәл шекара тұсында орналасқан табиғаты көркем жер болатын.
Бала Оразалы еңбекке, жалпы табиғатқа жақын болып өсті. Табиғатқа, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қызығушылығы оны кейіннен аңшылыққа, қасиетті өңірдің табиғатын кеңінен тануына және қоршаған ортамен етене жақын болуға алып келгені анық. Табиғатты аялауды, қоршаған ортаны, жалпы аң мен құсты және өсімдіктер дүниесін қорғауды өскелең ұрпақ табиғат тамыршысы атанған Оразалы сияқты аға буын жанашыр азаматтардан үйренсе игі.
Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының байырғы тұрғыны Оразалы ақсақалдың тағы бір қыры ретінде оның бау-бақша баптайтын бағбандығын айтуымызға болады. Ол біраз жылдан бері үй іргелік жерін тиімді игеріп, шағын ғана шарбақта бау-бақша дақылдарының барлық түрін өсіреді. Ерте көктемнен қияр мен қызанақтың, т.б. көкөністердің көшетін өз қолымен өндіріп, оны уақтысында жерге қондырып, үй іргелік жерінде жаз бойы күтіп-баптауды әдетке айналдырған. Бұл бір жағынан еңбек ету арқылы жастарға үлгі-өнеге көрсету болса, екінші жағынан денсаулыққа пайдалы экологиялық өнімді жыл бойы тұтынудың бірден бір кепілі.
Экологиялық өнімді өсіріп-өндіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Бұл үшін тек еңбек етіп, үй іргелік жерді тиімді пайдаланса ғана жетіп жатыр. Бұл – қыстық азық қорын да жасаудың тиімді түрі саналады. Қарияның шарбағы ауылды кесіп өтетін үлкен сайдың жағасында орналасқан. Еңбекқор азамат Оразалы ақсақал бақшаны суғару үшін сайдан су шығарудың да тиімді тәсілін тапқан. Ол үшін үш бірдей су моторы іске толығымен жарап тұр. Шарбақтың сай жақ беті (күншығыс жағы) түгел алма бау. Оның ішінде, қыстық алма ағаштары көп. Одан беріректе орналасқан бақшалықта маусымдық дақылдардан картоп, құлпынай, таңқурай, қызанақ, қияр, сарымсақ, пияз, жүгері т.б. көкөністер егіледі.
-Жалпы еңбек ету, табиғатқа жанашыр болу – менің өмір ұстанымым. Бала кезде ауылда тұрып, табиғатқа жақын болып өскен азаматтың бірімін. Марқұм әкемнің жанында жүріп көп нәрсені үйрендім, туған жердің қасиетін танып, оның жұмбағына қанықтым. Біле білгенге бұл ұлағатты тәрбие.
Аудан орталығында тұрақты тұрып жатқаныма жарты ғасырдай уақыт болды. Орталықта көп мекемеде жұмыс істедім. Негізгі жұмыс бір бөлек. Ал онымен бірге үйдегі тірлікті де бірге алып жүруің қажет. Онсыз болмайды. Мен негізінен үйде бау-бақша өсірумен айналысамын. Бұл – менің өмірім. Үйде балалар бар, немерелер желкілдеп өсіп келеді. Ұрпағым таза табиғатта өндірілген таза өнімді тұтынса деген ниет менікі.
Биыл да жылдағы әдетіммен бақшаға түрлі көкөністер егіп, баптап жатырмын. Жақында қызанақ пен қияр жеміс бере бастады. Басқалары да өсіп-жетілуде. Биыл егілген жүгері ерекше болып шықты. Бойы да анағұрлым биік. Соталары да үлкен. Қанша жылдан бері бау-бақша баптап келемін. Жүгерінің мұндай тұқымын кездестірген емеспін. Бұл дақыл біраз күнде жеміс бермек.
Биыл көктемде жауын-шашын мол болғанымен, күннің райы жылдағыдан суықтау болды. Бұл да бау-бақшаны өз уақтысында егуге өзінің кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Алғаш егілген қызанақ көшеттері үсікке, суық жауынға ұрынды. Көшеттердің орнына кейіннен тағы да қайталап егуге тура келді. Бау-бақша терең сайдың қабағында орналасқандықтан, мұнда ағын су әкелуге мүмкіндік жоқ. Суды тек мотормен тартып шығару қажет. Бақшаны үш бірдей сусорғының көмегімен суғарып жатырмын. Бұл жұмыс өзіме ұнайды. Жалпы өзің сүйетін іспен айналысу – адамға ерекше шабыт сыйлап, өмір сүруге күш береді. Еңбекпен айналысу – адамның өмірге деген талпынысын білдірсе керек. Бұл – менің ұрпағыма көрсеткен өнегем мен берген тәрбием. Қанша өмір сүреміз, оны бір Алла біледі. Бірақ тіршілікте еңбектен қол үзбеймін,- дейді бағбан, еңбек ардагері Оразалы Күзембайұлы.
Оразалы ақсақалды үнемі ізденісте жүретін кісі деп айтуымызға болады. Оның дәлелі ретінде оның жүзім өсіретін қырын айтуға болады. Ол бірнеше жылдан бері үй ауласының алдында жүзімдік өсіреді. Жүзімнің «Черный мускат» деп аталатын тұқымын Өзбекстанның Әндіжан аймағында тұратын ұлты орыс досы әкеліп берген екен. Жүзімнің осы түрін тұқымынан (сабағынан) тамырлатып, көбейткенін айтады тәжірибелі бағбан.
Қазір қарияның ауласында өңір табиғатына жерсіндірілген жүзімнің бірнеше ағашы өсіп тұр. Ол жыл сайын жеміс береді әрі үйдің ауласына да ерекше сән береді. Әлбетте, жүзімдікке күтім жасау да оңай жұмыс емес. Жемістерін жинап алғаннан кейін жүзім ағаштарын жығып, оны топырақтың астына көміліп, су өтпейтін арнайы материалмен жабылуы қажет. Көктемде күннің көзі көрініп, жылына салысымен, жүзімнің сабақтарын топырақтан аршып алып, жоғарыға ілу қажет. Сонда ғана жүзімдіктің сабақтары өркен жайып, жақсы өседі. Жақсы өскеннен кейін тиісінше, мол өнім береді.
Қарияның өз қолымен еккен жүзімдігін көру үшін өткен аптада оның үйіне арнайы бардық. Жоғары өрмелеп, өркен жайып өскен жүзім ағаштары биыл жемісті де жақсы салыпты. Бұл – тәжірибелі бағбанның жүзімдікке тиісті күтім жасағанының нәтижесі. Бағбан биыл жүзімдік ағаштарын екі мәрте минералды тыңайтқышпен қоректендіргенін айтады.
-Жүзімдікке күтіп-баптау жұмыстары да бағбаннан тәжірибені және еңбекті қажет етеді. Барлық дүние қарап, күтім жасауға байланысты. Қарамаса ештеңе де өспейді, ағаш та жеміс бермейді. Құрт-құмырсқа ұя салып, жүзімдікке зиян келтірмес үшін оның тамырына арнайы препараттар себіледі. Тиісті дәрумендер кезең-кезеңімен беріліп отырмаса, жүзімдіктен мол өнім ала алмайтының анық,- дейді бағбан.
Бағбанның да жүзімдік баптаудағы өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Жүзімдіктің сабақтары мен жапырақтары «Медный купорос», «Топаз» аталатын препараттармен жиі-жиі өңделіп отырады. Жақсы жеміс салған жүзімдік қыркүйек айының алғашқы күндерінде толық пісе бастайды.
Әрине, еңбекқор бағбан үшін бұл да өзінше бір қуаныш. Оразалы қария жүзімнің жемісін сатпайтынын айтады. Балалары мен немерелерінен артылғанын туған-туыстарымен бөліседі. Біле білгенге бұл да жақсы өнеге.
Қарапайым тұрмыс кешіп, қарапайым еңбек салтын ұстанған Оразалы Күзембаев отбасында марқұм Бескемпір апай екеуі тәрбиелеген екі қыз, бір ұлдан 10 немере, 10 шөбере сүйген ұлағатты ата.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»