Basty bet

“Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті!”

аудандық мәдениет үйінде қоғам мүшелеріне пайдалы тағылымды кездесу өтті

Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен бала қауіпсіздігін қоғам болып қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында “Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті!” тақырыбында арнайы кездесу өтті. Оған құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, ауыл әкімдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, әкелер, аналар алқасының төрағалары, білім беру мекемелерінің басшылары мен мектеп директорларының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қамқоршылық кеңес мүшелері, ата-аналар комитетінің төрағалары және аудандық аурухананың “Сенім жастар денсаулық орталығының” әлеуметтік қызметкерлері қатысты.

Аудан әкімі Жалғас Мұртаза жиынның мақсатымен таныстырып, ауданда кәмелетке толмағандар арасында орын алған келеңсіз жағдайларға қысқаша тоқталып өтті.
-Бүгінгі жиында жазатайым оқиғаларға жол бермеу мақсатында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау мақсатында жиналып отырмыз.
Ауданда соңғы кезде балаларға қатысты жазатайым оқиғалар, оның ішінде, кәмелетке толмағандардың өліміне алып келетін оқиғалар көбеюде. Мәселен, соңғы бір апта көлемінде екі бала суға тұншығып қайтыс болса, бір аяқталған аутодеструктивті мінез-құлық дерегі орын алды,- дей келіп, аудан басшысы басқа да орын алған келеңсіз жағдайларды атап өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – тұрғын үй секторында өрттер мен жарақаттануды, улы газбен улану оқиғаларының алдын алу, шомылу маусымы басталуының алдында су айдындарында суға кету деректерінің алдын алу бойынша балалардың қауіпсіздігі туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мейірхан Әлімбековтің баяндамасы тыңдалды. Мейірхан Жартыбайұлы 2023-2024 жылдары орын алған өрт оқиғалары, төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатындағы бөлімнің жұмысы, шұңқырлар мен кәріз құдықтарының қауіптілігі туралы баяндады.

Баланың жаны – көбелектің қанатынан да нәзік дүние
“Бала психологиясы: эмоционалды және мінез-құлық мәселелері туралы” психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкая баяндама жасады. Гүлжан Ералықызы негізгі психологиялық мәселелерді өзінің тәжірибесімен байланыстыра отырып түсіндірді.
-Кәмелетке толмағандардың көптеген мәселелері олардың тек материалдық жағдайын қамтамасыз етумен емес, психологиялық күйлеріне байланысты болады. Яғни, орын алған қайғылы оқиғалардың кейбіреуі олардың психологиялық күйінің қалыпты болмауына байланысты болады. Сондықтан психология және бала психологиясы туралы білім барлығымызға қажет. Кез келген ата-ана өз баласының даму ерекшеліктерін, қауіп-қатерлерді, негізгі әлеуметтік қауіпті факторларды білуі қажет деп ойлаймын.
Балалардың бойындағы жиі кездесетін эмоционалды және мінез-құлық мәселелеріне тоқталып өтейін.
Жалпы психологияда негізгі мәселелерді үш түрге бөлеміз. Бірінші – эмоционалды мәселелер. Ол: депрессия, алаңдаушылық, түрлі паникалық шабуылдар, қорқыныш, үрей. Бұл тақырыптар бүкіл әлемде зерттеліп келген. Бұлардың себептері де, емдеу тәсілдері де барлығы анықталған. Біздің елде өкінішке орай, психологиялық білім енді ғана дамып келе жатыр.
Екіншісі – мінез-құлық мәселелері. Ол: қоғамға жат әрекеттер, қоғамға қарсы және өзіне қарсы әрекеттер. Олардың туындау себептері көп жағдайда эмоционалды мәселелердің негізінде туындайды.
Үшіншісі – стресстік бұзылыстар. Ол: өткір стресстік бұзылыстар, жарақаттан кейінгі және кешенді стресстік бұзылыстар. Яғни, өмірдегі қиын жағдайлар осындай бұзылыстарға алып келуі мүмкін.
Депрессия – кез келген адамның өмірінде орын алуы мүмкін күй. Ол бұзылыс ретінде сирек кездеседі. Депрессияның негізгі белгілері: ұйқысындағы, тәбетіндегі өзгерістер, адамдардан оқшаулануы, энергияның жоқтығы.
Депрессия – өткен шақпен байланысты, яғни өткен шақтағы жасаған қателіктері, өткен шақтағы қолдан жіберіп қойған мүмкіндіктері, өзіне-өзі көңілі толмаушылық, үмітсіздік.
Ал, алаңдаушылық ол болашақпен байланысты. Мәселен, ҰБТ кезінде бала болашағына өте жиі алаңдаушылық білдіреді. Яғни, алаңдаушылық ол сенімсіздікпен, белгісіздікпен байланысты.
Паникалық шабуылдар, ол, біздің ағзамыздың реакциясы. Қорқынышты жағдайдың қайталануынан қорыққанда адамның денесінде көптеген өзгерістер болады. Яғни, қан қысымы өзгеріп, жүрегі дүрсілдейді.
Мінез-құлық мәселелеріне келетін болсақ, менің тәжірибемде көп жағдайда баланың қажеттіліктері қанағаттанбаған кезде орын алады. Қажеттілік деген тек материалдық жағдай емес, эмоционалды қажеттіліктер. Бала тікелей ата-анаға маған назар аудар, маған жылулық қажет деп айта алмайды. Өзіміз де балаларымыздан “Сен не туралы ойлап жатырсың, сені не мазалайды?” деп сұрай бермейміз. Бала өзінің пікірін толық жеткізуге дағдыланбаған. Сондықтан жасөспірім болған кезде бойында бір жағдай туындаса, бөліспейді. Себебі, біз оған бала кезден үйретпегенбіз. Оның күйі, оның ойлары маңызды екенін оған ұғындыру үшін кішкентайынан оған тиісті сұрақтарды қойып, ойын айтқызып үйретуіміз керек. Бұл сұрақтар баланың ата-анаға деген сенімділігін артырады, өзінің, ойының, пікірінің, жай-күйінің ата-анасы үшін маңызды екенін сезіндіреді.
Стресстік бұзылыстар апаттар, түрлі шабуылдар, зорлық-зомбылық орын алған жағдайда болады. Әсіресе, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрген балаларда стресстен кейінгі жарақаттық бұзылыстар орын алады. Мұндай жағдайда баланың күйін қалпына келтіру үшін терапиялық, басқа да түрлі әдістермен ұзақ жұмыс жасау керек. Жалпы, баланың жанын қалпына келтіру оңай емес, өте қиын. Ал, бұзу өте оңай. Қысқасы, баланың жаны көбелектің қанатынан да нәзік дүние.
Депрессияның негізгі себептері – өзіне-өзі көңілі толмаушылық. Бұл сезім қайдан пайда болады? Мәселен, ата-ана баласына көңілі толатыны туралы қаншалықты көп айтады. Өкінішке қарай, тәрбиелеу мақсатында ата-ана баласына саған көңілім толмайды деп айтады. Алайда, бұл сөз баланың өзіне деген сенімділігін, бағасын төмендетеді.
Жалпы өткен шақтағы сәтсіздіктерін жиі ойлай беретін адам депрессияға тез түседі.
Көптеген адамдардың бойында өзіне деген көңілі толмау, өзіне сын айту әдеті сол бала кезден қалыптасқан.
Бала туылғанда оның жаны аппақ қағаздай таза болып туылады. Оны қалыптастыруда ата-ананың түсінігі, әдеттері әсер етеді. Көп ата-ана баланы қорқытып тәрбиелейді. Себебі, олар баланы басқаша тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін біле бермейді. Қорқытып тәрбиелеу баланың бойындағы еркіндігін, тыныштық сезімін жояды. Ал, өзін тыныштықта сезінбейтін бала үнемі алаңдап, қорқып, кез келген сәтте жамандықты күту сезімімен өседі.
Оны жою үшін ең алдымен баланың ойлау әдеттерін өзгерту керек. Ол үшін ата-ана бірінші өзінің ойлау әдеттерін өзгертуі тиіс. Кез келген адамның бойында пайдалы әдеттер бар. Бірақ, зиянды әдеттер де жеткілікті. Сондықтан балаларымызға психологиялық сау жағдай жасау үшін бойымыздағы кемшіліктерді анықтап, онымен жұмыс жасауымыз қажет.
Бала туылғанан кейін он жасқа дейін “Мен қандаймын?” деген сұраққа ата-анасының сөзімен жауап береді екен. Кішкентайынан оған айтылатын сөздер оның санасында жатталып, дамуына әсер етеді. Сол себептен “Сен жамансың, тартымсызсың, пайдасызсың, осалсың, қабілетсізсің, жалқаусың” деген сияқты жаман сөздерді айтпау керек. Әрқашан баламен қарым-қатынас жасаған кезде сіз ол туралы не ойлайсыз, бала да өзі туралы солай ойлайтын болады. Баланың мінез-құлқы ұнамай ма, оған “Сен жамансың!” деп айтпай, сенің мұның дұрыс емес деп, оның мінез-құлқының өзгеруінің себеп-салдарын анықтау керек. Баламен қарым-қатынаста, баланың тұлға болып дамуында ата-ананың мейірімі мен жан жылулығының орны мен рөлі зор,- деді Гүлжан Ералықызы.

Өмір – адам баласына Жаратушыдан берілген басты құндылық
Ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев өмір – адам баласына Жаратушыдан берілген басты құндылық екенін түсіндірді.
-Адам баласы Алла тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі керек.
Адам ғұмыры ізгілікке толы әрі ұзақ болғаны жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алаланың салауаты мен сәлемі болсын): “Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары” деген.
Пендеге Жаратушының тарапынан берілген ғұмырды уақыт мерзімі жеткенде Алла тағаланың өзі ғана алуға хақылы. Сол себептен асыл дініміз Исламда адамдардың бірін-бірі өлтіруі немесе өз-өзіне қол жұмсауы харам етілген істерден деп танылады. Тіпті, кейбір ислам ғұламалары өзін-өзі өлтіру – біреуді өлтіруден де ауыр қылмыс деп санайды. Қасиетті Құранның “Бақара” сүресінің 195-аятында “Өз қолдарыңмен өздеріңе қауіп төндірмеңдер” деп адам баласын өзінің өліміне әкелетін іс-әрекеттерден аулақ болуы керектігін айтқан.
Адам баласының дәрежесі өзге жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары әрі үстем. Сол себепті де, адам өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Алла Тағала қасиетті Құранның “Исра” сүресі, 70-аятында “Біз адам баласын ардақтадық…” деп айтып, адам баласының басқа жаратылыстардан әлдеқайда артық жаратылғандығын айтқан. Сондықтан әрбір жанның өмірі қымбат.
Өмір адамға берілген үлкен нығмет болғандықтан, ол нығмет жайында міндетті түрде сұрау болады. Алла тағала қасиетті Құранның “Тәкәсүр” сүресі, 8-аятында: “Ол күні берілген нығметтерден міндетті түрде сұраққа тартыласыңдар” деп айтқан.
Адамның өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себептерінің бірі – өмірлік қиыншылықтарға сабыр ете алмауынан туындауда. Ал, Жаратушыға иман келтірген жан бұл өмірдің уақытша берілген сынақ екендігін түсініп, өзіне берілген сан түрлі тағдыр тауқыметтеріне сабыр ету арқылы Алла тағала тарапынан зор сыйлыққа бөленетіндігін біледі. Яғни, өмір тек қиындықтан тұрмайды, жақсылығы мен сынағы қатар жүреді.
Мүмин адам жақсылық келген жағдайда шүкір етіп, қиындық келе қалса, оған сабыр ете білуі керек.
Ешкім басына сынақты сұрап алмайтындығы ақиқат. Алайда, қандайда бір пенденің басына сынақ келетін жағдай болса, Алла тағаладан жәрдемін сұрай отырып, тиісті дәрежеде сабыр ете білуі қажет. Алла тағала қасиетті Құранның “Әл Ғымран” сүресі, 139-аятында: “Кейімеңдер де қайғырмаңдар. Егер мүмин болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар” деп айтқан.
Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіндегі түрлі келеңсіздіктерді түзеу үшін біз ата-әже, ата-ана мектебінің жұмысын жандандыруымыз керек. Себебі, қазір байқасақ, мешітке келіп намаз оқып жүрген жастардың өзі үлкен ағаларға көргенсіздік көрсетіп, тілі тиіп жатқанын байқаймыз. Олар бұл тәрбиені отбасынан емес, көшеден алып отыр деп есептейміз. Сондықтан ата-ана, ата-әже мектебін қалыптастырып, оған елдің ішіндегі өнегелі ата-әжелерді, ағаларды, аналарды, сауатты психологтар мен дін мамандарын да тартып, жүйелі жұмыс жасау керек. Себебі, тарихымызға үңілсек, өзіндік орны бар тұлғаларға ата-әжелері, аналары, әкелері қандай тәлімді тәрбие берген? Кешегі Құнанбайды, Абайды, басқа да қаншама даналарымызды, би, шешендерімізді қалай тәрбиелеген? Қазақ – текті халық. Бала тәрбиесіне ешқашан бей-жай қарамаған. Сол себептен, бізге ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ. Барымызды, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиемізді жетілдіру керек. Онсыз болмайды, ұлттық тәрбиеден мүлдем қол үзсек, ұлт болудан қаламыз,- деді ауданның бас имамы Ғалымжан Қабылбекұлы.

“Мектеп, отбасы бірлігі – болашақ ұрпақ тірлігі”
Аталған тақырыпта аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыт Шертаева баяндама жасады.
-Жас ұрпақтың бойында ізгілікті тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің ықпалы ерекше. Бала отбасы, мектеп және өз ортасындағы құрдастары арқылы тәрбиеленеді. Баланың алдындағы міндетімізді жақсы атқара білсек, онда қадір-қасиетті түсіне білген баланың да сый-құрметпен қайтарымын берері нақты. Әрине, бұл оңай шаруа еместігі белгілі. Қанаты кең ашылған құстың барар жері де алыс болатынындай, баланың жан-жақты жетілуі, оның келешектен көп үміт күттіретіндігінің бір көрсеткіші.
Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мекемелерде (39 мектеп, 30 жалпы, 3 негізгі, 6 бастауыш) «Ата-аналарға педагогикалық қолдау» орталықтарын құру бойынша Жуалы ауданының білім бөлімінің 2023 жылдың 03 қазандағы №671 бұйрығы шықты.
«2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хатында мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылын нығайту, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарын құру биылғы оқу жылының негізгі ерекшеліктерінің бірі болып отыр. Ата-аналарға педагогикалық қолдау орталығының негізгі мақсаты: балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселесі бойынша мектептің ата-аналарымен қарым-қатынасын күшейту, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту,- дей келіп, Бақыт Рақымжанқызы орталықтың жұмысы жалпы мектептердегі ата-анамен, баламен жұмыс барысын айтып өтті.
-Ата-ана балаcының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және үйде бақылауға алып, қарау – ата-ананың басты міндеті.
Қорытындылай келе, «Бала туғанда ақ қағаздай болып туады» оның үстіне шимайды қалай салсаң қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты. Өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» деген екен. Бұдан шығатын түйін, бала тәрбиесіне ең алдымен оның ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етпек. Бала – ата-ананың ғана емес, ұлттың, елдің болашағы. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу – қоғамның ең өзекті мәселесі. Сондықтан да ата-аналар және ұстаздар болып жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруді назарда ұстағанымыз жөн,- деді Б.Шертаева.
Аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков аудандық төтенше жағдайлар бөліміне алдын алу шараларын орындау барысында істі соңына дейін жеткізу, нәтижеге жұмыс істеу керек, мектептерде баяндамашы психолог Гүлжан Ералықызы айтқандай, әр мектепте ата-аналармен жұмысты күшейту, мектептерде мұғалімдер қауымы сабақтың сапасына мән беруі керек, нақты айтқанда, сабақты өткізбеу деген жағдайлар орын алмауы қажет деген ұсынысын жеткізді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы дәл осындай тағылымды кездесулерді барлық ауылдық округте округ әкімдері мен мектеп басшыларының ұйытқы болуымен ата-аналарға методикалық көмек ретінде ұйымдастыруды тапсырды. Және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында өткен тесттердің нәтижесімен жұмыс істеуді міндеттеді.
Кездесуде сөйлеген ардагер бұрынғыдай оқушылар бригадасын құрып жұмыс істеу, яғни, мектеп оқушыларын еңбекке баулып тәрбиелеу әдісін қолға алу туралы ұсынысын жеткізді.
Тағылымды кездесуді аудан әкімі қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close