Basty bet
Отбасы құндылықтары – қоғамның мықты тірегі
Жуалы ауданы әкімдігінің Отбасын қолдау орталығы ағымдағы жылдың бес айында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Орталықтың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және қиын жағдайға душар болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету.
Есепті кезеңде орталыққа 85 азамат жүгініп, оларға барлығы 138 түрлі қызмет көрсетілді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері анықталған отбасылармен де тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін жеті отбасы және олардағы 23 бала уақытша орналастырылып, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдаумен қамтылған болатын. Оларға жатын орын беріліп, ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Одан бөлек орталықта бірнеше көмек түрлері көрсетіледі. Мәселен, психологиялық қызмет көрсету бағытында 38 азаматқа көмек көрсетілді. Оның ішінде 11 жағдайда татуластыру жұмыстары жүргізіліп, 15 азаматқа психоэмоционалдық күйзеліс мәселелері бойынша кеңес берілді. Сондай-ақ 12 азаматпен психотүзету жұмыстары ұйымдастырылды.
Отбасылық жанжалдардың алдын алу, өзара түсіністікті нығайту және азаматтардың психологиялық тұрақтылығын қалыптастыру мақсатында мамандар тарапынан жеке және топтық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Ал, құқықтық мәселелер бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз еркімен жүгінген 37 азаматқа заңгерлік көмек көрсетілді. Атап айтқанда, банкроттық мәселелері бойынша 10 азаматқа, құжаттарды рәсімдеу бойынша төрт азаматқа, алимент өндіру мәселесі бойынша жеті азаматқа кеңес берілді.
Сонымен қатар есепшоттарға қойылған тыйымдар мен айыппұлдар, жер, тұрғын үй және мүліктік құқықтар, тегін дәрі-дәрмек алу, медициналық ұйымдарға жатқызу мәселелері бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 11 азаматқа өзге де құқықтық мәселелер бойынша кеңестер ұсынылды.
Әлеуметтік қолдау шаралары бойынша 63 қызмет алушыға көмек көрсетілді. Оның ішінде 14 азаматтың құжаттары қалпына келтіріліп, екі азаматқа мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға жәрдем берілді. Қайырымдылық көмектері ұйымдастырылып, 10 азамат жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ азаматтарға медициналық көмек алу, уақытша тіркеуге тұру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу, тұрғын үй кезегіне тіркелу, жалдамалы баспанамен қамтамасыз етілу және мемлекеттен берілетін біржолғы ақшалай көмек алу мәселелері бойынша қолдау көрсетілді.
Ал, сигналдар бойынша әлеуметтік сүйемелдеу жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Есепті кезеңде түрлі мекемелерден барлығы 77 сигнал келіп түсті. Оның ішінде 25 жағдайды орталық мамандары анықтаса, 21 сигнал аудандық полиция бөлімінен, тоғыз сигнал пробация қызметінен, сегіз сигнал әлеуметтік қорғау мекемелерінен, жеті сигнал жергілікті атқарушы органдардан, алты сигнал білім бөлімінен және бір сигнал денсаулық сақтау саласынан түскен.
Барлық сигналдар бойынша жеке жұмыс жоспарлары әзірленіп, әлеуметтік сүйемелдеу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 75 жағдай толық аяқталып, қалған екі жағдай бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жалпы көрсетілген қызметтердің ішінде 63 әлеуметтік, 38 психологиялық және 37 құқықтық қызмет көрсетілген.
Біздің орталықта балалардың құқықтарын қорғау – басты назарда. Орталыққа кәмелетке толмаған балаларға қатысты 10 сигнал келіп түсті. Оның ішінде төрт сигнал білім бөлімінен, үш сигнал полиция бөлімінен, екі сигнал әлеуметтік сала мекемелерінен түссе, бір жағдайды орталық мамандары анықтаған.
Аталған балалардың отбасыларына әлеуметтік зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік карталары толтырылды және медициналық-әлеуметтік есепке алу шаралары жүзеге асырылды. Сонымен қатар ата-аналары мен заңды өкілдеріне психологиялық және құқықтық қолдау көрсетілді. Одан бөлек, 11 отбасы ажырасудан сақталды
Отбасылық құндылықтарды дәріптеу және ажырасудың алдын алу мақсатында арнайы жұмыстар ұйымдастырылды. Есепті кезеңде ажырасуға өтініш берген отбасыларға қатысты 9 сигнал қаралып, қосымша екі отбасы өз еркімен көмек сұрап жүгінген.
Түсіндіру және татуластыру шаралары Отбасын қолдау орталығында және аудандық сот базасында өткізілді. Нәтижесінде 11 отбасы татуласып, отбасын сақтап қалуға мүмкіндік алды.
Орталығымызда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – маңызды міндет.
Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері анықталған 7 әйел есепке алынды. Оның ішінде 2 әйел мен олардың 4 баласы уақытша орталыққа орналастырылып, қауіпсіз жағдай жасалды. Олар жатын орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек алды.
Сонымен қатар 2 әйел толық медициналық тексеруден өтіп, қажетті ем қабылдады. Қалған 5 әйелге де әлеуметтік қолдау көрсетіліп, психологиялық және құқықтық кеңестер берілді.
Қазіргі таңда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Тұрғындар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда:– мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру бағытында 17 іс-шара өткізіліп, оған 570 адам қатысты;
– тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша 12 оқыту, түсіндіру және рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 423 адам қамтылды;
– әдістемелік және ақпараттық-ағартушылық бағыттағы 4 іс-шараға 130 адам қатысты.
Біздің орталықта атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстың барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалуда. Жалпы алғанда, отбасын қолдау орталығы тұрғындарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетуді жүйелі түрде жалғастырып келеді. Орталық мамандары өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасылардың мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетіп, отбасы институтын нығайтуға, қоғамдағы тұрақтылық пен әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға өз үлестерін қосуда.
Алдағы уақытта да орталық тарапынан халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.
Аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесі