Basty bet

“Үрзада апа” мешіті жамағатқа есігін айқара ашты

Өткен аптаның қасиетті жұма күні Рысбек батыр ауылындағы жаңадан бой көтерген “Үрзада апа” мешітінің ашылуы салтанаты өтті. Мешіттің ашылуына ауылдан түлеп ұшқан жан-жақта түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар жиналды.

Ауылдың үлкен-кішісі де түгелімен осында. Ер азаматтар игі істің басы-қасында. Әжелер шашуын дайындап келсе, жас келіндер дастарқан жайып, қызмет етіп жүр.
Заман талабына сай зәулім мешіт, жанында бөлек ғимаратта әлеуметтік дүкен, хатымхана, дәрет алатын орнымен бірге соғылыпты. Мешіт көгілдір отынмен жылытылады екен.
Мешіт құрылысы өткен жылдың күзінде басталған. Көктем шыға салысымен әрі қарай жалғасын тауып, бүгінгі күнге аяқталып отыр.
Мешіт құрылысының жалпы құны шамамен 40,0 млн. теңгені құраса, оның 18,0 млн. теңгесі «Дүниежүзілік жастар ассамблеясы” қайырымдылық қорынан қаржыландырылған, қалған 12,0 млн. теңгесі ауылдан шыққан азаматтар мен ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен іске асты.
Ауыл имамы Кенже Мешеловтың айтуынша, негізгі демеуші ауыл тумасы Расылхан Бейсеқұлов деген азамат екен. Сонымен бірге ауылдан түлеп ұшқан сырттағы азаматтар мен ауылда тұрып жатқан барша азаматтар үлес қосқан. Мешіт құрылысын жалдамалы жұмысшылар жүргізген. Алайда ауыл тұрғындары да “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” игі істің сәтті аяқталуына көп еңбек етті.
Мешіттің ашылу салтанаты Свамбаев Шырынәлі ақсақалдың ақ батасымен ашылды. Аудандық орталық мешіттің найб имамы Алмас мырза құран оқыды.
Кезек мешіттің құрылысына үлес қосқан азаматтар мен қонақтарға берілді. Алдымен «Дүниежүзілік жастар ассамблеясы” қайырымдылық қорының өкілі Эрнес Ирапов ауылдықтарды мешіттің ашылуымен құтықтап, ауыл мешітінің ақжолтай, елді ынтымаққа, бірлікке, имандылыққа, жақсылыққа шақырған құтты шаңырақ болуына тілектестігін білдірді.
Әрі қарай аудандық мәслихаттың депутаты Сыбанбай Аринов, Боралдай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов, ауыл азаматтары Бақыт Қалышбаев, Мыңбай Тәжібаев, Жақсылық Тілешов, Мейірбек Пралиев, Қазыбек Бейсеқұлов, Қуаныш Мешелов, Ғалым Қожамқұлов және тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, мешіттің салынуына үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Мешітке және демеуші болған азаматтарға сый-сияпаттар тапсырылды.
Сонымен бірге аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрбақыт Балтабаев мешіттің негізгі демеушісі болған ауылдың тумасы Расылхан Бейсеқұловқа аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Алғысхатын тапсырды. Ауылдық округ әкімі Бауыржан Абделиев мешіттің құрылысына үлес қосқан ауыл азаматтарын Алғысхатпен марапаттады.
Мешіттің лентасын “Жуалы” мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков пен ауыл ақсақалы Шырынәлі Свамбаев қиып, тәттіден шашу шашылды.
Жиналған жамағат мешітке кіріп, жұма намаз оқыды.
Артынан жиналған көпшілікке Құдайы тамақ берілді.
Ашылу салтанатында көптеген игі тілектер айтылды. Қасиетті жұма күні халықтың тілегі қабыл болып, жаңа мешіт имандылықтың темір қазығына айналсын!
Ізгі ниеттер бір арнаға тоғысқанда өмірдің өзі құлпырып, іске береке дариды. Ауылдықтардың ауызбіршілігі артып, Алла істеріне береке беріп, елдің ырысы арта берсін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close