Basty bet
«Жау жоқ деме, жар астында…»
буллинг және кибербуллингтен оқушылардың өмірін сақтау маңызды
Кеше аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова аудан орталығындағы бірқатар мектептерде болып, онда оқушылармен еркін форматта кездесулер өткізді. Ондағы мақсат – мектеп жасындағы жасөспірімдерді қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған буллинг және кибербуллингтен сақтануға шақыру, жалпы әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттардан аулақ болуға шақыру.
Жалпы буллинг пен кибербуллинг дегенге түсінік беретін болсақ, бұл ұғым көбінесе адам құқығының өрескел бұзылуымен байланысты айтылады. Сонымен қоса бір адамның немесе адамдар тобының екінші адамға қасақана және үнемі зиян келтіруі де осыған байланысты. Бұл әрекеттер кейінгі кезде жасөспірімдер арасында да көрініс беруде. Бұл – қоғамға өте қауіпті құбылыс.
Ал киберқауіпсіздік дегенге келсек, бұл желі, әлеуметтік желілері, онлайн ойындары және жедел хабарлама қосымшалары арқылы адамды қорқыту немесе жасырын түрде қорқыныш ұялату.
Алғашқы бейресми кездесу жиыны №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда өтіп, оған жоғары сыныптың оқушылары және педагог-психологтармен қатар сынып жетекшілері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова ашып, ол өз сөзінде, жастардың арасында, оның ішінде, мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында орын алып отырған бірқатар мәселелерге алаңдайтынын жеткізді.
-Мен бұған дейін мектепте ұзақ жыл балалармен жұмыс істедім. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін 10 жылдай атқарғаным бар. Бұрын бұл тақырып аса өзекті болмағанымен, өкінішке орай, соңғы жылдары маңызды мәселелердің бірін айналып отыр. Енді бұл жағдай тіпті бүкіл қоғамды алаңдатып отыр деуге болады. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы қатыгездік, өкінішке орай, оның ішінде қыздар да бар. Олардың бір-бірлесімен жаға жыртысып, төбелескен және бейауыз сөздер айтқан видеолары әлеуметтік желілерде таратылуда. Біз ел боламын, болашағы жарқын халық боламын десек, жасөспірімдер арасындағы мұндай өрескел оқиғаларға жол бермеуіміз қажет.
Қайбір жылдары әлеуметтік желілерде «Көк кит», «Менің тыныш үйім» тағы басқа шетелдік ойындар бой көрсетіп, қоғамды алаңдатқаны бар. Қазір олардың жұмысына тыйым салынғанымен, балаларды қорқытып, үркітудің және оларды қауіпті әрекеттерге итермелеудің басқа да түрлері ойлап табылуда. Бұл, әрине, халыққа қарсы, мемлекетке қастандық ойлайтын ұйымдардың ісі.
Оған мысал ретінде айтайын, әлеуметтік желіде тіркелген жасөспірім қыздың бойына әбден қорқыныш ұялатып, оны адам санасына сыймайтын іске итермелеген оқиғаның бірі облысымыздың Меркі ауданында орын алған болатын. Ұлы сөзде ұят жоқ. Ұят болса да айтайын, өмірге енді ғана қадам басқан жасөспірім қызды қорқытқан «әлгілер» оны соңында өзінің туған әпкесінің әурет жерін (жыныстық мүшесін) суретке түсіруге дейін апарған. Бұл оқиғаның орын алуына интернеттің ар жағындағы отырған алаяқтардың қатысы бар екені айдан анық. Сондықтан біз әңгіме етіп отырған осындай буллинг және кибербуллингтен аса сақ болуымыз қажет.
Адам баласына мына өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан мұндай жағдайда орынсыз үйрейге бой алдырып, қорқудың еш қажеті жоқ. Мұның барлығы жалған нәрсе. Мұндайда ең бірінші ата-аналарыңа және өздерңнен жасы үлкен бауырларыңа, мектептегі ұстаздарыңа хабарлауларың қажет. Сонда ғана қауіптің бетін қайтаруға болады.
Осы мәселелерге қосымша ретінде айтар болсам, әсіресе, мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік, үлкеннің кішіге немесе күштінің әлсізге күш көрсету арқылы оның бағалы затын, ақшасын, тағысын тағы заңсыз иелену де осыған қатысты. Оқушыларға айтарым, мұндайдан аулақ болуларың қажет. Сіздердің міндеттеріңіз – мемлекеттің мүмкіндігін пайдалана отырып білім алу. Білім алған азамат болашақта өз еліне пайда әкелетінін терең түсініңіздер. Жақсы оқып, тәртіпті болуларыңызға шын жүректен тілектеспін,- деді Анар Ахметова.
Екінші кезекте аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы Нұрлан Базарбеков оқушылардың құқықтық міндеттері туралы айта келіп, интернет пен әлеуметтік желінің зардаптары туралы айта келіп, онда жасалатын қылмыстарды ауыздықтау мемлекеттің бақылауында екенін жеткізді.
Айта кету керек, кездесу барысында оқушылармен еркін форматта пікір алмасылды. Онда 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, оларды жұмысқа тартудың заңға қайшы екені, оқушылар арасындағы әлімжеттікке жол берілмейтіні, жасөспірімдердің өзін өзі жетілдіруге көп күш салу қажеттігі туралы пайдалы ақпараттар айтылды.
Мұндай бейресми кездесулер ауданның орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда және №15 Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейде де өткізіліп, онда жоғары сыныптардың оқушыларына тақырып төңірегінде пайдалы ақпараттар ұсынылды.
Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу деген мәселеге қайта оралатын болсақ, қазіргі таңда ақпараттың өте көптігі, гаджеттердің де артуы, сонымен қатар ата-аналардың да бейқамдығы интернеттегі буллинг пен кибербуллингтің артуына алып келеді.
Болашақты ойласақ, ең бірінші осыдан сақ болуымыз қажет!