Basty bet
“Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз”
Биыл Төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдраимов азаматтық қорғау қызметінің қыр-сырын, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында атқарылып жатқан жұмыстары туралы редакцияға сұхбат берген болатын.
– Кеңесбек Өмірбекұлы, кәсіби мерекелеріңіз – Құтқарушылар күні құтты болсын!
– Төтенше жағдай қызметінде еңбек етіп жүрген өрт сөндіруші мен құтқарушының күнделікті өмірі ерлік іспен көмкеріліп, батырлықпен өріледі. Олар – от пен судан, айтып келмейтін апаттан зардап шегушіні құтқаратын жандар.
– Иә, дұрыс айтасыз. Құтқарушы мамандығы – өте қиын әрі қауіпті. Сонымен қатар, құтқарушылар күнделікті дабыл бойынша отпен күресіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып, оларды жою шараларын атқарады. Бұл күресте құтқарушы жұмысының қауіптілігі сонша, әрбір басқан қадамы соңғы қадам болуы мүмкін. Олар үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау – ең алғашқы міндеттер болып табылады.
«Апат айтып келмейді». Құтқарушының басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, білім мен білік және мол тәжірибе керек.
Құтқарушылар азаматтық қорғаныстың негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс істеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, оны сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құрылымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқын біледі.
– Бөлімде және бөлімге қарасты мекемелерде қанша қызметкер жұмыс атқарады?
– Бөлімде бес қызметкер қызмет атқарады. Төтенше жағдайлар бөлімінің жедел қарамағына №7 Өрт сөндіру бөлімі және №14 Өрт сөндіру бекетінің құрылымы кіреді. Ал, оларда барлығы 43 құтқарушы еңбек етуде.
– Айтып келмейтін апатқа төтеп беру үшін қандай алдын алу шаралары жүргізілуде?
– Аудандағы жағдайды қадағалау, бақылау, ТЖ пайда болуына әкеп соғуы мүмкін аварияны, зілзала мен апатты болжау және олардың қаупі туралы хабарлау жұмыстары және төтенше жағдай саласындағы білімді насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, қорғану шаралары жүргізілуде.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожол учаскесі «Шақпақ» асуында «Қыс-2025» РКШОЖ шеңберінде Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуды азаматтық қорғаудың аумақтық құралымдарымен бірлесе әрекет ету бойынша тактикалық арнайы оқу-жаттығулар өтуде.
–Алдағы қыстың қытымыр мінезіне дайынбыз ба?
– Иә, дайынбыз. Себебі, біздің қызметкерлер бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқ. Олардың артында жүздеген қар құрсауынан құтқару жұмыстарына шығулар және мыңнан астам құтқарылған өмір бар. Олардың кәсіби шыдамдылығы, керемет физикалық формасы және моральдық дайындықтары үлкен рөл атқарады.
Сонымен қатар, құтқару жұмыстарына дайындық бойынша жүйелі түрде арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өткізіліп, құтқарушылардың біліктілігі шыңдалып тұрады.
– Жалпы өрттен құтқару қызметінде жұмыс істеу үшін өрт сөндіруші-құтқарушының бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Өрт сөндіруші мамандығында кездейсоқ адамдарды табу өте қиын. Бұл – жай ғана жұмыс емес. Бұл – нағыз «Өрт сөндіру достығы», сондай-ақ үлкен жанұя. Құтқарушылар – нағыз қаһармандар, кез келген жағдайда адам өмірін құтқаруға дайын жандар. Олардың қызметі оңай емес, сондықтан құтқарушының бойында батылдық, өжеттілік сияқты қасиеттер болуы тиіс. Бұл мамандық – өзгенің өмірін ажалдан арашалау үшін кейде өзінің өмірін де құрбан ететін мамандық.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»