Basty bet
Жаңа жылда сүйіншілеп жеткізер жаңалығымыз көп болсын!
Құрметті оқырман!
Жаңа жыл Қоян жылы құтты болсын! Қоян ең бейбіт, мейірімді жануарлардың бірі. Әр жыл иесінің мінез ерекшеліктері жылдың жалпы атмосферасына әсер етеді дейді. Қоянның мінез ерекшелігі – мейірімділік, нәзіктік, талғампаздық пен сенімділік, ашықтық пен қырағылық. Олай болса, Қоян жылы елімізге осындай жақсы қасиеттерімен жақсылық, қуаныш, мол табыс алып келсін! Берекелі жыл болсын! Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын!
Қоян жылы Қожа Ахмет Ясауидың туғанына – 930 жыл, Сұлтан Бейбарыстың туғанына – 800 жыл, Төле бидің туғанына – 360 жыл, Бұқар жыраудың туғанына – 330 жыл, Абылай ханның туғанына – 310 жыл, Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл, Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл, Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл, тағы да басқа тұлғалардың мерейтойлары.
Сонымен бірге “Қазақ” газетінің алғашқы нөмері жарық көргеніне 130 жыл толады. “Қазақ” қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени газетінің алғашқы редакторлары – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы. Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды материалдар жарық көрген.
ХХ ғасырда газет-журналдарды құшақтап жүріп оқитын оқырмандар көп еді. Халықтың жағдайы қазіргіге қарағанда едәуір төмен. Ауылда бірлі-жарым ғана көлік бар. Бас-басымыға киім жоқ, бір үйдің балалары біріміздің киімімізді біріміз кезектесіп киеміз. Бірақ, халықтың рухани дүниеге деген ішкі сұранысы жоғары еді. Сондықтан да болар әр үйге газет-журнал бума-бума болып келетін. Халықтың рухани деңгейі биік, бір-біріне мейірімді, ықыласы ерекше еді. Ал, соңғы жылдары материалдық дүние алға шықты. Ішімдікке, темекіге, сән-салонына, сауық-сайранға, кафеге еш қиналмай қаржы жұмсайтын кей адамдар газет-журналға жазылуға келгенде қиналады. Себебі, ой-өрісі сондай, кейбір азаматтар басылымды қажетсіз деп санайды.
Қарапайым халықты былай қойғанда, басшылық қызметтегі көптеген адамдар газет-журнал оқымайды. Бәрін білемін, керектімді қолымдағы телефоннан аламын деп ойлайды. Телефон мен газет-журналдағы ақпараттың, құнды дүниелердің айырмашылығы жер мен көктей.
Жақында “Егемен Қазақстан” газетінде “Ұлт тағдырымен ойнаған ұлт оңбайды” деген тақырыпта қазақ журналистикасының қара нары, бас басылымның ардагері Сүлеймен Мәмет пен журналист Рауан Қайдардың сұхбаты жарық көрді. Журналист ардагер әріптесіне ең бірінші “Журналистика машақаты мен марапаты қатар жүретін салмақты сала. Өзіңіз де осы мамандыққа жарты ғасырға жуық ғұмырыңызды арнадыңыз? Не таптыңыз? Не жоғалттыңыз?” деген сұрақ қояды. Ардагер журналист “Не жоғалттыңыз?” деген сұраққа “Жоғалтқаным, жазғанымды былайғы халық оқиды да, тиісті мекемелер сөзімді ұқпады ма, үнсіз қалып отырды. Неге зарлай бересің дегендер де табылды. Мазамды кетірген ұлттың, ұрпақтың ертеңі жайлы болатын. Айтып жүріп, зарлап жүріп, зейнетке шықтық” дейді.
Иә, ондайлар барлық жерде бар. Ол адамның өз жұмысының, елдің алдындағы жауапкершілігіне, білімі мен ой-өрісіне байланысты.
Редакцияға кейде өз басының қамын күйттеген азаматтар да келеді. Біреумен өзара бас араздықтарын газетке беріп, масқаралағысы келеді. Пасық ойлы, қарабастың қамын ойлаған азаматтарға Алла сана берсін!
Газеттің мақсат-міндеті – біреуді біреудің алдына жығып беру, газет бетіне шығарып, масқаралау емес, ең бірінші елдің ауызбіршілігі мен болашағы. Елдік пен теңдік бірінші кезекте. Елдік мұрат жолындағы мәселелер, ұлттық құндылықтар мен жас ұрпақ тәрбиесі басты назарда.
Әрбір ұжым жаңа жылға жаңа жоспар жасайды. Біздің шығармашылық ұжым жаңа жылға “Аграрлы аймақ”, “Ауылдағы ағайын”, “Еңбек адамы – ел мақтаны”, “Мамандығым – мақтанышым” атты жаңа айдарлар ашуды жоспарлап отыр. Бұл айдарлар арқылы аудандағы ауылшаруашылығы саласындағы игі бастамалар, ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігі, әр саладағы еңбек адамдары, өз ісінің нағыз шеберлері туралы тағылымды мақалалар жарияланатын болады. Әрине, дәстүрлі айдарлар, арнаулы беттер де өз жалғасын табады.
Газет кімге керек? Газет рухы тоқ, көкірек көзі ояу, ұрпағының келешегін ойлайтын, ойлы жанға керек. Ал, ақпаратты талғамсыз қабылдайтын, дүрмек біткенге дүрбі салып, есек ақырса, қоса ақырып, ит ұлыса, бірге ұлып жүретін, жүрген жерінде сауыққа себеп іздейтін жанға гезет-журналыңның құны көк тиын.
2023 жылға жазылған ойлы оқырмандарымызға, газетіміздің таралымының көбеюіне өз үлестерін қосқан аудан басшыларына, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына, ауылдағы ардагерлер мен жекелеген азаматтарға осы сәтті пайдаланып, шексіз алғысымызды білдіреміз! Газетке демеушілік жасап, қолынан келгенінше бірнеше жанға жазып берген азаматтар да ортамызда бар. Соның ішінде, жыл сайын төл басылымына демеушілік жасап жүретін Көлтоған ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Әлия Жақсыбекова мен жұбайы, Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Мақсатбек Байболовқа ерекше алғысымызды білдіреміз! Лайым газетіміздің осындай жанашыр оқырмандары көп болсын!
Басылымның мазмұнының баюына зиялы қауым, ойлы оқырман да өз үлестерін қосса, нұр үстіне нұр! Байқағанымыз, біздің жуалылықтардың талғамы жоғары. Газет бетінен құнды дүниелерді көбірек оқығылары келеді. Оқырмандардың белсенділігі бізге де қанат бітіреді.
Жаңа жылымыз тағы да құтты болсын! Жаңа жылда халыққа сүйіншілеп жеткізер жаңалығымыз көп болсын!