Basty bet

Билік пен бұқараның арасын жалғаған алтын көпір

Аудан басшысы жергілікті БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесі. Осыған орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңір баспасөзінің қара шаңырағы саналатын Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, қызметкерлерге құрмет көрсетті. Мерекелік жиынға ұжым мүшелерімен қатар, сала ардагерлері де шақырылды.

-Құрметті журналистер және аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті редакциясының қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті» деп атап өткендей, Сіздер ел болашағы үшін қалам тартып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып келесіздер.
Сіздерге саладағы қажырлы еңбектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Мемлекет пен қоғамның ортасында алтын көпір болып, төртінші билік атанған ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – бір ғана шығармашылық ұжымға бөлінген көңіл емес, мұны тұстастай алғанда, қазақ баспасөзіне жасалған құрмет пен қолдау деп түсінген дұрыс. Сондықтан, жазарларыңыз көбейсін. Мереке құтты болсын. Ұжымға өрлеу мен шығармашылық табыс тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Мерекелік басқосу барысында арнайы сөз алған аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің директоры Мұрат Жорабекұлы және аталған басылымның Бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Перизат Шымыртайқызы ұжымның материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуіне тоқталса, сонымен қатар, шығармашылық әлеуетті арттыру бағытындағы ізденістер туралы да кеңінен айтып, басылымға тұрақты көмек-қолдау жасап отырған аудан басшылығына ұжымның атынан алғыс білдірді.
Келесі кезекте кәсіби мерекенің иелерін аудандық мәслихат аппаратының басшысы Шынаркүл Әбдікерімова, сонымен қатар сала ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Мейірбек Мәтен, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев құттықтап, қалам ұстаған қауымға ізгі тілектерін жеткізді.
Кәсіби мерекеге орай аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы бірқатар қызметкерлерге марапат тапсырды. Атап айтқанда, мерекелік жиында Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Перизат Шымыртайқызы Жамбыл облысының Құрмет грамотасына және Бас редактордың орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржан Манасұлы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Ал жас маман, газеттің дизайнері Асылхан Ескенеев аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Ал аудандық мәслихат аппаратының басшысы Шынаркүл Әбдікерімова газеттің фототілшісі, бірқатар шығармашылық байқаулардың жүлдегері Сәбит Күзембаевты аудандық мәслихаттың Алғысхатымен марапаттады.
Сондай-ақ 28 маусымдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай Бас редактордың орынбасары Нұржан Дербісалиевке Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Абуев соттың Құрмет грамотасын арнайы табыс етті.
Қазақ баспасөзінің сардары, көрнекті публицист Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда: «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Шерағаңнан қалған осынау бір ауыз сөз қалам ұстаған қауымның және халықтың арасында кең таралып, қанатты сөзге айналып кеткенін барлығымыз жақсы білеміз.
Барша әріптестерге және ақпарат майданында қаламын қару етіп ұстаған жорналшыларға шығармашылық табыстармен қатар, амандық тілейміз! Мереке құтты болсын, қадірлі қаламдастар!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close