Basty bet
Еңбегі ерен азамат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» – деді.
«Адамды адам еткен, еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі кезде еңбек адамы деп кімді бағалайтынымыз туралы ортақ пікірге келуге тиіспіз. Табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеуге болады. Күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын жандарға деген құрмет те ерекше. Ол – диқан бола ма, ол – жазушы бола ма, ол – малшы бола ма, бәрібір.
Ерте көктемнен қара күзге дейін, еңбек майданының бел ортасында жүретін еңбек адамының еңбегі ерен. Қажырлы еңбегімен ел алқауына бөленіп, аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Асқар Дүрәлиев. Ол 1965 жылы Орақбалға ауылында көпбалалы, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан техниканың тілін меңгерген ол оқуын тамамдап, мамандық алғаннан кейін туған ауылына табан тіреп, еңбекке ерте араласады.
Еңбек жолын шаруашылықта механизатор болып бастаған Асқар Дүрәлиев «Нұрлан» шаруа қожалығының негізін қалаушы. Қожалықта ағайындылар болып біріге еңбек етеді. Дала төсінде шөп шабу, жер жырту, мал азығын тасу, егін жинау сынды жұмыстардың барлығында Асқар Жайлауұлының күндіз-түні төккен маңдай тері бар. Әкесінің «Балам, қандай жұмыс істесең де, шын ынтаңмен істе, ешқашан жалқауланба, себебі ол сенің жейтін наның» деген өсиет сөзін бойтұмар еткен ол жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды.
– Біз кішкентайымыздан еңбекқор кісілерді көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе, одан еш қажымайтын. Әкелеріміз ертелі-кеш колхоз, совхоздың тракторын айдап, малын бағып келетін де, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететін. Ал анамыз колхозда сауыншы болып еңбек етті. Бала кезден жеңіл көлікке қарағанда, үлкен техникаларға қызығушылығым көп ауды. Аз-кем техникалық ақаулықтарын өзім жөндей беремін. Ұлдарым да мен сияқты техникаға әуес. Әсіресе, егіз ұлдарым жер жыртудан бастап егістікке дейін жанымда жүретін көмекшілерім.
Ал шаруа қожалығыма келетін болсақ, 57 гектар жерімнің барлығы егістік алқабы. Оған картоп, арпа, бидай және жоңышқа егіп, алынған өнімді мал азығына жаратамыз. Нақты айтқанда, мал азығын толығымен өзіміз дайындаймыз. Нәтижесінде мал қыстан қоңды шығады. Құдай бұйыртқан денсаулықтың арқасында қасиетті қара жерден нәпақамды алып жүрмін. Менің өмірлік мұратым – өзімнің адал еңбегіммен жанұямды бағып, саналы ұрпақ өсіру. – дейді Асқар Жайлауұлы.
Асқар Дүрәлиев отбасында жұбайы Ләззат Егенбердиева екеуі үш ұл, бір қызды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Қыздары Жансая Астана қаласының орталық ауруханасында медбике болып қызмет атқарса, үлкен ұлы Досбол электрик, ал егіз ұлдары Айдос пен Жандос механизатор.
Еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда ел мақтанышына айнала бермек.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»