Basty bet

Татулық пен бірлік – басты мұрат

Елімізде татулық пен бірлік – басты мұрат. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Отанның тұтастығы мен ынтымағын, тыныштығын, өзара достығын ойлап, ізгілікке шақыруы ләзім. Осы бағытты түсінетін, мемлекетімізді құрметтейтін өзге ұлт өкілдері де ортамызда аз емес. Солардың бірі – көлбастаулық, ұлты әзербайжан Судаба Металимова.
Судаба Тагирқызы – қазақшаға судай. Олай болатын жөні де бар. Шыр етіп өмірге келгеннен бастап жергілікті ұлттың ортасында бірге өсіп келе жатыр. Айналасындағы достарының бәрі де қазақ ұлтының өкілдері болып, қазақ тілін бүлдіршін кезінен жақсы меңгерді.
Әкесі – Тагир мен анасы – Гүлшанның да айналасындағы араласатын ортасы, достарының бәрі – қазақтар. Судаба Көлбастау ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті 2004 жылы бітіріп, Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне информатика бағыты мамандығы бойынша түседі. Кейіннен Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлі – педагогикалық халықтар достығы университетін информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бұл – 2018 жыл болатын.
Еңбек жолын Б.Момышұлы ауылындағы, қазір Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімі берілген №1 мектеп-гимназияда программист болып бастады. Кейіннен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде этномәдени орталықтармен жұмысты үйлестіруші инспектор болып еңбек етті. Міне, осы кезде ол ұлттар достығына, ұлт өкілдері арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.
Осынау тынымсыз еңбегі бағаланбай да қалған жоқ. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы және аудан әкімі тарапынан және қоғамдық ұйымдардан Құрмет грамота, дипломдар алып, құрметке бөленді. Аталған орталықтың дін істері және ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі болып жоғарылауы да осы сөзімізге дәлел болса керек.
Ол қазіргі таңда «Жуалының жалынды жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Яғни, өзінің ұйымы арқылы да жуалылық жастардың белсенді қозғалысына әсер етіп жүр. Өзінің тынымсыз талпынысына сүйеніп, жастарды түрлі жобаларымен қызықтырып, ізгі істерге жұмылдыруда.
«Судабаның қолынан іс келеді. Ұйымдастыру жұмыстарына белсенді. Оның қасында жүрген кісі қарап жүре алмайды. Көптеген жақсы істерге ұмтылады» дейді жуалылық жас Гүлназ Мақұлбекова.
Оның қазақ тілінде жақсы сөйлеуі көп жерде көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Өзге ұлт өкілдері арасында түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, өз өнерін көрсетіп келеді.
Көлбастау ауылында тұратын әкесі Тагир кәсіпкерлікті жолға қойған кісі. Қазір зейнетте. Анасы Гүлшан бес баланың тәрбиесімен үй шаруасында. Олар да көрші қазақ отбасыларымен тату ғұмыр кешуде. Көрші-қолаңның бәрі Тагирдің отбасын ештеңеден қалдырмай, тіпті, құдалық, соғымбасы, тәтті шайларға да шақырып тұрады.
Судаба 2013 жылы тұрмысқа шыққан. Баласы Әміралы 3 сыныпта оқиды.
«Қазақстанда туылдым. Менің Отаным – Қазақстан. Мемлекетімнің дамуы мен бірлігі, ынтымағы жолында барлық жауапкершілікті атқаруға дайынмын»,- дейді Судаба.

Диас МАРАТҰЛЫ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
II курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close