Basty bet
Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың полицияға деген сенімін нығайту – атқарылатын жұмыстың басты принципі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өтіп, қоғамда заң үстемдігін арттырумен бірге заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып отырғанының да өзіндік мәні бар. Себебі, Заң – қоғамның барлық мүшесіне ортақ құндылық. Заңды сыйлау және қоғамдық тәртіпті қадағалау – басты міндеттердің бірі.
Президент айрықша атап өткендей, қоғам құндылықтарының ең негізгісі – Заң және Тәртіп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қоғамындағы құқықтық сананы, әділеттілік пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды идеологиялық және конституциялық ұстаным болып табылатын «Заң және тәртіп» концепциясын халыққа жайдан жай ұсынып отырған жоқ. Қоғам мен мемлекеттің дамуында, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында мұның маңызы өте зор. Биыл шілде айында қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да заң мен тәртіп қағидатына ерекше мән беріліп отырғаны да жайдан жай емес. Олай болатыны, қазір елімізде Әділетті қоғам құруға деген ұмтылыс және оған қажетті алғышарттардың барлығы жүйелі жасалып жатыр. Таяу жылдары Әділетті де ашық қоғам құрып, Қазақстанның құқықтық мемлекетке айналуы үшін заң мен тәртіп қағидатының маңызы өте зор. Заңның алдында – ел азаматтарының барлығы бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида екені дау тудырмаса керек.
Осы ретте Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі болып табылады. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі жыл санап арта беретіні даусыз.
Қазақстан полициясының абыройын арттырып, өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында аудандық полиция бөлімінің ұжымы да ұзақ жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып келе жатқаны белгілі. Жамбыл облыстық полиция департаментіне қарасты Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков өз сөзінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда терең орнықтырып, заң талаптарын қатаң сақтау, өңірдегі құқық бұзушылықтардың алдын алып, қылмыстарды болдырмау, қоғамдық қауіпсіздікті жан-жақты қамтамасыз етумен бірге, ең бастысы – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын айтады.
Қай саланың болсын, жұмысты дұрыс жүйелеп, тірлікті алға бастырып, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін өз ісі мен кәсіби қызметін бес саусақтай білетін білікті кадрлардың ауадай қажет екенін жақсы білеміз. Әсіресе, құқық қорғау органдарында темірдей тәртіп орнатып, қызметкерлерді ел игілігіне бағытталған ортақ іске жұмылдыра білу – маңызды міндеттердің бірі екені даусыз. Айта кету керек, соңғы екі-үш жылдың көлемінде Жуалы аудандық полиция бөліміне басшы тұрақтамай, соның салдарынан аталған бөлім жұмысының біршама босаңсып кеткені жасырын емес. Әлбетте, мұның өңірде құқықбұзушылық пен қылмыстың өсуіне тікелей әсері барын баса айтқан жөн. Биыл жылдың басында аудандық полиция бөліміндегі осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында құқық қорғау саласының жұмысында мол тәжірибесі бар білікті маман, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков Жамбыл облысы полиция департаментінің Жуалы аудандық полиция бөліміне бастық болып тағайындалды.
Сәбит Мамытбеков құқық қорғау органдарында 1993 жылдан бері табан аудармай абыройлы қызмет атқарып келе жатқан өз ісінің терең білгір маманы. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысының Меркі аудандық полиция бөлімінде тергеуші болып бастаған ол әр жылдары (2003 жылдан бастап) Шу аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, Шу, Тараз қалалық полиция бөлімдерінде бастық, Жамбыл облысының полиция департаменті кадр басқармасының бастығы, теміржол полициясы басқармасының бастығы, соңғы жылдары Талас және Меркі аудандық полиция бөлімдерінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. Полиция полковнигі С.Мамытбеков 2025 жылдың қаңтар айында ротация тәртібімен Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Өз кәсібін жетік білетін тәжірибелі маман Сәбит Мұсабекұлы аудандық полиция бөлімінің жұмысын қолға алысымен ең бірінші кезекте жеке құрамның арасындағы ішкі тәртіпті жолға қою арқылы жүйелі жұмыс атқаруға кірісті десек, артық айтқандық емес. Мұның ішінде полиция бөлімі қызметкерлерінің жергілікті тұрғындармен күнделікті тығыз байланыс орнатып, қызметтік этиканы қатаң сақтау мәселелеріне баса назар аударылып келе жатқанын атап өткен жөн. Осының нәтижесінде, 2026 жылдың 9 айының қорытындысында саланың жұмысында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізіліп отыр.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мақсатында полиция бөлімінің ұжымы ортақ мақсатқа жұмылып жұмыс атқарып келеді. Осынау құндылықтарды тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Бұл бағыттағы жұмыстардың өз нәтижесін беріп отырғаны көңіл қуантады. Ел заңдарына құрметпен қарап, тәртіпті сақтауды біз ең бірінші өзімізден бастауымыз қажет. Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру мақсатында аудан әкімінің жергілікті тұрғындармен болған кездесулерде тиісті түсіндірме жұмыстары да тұрақты жүргізіліп жатыр. Бүгінгі жас буын – Тәуелсіз елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан, жастардың құқықтық тұрғыдан сауатты болуы – қоғам үшін өте маңызды.
Құқық қорғау органдарында қызмет атқару – абыройлы іс және жоғары жауапкершілік. Полицейлерге Отанның алдындағы антқа адал болу одан да маңыздырақ. Біздің негізгі міндетіміз – өңірдің қоғамдық тәртібін және азаматтардың қауіпсіздігін, жол жүрісінің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету» дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.
Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – атқарылатын жұмыстардың басты мақсаты болып табылады. Жуалы аудандық полиция бөлімінің 2026 жылдың 9 айындағы атқарылған қызмет қорытындыларына кеңінен тоқталсақ, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы 2026 жылдың тоғыз айында ауданның аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, орын алған қылмыстарды ашу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы бірқатар жүйелі жұмыстарды бірлесіп атқарып келеді.
– Есептік кезеңде аудан аумағындағы қылмыстық ахуал тұрақты сақталып, бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгенін әңгіменің басында ерекше атап өткенді жөн санадым. Атап айтқанда, тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі – 99 деректен 65 дерекке дейін төмендеп, 34,3 пайызға азайды. Ауыр қылмыстардың саны – 25-тен 13-ке дейін қысқарды. Сонымен қатар, есептік кезеңде аса ауыр қылмыстар мен адам өлтіру фактілері тіркелген жоқ.
Қылмыстарды ашу және тергеу бағытында да полиция бөлімімен нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Есептік кезеңде тіркелген қылмыстық деректер бойынша қылмыстардың ашылу көрсеткіші – 72,5 пайызды құрап, өткен жылғы 65,6 пайыздық деңгейден жоғарылады. Бұрынғы жылдары жасалған үш қылмыс толықтай ашылып, құқық бұзушылықтарды анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын тауып отыр.
Тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметі де оң көрсеткіштермен ерекшеленді. Жыл басынан бері өндірісте болған – 142 қылмыстық істің 114-і аяқталып, аяқталған істердің үлесі – 80,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі – 67,1 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары. Аталған нәтижелер қылмыстық істерді сапалы тергеп-тексеру, процестік шешімдерді дұрыс қабылдау және заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын көрсетеді,- дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.
Полицияның негізгі міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті жан-жақты қамтамасыз етіп, тұрғындарға қауіпсіз орта қалыптастыру болып табылады. Аудандық полиция бөлімінің ресми мәліметінше, өңірде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, осының нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны – 14-тен 11-ге, көшелерде жасалған қылмыстар – 9-дан 8-ге, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар – 10-нан 4-ке, ал, мас күйінде жасалған қылмыстар – 13-тен 6-ға дейін төмендеді. Бұл бағытта тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға аталған бөлім қызметкерлерінің тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өткен артық болмас.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысы да аудандық полиция бөлімі қызметінің басым бағыттарының бірі екені белгілі. Қуанышқа орай, 2026 жылдың тоғыз айында аудан аумағында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар тіркелген жоқ. Жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы білім беру ұйымдарымен бірлескен іс-шаралардың тұрақты ұйымдастырылып келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл бағытта жылдың басынан бері барлығы – 72 бірлескен рейд және биылғы жаңа оқу жылы басталғалы бері – 170 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған.
Отбасы – Отанның тірегі. Дүниедегі бар жақсылықтың және жас ұрпаққа берілетін тәлім мен тәрбиенің негізгі бастау-көзі де дәл осы отбасы-ошаққасымен тікелей байланысты. Отбасы институтын нығайту, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екені белгілі. Бұл бағытта аудан көлемінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық жанжалдардың жолын кесу, болдырмау және отбасыларға профилактикалық қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Полиция бөлімінің мәліметінше, есепті кезеңде Жуалы ауданында отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар санының едәуір төмендегені байқалады. Атап айтқанда, 2026 жылы аталған санаттағы 4 қылмыс тіркелсе, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 10 қылмыс тіркелген. Нәтижесінде қылмыс саны – 60 пайызға дейін төмендеген.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басынан бері ерекше талаптар белгіленген 30 азамат және қорғау нұсқамасы шығарылған 134 азамат аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебіне алынған. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында күнделікті келіп түсетін хабарламаларға талдау жүргізіліп, тиісті мекенжайлар бойынша профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл шаралар тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
– Есірткі қылмыстарына қарсы күрес бағытында да аудандық полиция бөлімінің тарапынан тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылу үстінде. Есептік кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты барлығы – 17 дерек анықталып, заңсыз айналымнан – 827,32 грамм кептірілген марихуана тәркіленді. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, әсіресе жастар арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу жалғастырылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар бар. Ауданның аумағында жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол инфрақұрылымының жай-күйін бақылау жұмыстары жүргізілді. Есептік кезеңде – 44 жол-көлік оқиғасы орын алып, оқиға орнында 77 адам дене жарақатын алса, 9 адам қаза тапқан. Өткен жылмен салыстырғанда, жол-көлік оқиғаларының саны – 29 пайызға төмендеген (62-ден 44-ке), қаза болғандар саны + 125 пайызға жоғарылаған (4-тен 9-ға) және жарақат алғандар саны – 25 пайыз төмендеген (102-ден 77-ге).
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жыл басынан бері аудан аумағындағы жолдарға – 263 (2025 ж. – 237) зерттеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бағытында тиісті жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар, Жуалы ауданының аумағын кесіп өтетін республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында және ауданның басқа да маңызды жол учаскелерінде профилактикалық бақылау шаралары жүзеге асырылды. Жүргізушілерге жол қозғалысы қағидаларын сақтау, жылдамдық режимін бұзбау және жолдағы қауіпсіздік талаптарын орындау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде,- дейді полиция бөлімінің бастығы С.Мамытбеков.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы тәртібін нығайту бағытында да бірқатар нәтижелерге қол жеткізілген. Жылдың басынан бері – 7 900 (2025 ж. – 6 365) әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, оның 3 974-і (2025 ж. – 3 098) жол қауіпсіздігі саласына қатысты болды. «Борышкер-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында құқық бұзғандарға салынған айыппұлдарды өндіру бағытында ауданда жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде – 60 миллион 334 мың 147 теңге мемлекет кірісіне өндірілген. Айыппұлдарды өндіру көрсеткіші – 87,3 пайызды құраған.
Көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытында да аудан аумағында бақылау шаралары жүргізіліп келеді. Есептік кезеңде – 396 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынып, көші-қон заңнамасын бұзған тұлғаларға қатысты заңнамада көзделген шаралар қабылданған. Шетелдік жұмыс күшін пайдалану кезінде заң талаптарының сақталуына бақылау жүргізіліп, профилактикалық жұмыстар жалғастырылды.
– Жалпы, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен атқарылған жүйелі жұмыстарға сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы аудандық полиция бөлімінің құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды ашу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да полиция бөлімінің жеке құрамы профилактикалық іс-шараларды барынша жетілдіруге, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырады береді.
Полиция бөлімі қызметкерлері жұмысының басты мақсаты – аудан тұрғындарының тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың полицияға деген сенімін нығайту,- дейді өз сөзінде, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.