Basty bet
«Шәкірттерім – мақтанышым»
Бокстан талай дарынды спортшыларды жаттықтырып, жетістікке жетелеп жүрген қызыларықтық жаттықтырушы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы атағының үміткері Нұралы Бүйенбаев туралы бұған дейін арнайы мақала жазған болатынбыз.
Спорт саласы еліміздің абыройын асқақтатып жүрген саланың бірі болса, жалпы спорттың дамуына үлкен үлесін қосып жүрген – ауылдардағы осындай еңбекқор, патриот азаматтар, ауылдағы қара домалақ балалар.
Нұралы Жолдасбекұлы редакцияға жақында тағы да бір қуанышымен бөліскелі арнайы келді. Яғни, бала кезден тәрбиелеген шәкірті Боранбек Бексұлтан наурыз айының 1-15 аралығында Иорданияның Амман қаласында бокстан өткен Азия чемпионатында 48 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегері атаныпты.
-Бірінші ойында Бексұлтан тәжік боксшысымен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші ойында Кувейт боксшысымен бокстасып, 4/1 есебімен жеңіске жетті. Ал, үшінші ойында Үндістанның боксшысымен жұдырықтасты.
Бексұлтан – Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы. Ол алда, яғни маусым айында Монғолияда өтетін «Азия балалары» ойынына жолдама алды. Осыған байланысты 11-24 сәуір аралығында Алматыда оқу-жаттығудан өтеді. 25 сәуір мен 1 мамыр аралығында Өскеменде өтетін іріктеуде болады.
Сонымен бірге бұл іріктеуге болашағынан үлкен үміт күттіретін тағы бір шәкіртім Тұрғын Ескендір де қатысады,- дейді Нұралы аға.
Боранбек Бексұлтан туған жері Қызыларық ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқыды. Былтырдан бастап Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде білімін жалғастыруда. Дәл бүгінгі таңда оны мықты спортшы Мұхтар Бердімбетов жаттықтыруда.
Жақында ғана политехникалық колледжде бокс залы ашылып, оның ашылуына облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев келіп қатысты. Бексұлтан да бұл іс-шараға қатысты.
Яғни, Бексұлтан бүгінде ауылының ғана емес, колледждің, облысымыздың, еліміздің мақтанышы болып жүр.
-Жалпы ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығы жоғары,- дейді Нұралы Бүйенбаев. – Ауыл балаларын жаттықтырып жүрген бокс залымыз ескі әрі жылуы жоқ болатын. Аудан әкімі Олжас Қаржауов келіп көріп, сол кісінің қолдауымен залымызды заманауи үлгіде жөндеп, жылу жүргізіп берді. Бұған ауыл жастары қатты қуанды. Ауылдық округіміздің әкімі де, мектебіміздің директорының да спортқа деген көзқарасы өте дұрыс. Қолдарынан келген көмегін аямайды.
Жақында Устеменко Әділет деген шәкіртіміз Меркіде өткен облыстық чемпионатта ІІ орынды жеңіп алды. Одан бөлек, бұрын боксқа қатысқан ауылымыздың спортшы жігіті, бүгінде көкпар ойынының шебері атанып, ойынның көркін қыздырып жүрген Қожақұл Жасұлан «Әулиеата» көкпар клубының «Ең үздік қорғаушысы» атанды. Олар қазір Қазақстан, Азия чемпионатына дайындалуда.
Спорт жігітке өте қажет. Жаттығып, шымыр болады. Саламатты өмір салтын ұстанып, өзін жан-жақты тәрбиелейді.
Әрине, чемпион болу қиын. Өте үлкен еңбекті, табандылықты талап етеді.
Боранбек Бексұлтан, Тұрғын Ескендір, Қожақұл Жасұлан, Устеменко Әділет сынды ауылдан шыққан спортшыларды көрген інілері де соларға ұқсағысы келіп, спорт үйірмесіне қалмай келеді.
Жалпы өмірде алдына нақты мақсат қойып, талпынған, еңбектенген адам мақсатына жетеді. Сондықтан жастарымызға жігерлілік пен табандылық тілеймін,- дейді Нұралы Бүйенбаев.