Basty bet
Ата аманатына адалдық танытқан ардақты жан
Б.Момышұлының келіні, жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың ғибратты ғұмырынан алар тағылым мен үлгі-өнеге мол
Қазақтың қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы, күллі Алаш жұртының ардақтысына һәм тұтастай қазақ деген ұлттың эталонына айналған Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері өз алдына өр төбе. Баукең сөз жоқ, ұлт руханиятының баюына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Ерлігімен атақ-даңқы әлемге жайылған Батыр Бауыржан Момышұлы туралы ел ішінде аз айтылып, аз жазылып жүр деп айта алмаймыз. Оның халық пен жас ұрпаққа қалдырған құнды рухани мұраларының телегей-теңіз екенін ескерсек, Бауыржан Момышұлы туралы әлі де айтылып, әлі де аңыз болып жазыла бермек…
Ал Алты Алаштың ардақтысы Бауыржан Момышұлы қай жерде туды, оның кіндік қаны қай жерге тамды?! Ең біріншіден осыған тоқталайықшы. Бауыржан – қасиетті өңір Жуалы ауданының түлегі. Осында, ақ басты, айбарлы Алатаудың етегінде туып-өсіп, қоңыр жел бетін аймалаған бала Бауыржанға талмас қанат, жасымас жігер берген де ең алдымен осынау қасиетті мекен екені дау тудырмаса керек. Қазір «Момыш бұлақ» деп аталатын киелі мекенде туған Баукеңді бүкіл әлем таныса, ол жердің киелі болғаны да. Бауыржан Момышұлынан кейін де қасиетті Жуалы өңірінен бұл өлкенің жұлдызын биіктеткен тұлғалар шыққанымен, Батыр Бауыржан Момышұлының тау тұлғасы мен асқақ даңқын басқа ешкіммен салыстыруға келмейді. Баукең сонысымен – дара, бірегейлігімен – асқақ…
Бауыржан Момышұлының ұлт руханиятын құнды қазынамен байытқанын жоғарыда айтқанымыздай, Батырдан қалған жалғыз тұяқ, асылдың сынығы Бақытжан Момышұлының жұбайы Зейнеп Ахметова бізге құдды осы киелі шаңыраққа келін болып түсу үшін жаралғандай сезілетіні рас. Атасының айтқандарын бала келін болып босағадан аттаған сәттен-ақ санасына құйып, зердесіне тоқи білген Зейнеп апайдың Батыр туралы есті естеліктері қаншама кітапқа арқау, қаншама жас келінге нұсқау, онымен қатар, қаншама жас буын ұрпаққа тәлім-тәрбиенің сарқылмас көзі болып келеді десеңші?!…
Ата аманатына барынша адалдық танытып, бір сөзбен айтқанда, саналы ғұмырының ең сәулелі сәттерін Батыр Момышұлына адал қызмет етуге арнап, сол арқылы ұлт руханияты мен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы-этнограф, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры – Зейнеп Ахметованың ғибратты ғұмырынан алатын үлгі-өнеге көп-ақ.
Биыл Зейнеп Ахметова мерейлі 80 жасқа толып отыр. Өткен аптаның жұма күні аудандық прокуратураның ғимаратында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай мемориалдық тақтаның ашылуы ұйымдастырылды. Соның ертеңіне Баукеңнің келіні, Батырдан қалған қасиетті қара шаңырақтың түтінін түтетіп, отын өшірмей отырған ұлағатты ана, ұлт жанашыры Зейнеп Ахметованың 80 жылдық мерейтойы аудан көлемінде атап өтілді. Сөз басында айта кетейік, бұл да өз кезегінде жұртшылық тағылым аларлықтай іс-шара болғаны анық.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде мерейтойға орай «Шуақты күндер. Келіннің күнделігінен» тақырыбында ұйымдастырылған рухани азық боларлық тағылымды кеш, байыпты басқосуды аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, ақ жаулықты аналар мен жас келіндер, жалпы өңір жұртшылығы қызыға тамашалады. Кеш қазақ келіндері туралы әсерлі композициямен ашылып, онда бәрі бірдей ақ жаулық таққан жас келіндер жұртшылыққа иіліп сәлем салып, халқымыздың ежелгі дәстүрін көрсетсе, өңірдің «Ақ әжелер» ансамблі жуалылық ақын-сазгер Мырзахан Ахметовтың «Жуалым» әнін жанды дауыста орындады. Мерейтой иесі Зейнеп Ахметова құрметпен сахна төріне көтерілді.
Қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Зейнеп Ахметованың 80 жылдық мерейтойына орай құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ұлт батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы-этнограф, қоғам қайраткерін мерейлі 80 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, мерейтой иесіне ізгі тілек білдірумен қатар, қазақы дәстүрмен иығына ақ жаулық жауып, өзінің портреті бейнеленген үлкен кілемшені сыйға тартты.
Мерейтой иесі, ұлт руханиятының анасындай болған танымал тұлға Зейнеп Ахметова өз сөзінде, ең алдымен қайын атасы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы тың естеліктерімен бөлісті.
-Қадірменді халайық!
Мен бүгін Алты Алашқа ардақты болған ұлы тұлға, даңқты қолбасшының жерлестерімен кездескеніме өте қуаныштымын. Мақтау мен мадақ ең бірінші кезекте Алла тағалаға тән болса, одан кейінгі мақтау – Атаға тиесілі. Мен Атаның келіні болғаннан кейін Батырдың және ұлттың алдындағы ауыр жауапкершілік жүгін арқалап келе жатқаныма қуаныштымын.
Мені Атаның келіні деген атпен құрметтейтін рухы биік Жуалы жеріне бас иіп, алғыс білдіргім келеді. Қарап отырсаңыз, кімге кім келін болмай жатыр?! Осы залда отырған ақ жаулықтылардың барлығы бір-бір үйдің келіні. Елімізде өнегелі, ибалы келіндер өте көп. Ал мені қазақ келінінің биік дәрежесіне көтерген Атаның биік рухы мен бірегей асқақ қасиеті деп білемін. Атаға көзінің тірісінде келіндік қызмет атқарғанымды ардақты парызым деп санадым. Осы қызметім мені көпшілікке танымал етті деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, мен үлкен отбасында туып-өскен адаммын. Оның үстіне, бір отбасындағы 10 баланың ішіндегі жалғыз қызбын. Жалғыз қыз болып ата-анама еркелеп өссем де, анам марқұм жастайымнан менің санама ұлттық құндылықтар мен халықтық дәстүр-салттың дәнін сеуіп, ұлттық рухтың уызына қандырып өсірді. Қазір ұлт руханияты мен ұрпақ тәрбиесі туралы орталарыңызда әңгіме айтып отырғаным, ең алдымен анамның маған берген тәлім-тәрбиесінің жемісі. Ана парасаты тағылымының жарқын көрінісі осы болса керек.
Ал Атаның шаңырағына келін болуым өз алдына бөлек әңгіме. Мен Атадан ең біріншіден кешірімділіктің не екенін үйрендім. Кемшіліксіз адам жоқ, болмайды да. Ата кей кезде өзінің қатесін мойындап, жас келіннен де, тіпті, жас баладан да кешірім сұрауға арланбайтын. Бұл – адам бойындағы ең ізгі қасиеттің бірі болса керек. Атадан мол тағылым алып, өмірден көп нәрсе үйрендім. Осының барлығы жиналып келіп, менің бойымда өмірлік мол тәжірибені қалыптастырғаны анық. Мен Атаның қара шаңырағына келін болып, оған адал қызмет еткенімді ұлттың алдындағы биік абыройлы іс деп білемін.
Ата маған үнемі: «Балам, өз қатарыңнан озсаң да, ешқашан халықтан оза алмайсың. Халықтың алдында басыңды иіп жүр. Халық барлығын біледі. Сен тас санасаң, халық құм санайды» деген өнегелі өсиеттерді көп айтып отыратын. Тағы бір сөзінде: «Қайда барсаңдар да, мен ылғи алдарыңнан шығамын. Мен өмірден өткеннен кейін де тірілердің ішінде боламын» дейтін. Кейіннен дәл солай болды. Қазақ сахарасының қай қиырына барсаңыз да, алдыңнан Атаның атындағы көшелер шығады. Ол кісінің атында мектеп, оқу орындары дейсіз бе, өте көп. Ел ішінде Атаның есімін иеленген балалар қаншама. Атаның ұлылығы сонда жатқан шығар, кім білсін?… Ол кісі маған соғыс туралы бірде бір рет айтып көрген емес. Есесіне сол шаңыраққа келін болып түскеннен бастап, қазақ халқына тән салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтардың қадір-қасиеті туралы әңгімелерді санама сіңіре берді. Одан жаман болған жеріміз жоқ. Ата өсиетінің жас ұрпаққа тигізер пайдасы мол.
Былайғы жұртшылық мені «Жазушы» деп атап жатады. Мен кәсіби жазушы емеспін. Мен жазған кітаптардың барлығы Атаның нақыл сөздері мен әңгімелерінің негізінде жазылған. Атадан алған тағылымым, көрген өнегем ұшан-теңіз. Мен оны жас ұрпақтың бір кәдесіне жарасын деген ақ ниетпен жазғанымды да баса айтқым келеді. Кітаптарым халық пен жас ұрпақтың қажетіне жарап жатса, онда менің де жаман келін болмағаным. Ата туралы айтылар әңгіме де, тың деректер де өте көп. Мен мұның барлығын «Теңбіл тіршілік» деген кейінгі кітапта жан-жақты баян еттім. Батыр өмірінің күнгейі мен көлеңкесін жас буын біліп өсуі тиіс.
Салт-дәстүр – халықтың ортақ қазынасы. Қазақтың арғы-бергі салты мен дәстүрін, әдет-ғұрыптар мен олардың мән-мағынасын Ата бес саусағындай жетік білетін. Мен соның біразын Атаның аузынан естіп, қағазға жазып алып отырдым. Сол күнделіктерім кейіннен жеке-жеке кітап болып басылды. Мұның барлығы халықтың қажетіне жараса, Атаның алдындағы келіндік парызымның орындалғаны,- деді жұртшылықтың алдында толғана сөйлеген мерейтой иесі Зейнеп Ахметова.
Мәдениет үйінде ұйымдастырылған рухани кешке жиналған көрерменді өзіне баурап алып, сілтідей тындырған мерейтой иесі ары қарай ене мен келіннің ара қатынасы, келіннің ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны мен рөлі, тіл мен діл, дін, қазақи қалып, қазақ халқының арғы-бергі тарихы мен ата тек, сонымен қатар, бала тәрбиесі, жалпы ұлтымызға қатысты деген рухаи құндылықтардың бірқатарын әңгіменің арқауына айналдыра отырып келелі әңгіменің тиегін ағытты. Зейнеп апай залдан қойылған сұрақтарға да қызықты етіп жауап беріп отырды. Сөз соңында жастар мен жас келіндерге аналық ақ тілек айтқан мерейтой иесі З.Ахметова ауданда орналасқан даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейіне құнды естелік сыйлықтар табыстады.
Зейнеп Ахметованың 80 жылдығына арналған тағылымды іс-шаралар ары қарай қасиетті өңірге қарасты Нұрлыкент және Талапты ауылдарында өз жалғасын тауып, онда мерейтой иесі ауыл тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесіп, ұлт руханияты мен қоғам құндылықтары туралы тереңнен ой толғады. Жалпы З.Ахметованың жергілікті жұртшылықпен кездесулері әсерлі әрі жастардың тағылым аларлықтай болып өткенін баса айтқан жөн.