Basty bet

Бүгінгі ата-анаға қандай қасиеттер керек?

Жас ұрпақ тәрбиесі қай қоғамда болсын маңызды, күрделі мәселе.
Қазақта “Ұл тәрбиелей отырып рухыңды, қыз тәрбиелей отырып ұлтыңды тәрбиелейсің” деген даналық сөз бар. Яғни, ұлдың да, қыздың да тәрбиесі маңызды.
Бүгінгі таңда ашық-шашық киінген қызды көрсе, “қарындасым, мынауың қалай?” дейтін ағалар аз. Ұлды қарындасына қамқор бола алатындай иманды, жігерлі, еңбекқор етіп, қызды иманды, білімді, ақылды, қылықты етіп тәрбиелеу өте үлкен маңызды мәселе.
Қазір ұрпақ тәрбиесіндегі қиын проблемалар негізінен интернет, әлеуметтік желі арқылы келуде. Яғни, ақпарат билік жүргізген заман. Өкінішке қарай, интернет көбірек қатыгездікті, арсыздықты, мейірімсіздікті насихаттауда.
Осы тұста әрбір ата-анаға бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға негізделген мықты білім мен жаңашылдық керек. Алайда өмір болған соң, барлық ата-ананың рухани деңгейі оған сай бола бермейді. Сондықтан, оқырман қауым, бір сұрақ аясында бірнеше зиялы қауым өкілімен сұхбат жүргізген едік.

Сұрақ: Сіз үшін бүгінгі ата-аналарға ең маңызды деген қандай білім керек немесе бүгінгі ата-ана қандай болуы керек деп ойлайсыз?

Сөзі мен ісі сай болса…

Асхат Ақмамбетов,
Жуалы ауданының бас имамы
-Ассалаумағалейкум!
Ұлт деген – үлкен ұғым, үлкен қоғам. Ал қоғам өз кезегінде ол әрбір отбасынан құралады. Демек қоғам тәрбиесі, әрбір отбасынан басталады деген сөз. Бұл мәселеде ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын.
Негізінде мен “Қазақтың” баласымын, ата-баба сенімі мен дәстүрін мақтан тұтамын!” деген әрбір отбасында ұлт болашағы саналатын ұрпақты тәрбиелеуде еш қиындық болмауы керек. Өйткені, ата-бабадан қалған сенім мен дәстүрдің, мәдениет пен білімнің негізінде Исламнан нәр алған имандылық жатыр. Соңғы 30 жылдан алдыңғы буын біздер мен аға-әпкелер, ата-әжелер “ұят” болады, “обал” болады, “жаман” болады деп өстік.
Сол себепті мен айтар едім, әрбір адам ең алдымен өзін тәрбиелеуі тиіс. Әр отбасындағы ата-ана ұрпағын жақсы тәрбиелегісі келсе, сөзі мен ісі сай болуына үлкен мән беруі қажет.
Қазіргі таңда мінезіміз бұзылды. Абай атамыз: “Сана мен білімді қорғайтын мінез деген сауыт бар” деген болатын. Дініміз ислам да ең алдымен сол бір мінез-құлықты дұрыстау керек екендігін айтады.

Бейәдеп қылық әсем дүниені былғайды

Үміт Битенова,
ақын.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

“Өзінен бірнеше жас кіші ұл-қызының тәрбиесімен мықтап айналысқысы келетін ата-ана сол ұл-қызының ой-өрісімен, өресімен деңгейлес өмірді бірге сүруі тиіс. Баланы еркін өсіру керек, алайда еркінсітуге, есіртуге болмайды! “Болмайды!” деген тыйым сөздерге бағынып үйренген баладан ғана тәрбиелі ұрпақ шығады. Еркін өсіру керек дегенді тура мағынада ұғатын ата-аналар балапандарының тәрбиесін шектен тыс шығарып алады да, зардабын өздері ғана емес, бүкіл қоғам шегетін болады. Дұрыс, баланың бетінен қақпау керек. Арқасынан қағу керек. Алайда майқұйрығына да (әкенің емес!) ананың (жұмсақ) алақаны ептеп тиіп тұрғаннан еш зиян келмейді. Бірақ, “Аюға намаз үйреткен – таяқ” деген ата-бабалар дәстүріндегі осы миссияны бүгінде жас отбасындағы жас Аналар өз деңгейінде атқарып отыр ма? Немере-шөберелеріне шық жуытпайтын бұрынғы ата мен әженің өбектеу мейірімі қазіргі жас әке мен шешенің болмысына ауысып кеткен жоқ па екен? Міне, көп түйткіл осы жерден шиеленіседі…
Осы күні тосын әрі адам баласына жат іс-әрекеттер қазіргі қоғамда жиі орын алып отыр. Қоршаған ортадағыны, айналадағыны қаз-қалпында көшіріп көз алдыңызға әкеліп, айна-қатесіз көрсетіп беретін әлеуметтік желілердің бетінде небір сұмдықтар қаптап жүр,«жарнамалап» таратудың қайнар көзі – «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып», сиқырдай арбайтын смартфондар мен гаджеттер болып тұр. Жат көріністердің көптігі соншалық, қайсыбіріне тіпті селт етпейтін де аудитория, елең етпейтін немқұрайды топ пайда болды. Меніңше, осының бәрі тым «ашықтықтан». Біздің тыйым мен тағылымға толы қазақы тәрбиеміз бірте-бірте табалдырығымызда қалып, алғашында босағамыздан сығалаған бөгде елдің бөстекі тірліктері, соңғы кезде тіпті төрімізге алшаңдай шығып, ес-ақылымызды алып, ой-санамызды сансыратып тастады. Арзанның сапасы жоқ. Бардың қадірі жоқ.
Бұрын арман болған нәрселерге адамдар мақсат қоя ұмтылатын. Қазір бәрі оп-оңай қолжетімдіге айналды. Дап-дайын.
Бұрын құпия көрінген нәрселер тәтті болатын. Бүгіндері бесіктен белі шықпаған балаға да беп-белгілі болды. Жиіркенішті.
Бұрын сыбырлап та айтылмайтын сөздер болатын. Қазір түйсікпен ғана сезінуі тиіс нәрсенің де өзі пірім жария. Лас.
Бұрын (кеңестік) қысымшылықтан зардап шектік деп, демократияны аңсадық. Бірақ, сөз бостандығы еркін ойлылылықтан еркінсу қылығына ауысып, охлократияға ұласты. Өрескел.
Бұрын үлкенді кіші сыйлайтын, кішіні үлкен тыңдайтын. Қазір кішілер үлкендердің бетінен алып, төсіне шабатын, үлкендер кішіні баласынып, жерден алып, жерге салатын тендеция етек алды. Ұят.
«Бұрын, бұрын,.. өмір – алда сияқтанатын, бәрі қызық етін. Қазір түк қызық емес».Астапыралла!.. Құдай сақтай көр! Мен мына «түк қызық емес» деген соңғы сөйлемімді «асарын асап, жасарын жасап қойған» егде адамдардың атынан айтып отырғам жоқ. Керісінше, бұл сөз – он екіде бір гүлі ашылмаған талшыбық жастар мен жасөспірімдердің кейбірінің ойы. Иә. Олардың көбі осылай дейді. «Адам деген оптимист болу керек» дейміз біздер пессимистік көзқарастағы оларды жұбатып. Бірақ қалай?
Шетелдің өркениетін меңгереміз деп, өзіміздің ұлттық көркем ниетімізден айрылдық. Зайырлы мемлекет ретінде қылмыстық істер кодексінен өлім жазасын алып тастағанымыз да дұрыс болмады ма екен деп ойлаймын кейде.
Осыдан аз-ақ жыл бұрын бүкіл елді дүрліктірген сәтбаевтық педофильдің жантүршігерлік зорлық-зомбылығы қалай естен шықпақ? Ең ауыр үкіммен түрмеге қамаудан бүкіл педофильді ауыздықтай аламыз ба?«Өмір бойы бас бостандығынан айырылу» арқылы кісі өлтіруші қылмыскерлер қатыгездіктен тыйыла ма? Мемлекеттің «асырауымен» абақтыда күнелтіп жатқан олардың жауыздығы «жазылып кететініне» кім кепіл? Шегіп алып дүниенің астаң-кестеңін шығаратын нашақорларды да «емдеп», «қамқорлығымызға алудамыз». Адекватты емес қылмыскерлер қаншама. Терроризмге шалықтаған содырлардың жанкештілігіне қандай дауа бар? Тізе берсең, зұлымдықтың ұшы-қиыры жоқтай. Қайтпек керек?
Өзінің өзегінен шыққан үш бірдей балапанының өмірін шімірікпестен о дүниеге қиған (әке деген аттан садаға кетсін) ақтаулық әкенің ісі осындай кесепаттардың барып тұрған сорақысы. Діни ағымның деструктивті жетегінде жүрген жан болса, оған тіпті кешірім болмауы тиіс.«Аюға намаз үйреткен таяқ» дегенді атамыз қазақ бекер айтпаған. Өлім жазасын қолданысқа енгізу керек. Бір-екі қылмыскерді дүрелеп емес, ажал ауызына жүрелеп әкелдірсек, осындай бір-екі мысалдан соң, есалаң заманда есіргендер, жан керек болса, естерін жылдам жияр ма еді, бәлкім. Содан кейін, ата-дәстүрдің ізіне түсіп, бабалар салған түзу сүрлеуді қайта тапсақ, әлгі «өлім жазасын» кезі келген уақытта өзгерте салу қиын емес қой.
Қандай дегенде де, үш баласын өз қолымен өлтірген жауыз әкеге жұмсақтық таныта алмаймыз. Бұл жауыздықтың түп тамыры – отбасынан бастау алып отырғаны мәлім. Отбасынан кеткен қателікті ешбір мектеп, балабақша мен жоғары оқу орындары түзете алмайды. Отбасы – әуелі неке құрудан, екі жастың отау құруынан басталады. Ал біздің ап-ашық, тіпті, тыр жалаңаш қоғам не істеді? Экономикалық саясатты жолға қоямыз деп, «мүшеқаптарды» жарнамалады. Демек, бұл – кез келген жастағы бала мен қызға әлгі презервативпен (немесе презервативсіз) жақындасуға, жыныстық қатынасқа түсе беруге болады деген ұғым. Құдайым-ау! Оң босағадағы қызыңды құтты орнына қондырғанша пәктігін көздің қарашығындай сақтау ата-ана парызы емес пе еді?.. Сөйтіп, оң жақта отырып-ақ жүкті болып қалған қыздар көбейіп, жаңа туған шаранасын далаға тастайтын жауыз аналар пайда болды. Тастанды балаларды немесе қызылшақа күйінде жантәсәлім еткен шараналарды туғандардың әлгі жауыз әкеден несі артық? Оларға да аяушылық болмау керек.
Құрылған жаңа отау ақ некеден ғана сәтті салтанат құрмақ. Заңды неке ғана тату-тәтті, үбірлі-шүбірлі жанұяға ұласады. Осы жерде, заңды некеге антоним ретінде қабылданып кеткен азаматтық неке деген де дүдәмал тіркес қазір модыға айналған… Азаматтық некеге қатаң тыйым салынуы тиіс. Тыйым салынса – әке мен ананың балаға деген жауапкершілігі әлсіремейді. Бұл сөзімнен ши шығарғысы келгендер мұсылмандықтары ұстап, демографиялық саясатты желеу етіп, «бәйбіше, тоқал» мәселесін қайда қоясыз деп сұрақ суыртпақтатар. Оған бір-ақ жауап: «Құран Кәрімде» «Бір ғана әйелмен қанағаттану – қиянатқа бармаудың тура жолы» деген Жаратқанның сөзі бар. Сосын,(әмеңгерлік, соғыс жағдайындағы мәселені қоспағанда) «Еркекке кемінде төрт әйел алу парыз» емес. Пайғамбар (с.ғ.с)-ң кезінде сансыз әйелдің қойнына бара берушілікті шектеу үшін, «ары кетсе төрт әйелге үйленуге болады» деген пәтуа жасалған…
Тақырыптан ауытқығандай болмайық. Сонымен, сүйіп қосылмаған немесе сүюдің не екенін білер-білместен, үйлену оңай болғанымен, үй болудың қиындығын сезінбестен, мен айтар едім, хайуани түйсікпенпен интимге барып, қосыла салған ер мен әйелдің ортасынан саналы, сапалы сәбидің туылуы неғайбыл, қатты айтсам, тілім жазықты. Жә, «баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған».
Әңгіме, осындағы әке мен анада, ерлі-зайыптыларда. Қазақ атамыздың «ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» деген мәтелі көптеген отбасы мүшелеріне өздерін-өзі ақтауға әбден жақсы сөз болған. Бұл – өте қауіпті сөз. Ыдыс-аяқ сылдырап тұруы керек екен деп ұққан жас отбасы бір-бірімен үй ішінде ғана емес, бейсауыт жұрт көзінше де қырқысып, қырылысып, жанжалдасуға бейімделіп кетеді. Күнде ырың-жырың болатын күйбең тірлікте сосын күйеуінің жұдырығы әйеліне қате тиіп кетуі немесе керісінше де болуы ықтимал. Қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де осындай себептермен ушыға бермек. Мұндайға көбіне иманы әлсіздер (орысша мұны «сила воля» дейді) ұшырайды. Иманы әлсіздер жат діни ағым жетегіне де жылдам ереді. Ал адасқандардың «алды, бұрынғыдай – жөн, арты – соқпақ» емес, қазір, міне, жоғарыдағыдай, үш баласын өлтірген әкенің ісіне әкеледі: «Адасқанның арты – мұнар, алды – қатер».
Бұл қатердің алдын алу тек мемлекет басындағылардың қолынан келмек. Құқық қорғау, заң шығару органдарының белсенділігі қажет. Осы орайда, қазіргі уақыттағы өзбек, тәжік, түркімендердің көп нәрсеге қатты тыйым салып жатқан тәртіптерінің үлгісінің тозығын емес, озығын алсақ, сауап болар еді.
Бірінші рет ұрлықпен ұсталғанның саусағын, екінші рет ұсталғанның қолын кесетін Қытайдың баяғыдағы заңын пайдалана тұрсақ та жаман болмас еді. Өзімізде де телі мен тентегінің жаманатын сыртқа шығармай, дер кезінде тыя білетін талай шаралар бар болатын. Дала академиясы ерекше дамыған дана қазақтың қазіргі ұрпағында отбасы, аналар, әкелер институттарының нашар жұмыс істеуі осындай қаныпезерліктердің тууына әкеліп соғып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, не нәрсенің де ашық ақпарат көздерімен талғамсыз таратыла беруіне ел болып, жұрт болып, билік пен бұқара болып шұғыл арада тосқауыл қоюымыз керек! Жаман нәрсенің жалауы жылдам желбірегіш келеді. Жаман хабар жұқпалы аурудай көбейгіш болады. Әдепсіз қылықтар әсем дүниені алабажақтайды. Соқыр сенімдер сана сәулесін бітейді. Сосын бес-ақ күн тірлігі бар бұ жалған қайдан қызық болсын өмірге келгеніне өкініп жүргендерге…
Сондықтан, жастарға айтарым: Өнегелі отбасы болу әуелі қателеспей жар таңдаудан бастау алады. Сұрықсыз ойға бойлағыштар сұлу өмір сүре алмайды. Ал сұлу өмір сүруге ұмтылғандар ұялтпайтын ұл, қызартпайтын қыз өсіруге жанын салады. Атағы шыққан ұлың, аты шықпаған қызың болсын, ардақты ағайын!

Білімге деген ізденіс, жауапкершілік болуы тиіс

Нүрила Мәлібекова,
аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.
Аудандық мәслихаттың депутаты
-Мен Аллаға шүкір жолдасым екеуміз төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Бесеуі де бізді ұялтатындай нәрсе жасаған емес. Сабақ үлгерімдері де, тәртіптері де жақсы. Сырттан да олар туралы жаман сөз естіген емеспіз. Ұстаздарынан тек мақтау еститінбіз.
Жолдасым, яғни әкелері вахталық жұмыс істейді. Мен де жұмысбастымын. Үйде көп болмаймыз. Бірақ балалардың тәрбиесінде біз ұялатындай нәрсе жоқ. Неге олай? Себебі, үйге келгенде сырттағы мәселелерді, саясатты, өсек-аяңды мүлдем айтпаймыз. Біреудің сыртынан сынап-мінемейміз. Дастарқанда бәріміз бас қосқанда тек жақсы нәрселерді, отбасылық мәселелерді ғана айтамыз. Бала тәрбиесінде өте керек қасиеттердің бірі осы деп ойлаймын.
“Отбасы хрестоматиясы” жобасының авторы, ағартушы, журналист Санжар Керімбайдың “Балалықтан даналыққа” атты кітабының беташарында Ф.Ницшенің мынандай жақсы бір сөзі жазылыпты: “Адамға “қалай” емес, “не үшін” өмір сүру керектігін ұқтыр! “Қалай өмір сүру керегін” өзі-ақ үйреніп алады”. Әрі қарай кітап авторы: “Еркіндік, Жауапкершілік, Ар-ұят, Махаббат, Кешірім, Уәдеде тұру, Қайсар рух сияқты рухани фономендердің мәнін түсінсе, балалардың өмірге құштарлығы артып, өнер-білімге қызығушылығы артады.
Балаға құндылықтың қай түрін сіңірсең, түбінде сол құндылыққа айналып шыға келеді.
Кімнің бұл өмірде беделді, құрметті, абыройлы болғысы келмейді дейсің? Бәрі де бір мәртебеге жетсем деп талпынады. Бірақ бір нәрсені ескермейді. Мәртебенің деңгейі құндылықтың сапасына тікелей тәуелді. Сапасыз құндылықты сіңірген соң, кей адам “Неге мені ешкім сыйламайды?” деп таңғалып жатады. Таңғалатын түгі жоқ. Аса құнды құндылық қиындықпен келеді. Ал арзанның сорпасы, әманда, татымсыз болмақ”,- дейді.
Иә, балаға аса құнды құндылықтарды сіңіру үшін ата-ананың өзінде білімге деген ізденіс болуы керек. Мен осы тұста Санжар Керімбайдың “Өмірге ғашық болу”, “Балалақтан даналыққа”, “Яссауи феномені” сынды кітаптарын оқуды ұсынар едім.
Тілші түйіні: Өзіңді бағалаудың, ұрпағыңа жақсы тәрбие берудің негізгі қыры ол – рухани даму. Ата-ананың имани парасты мен рухани кемелдігі, тұлғалық еркіндігі мықты болуы керек.
Абай атамыздың “Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” дейді. Яғни, адам баласы үнемі ізденіс үстінде, тек алға ұмтылып, жасампаз болуға, елге сәулесін түсіріп, ізгілікті іс істеуге, адамдарға құрметпен қарауға ниет етіп, дағдыланса, оның жүрегі де нұрға толып, өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.
Жүрек деген тек қан айдап тұрған насос емес, ет-жүрек ғажайып рухани функцияларды атқара алады. Адам жүрегін дүниеге байлап, материаядан жұбаныш тапса, онда қоғамда қауіп көбейеді. Сондықтан ата-ана да, халыққа қызмет ететін кадрлар да рухани бай болса, көп ұзамай біз қоғамдағы келеңсіздіктерден арыламыз. Себебі, жас бала жас шыбық сияқты, әркез жаңаруға дайын тұрады.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close