Basty bet
Мақсары алқабындағы маңдай тер
Ауданда биыл 18 100 гектар егістік жерге мақсары егілді. Бүгінде оның 15 254 гектары, яғни 85 пайызы орылып, орташа өнімділік гектарына 10,5 центнерден айналуда. Мақсары орағы тамыз айының соңында басталып, техникалар алқаптан алқапқа көшіп, егін жинау жұмыстары қарқын алған. Мақсары өсіруге Қарасаз ауылдық округінің шаруалары да ерекше мән беріп отыр. Округте биыл 3 500 гектарға жуық алқапқа осы майлы дақыл себілген. Мамандардың айтуынша, кейінгі жылдары мақсарыға деген сұраныстың артуына байланысты оны егетін шаруашылықтардың қатары да көбейіп келеді. Соған сәйкес округте егістік жердің көлемі де ұлғайған.
Қарасаз ауылының маңындағы алқапқа келгенімізде, күзгі дала жұмысының қызған шағына тап болдық. Мұнда «Тұран» шаруа қожалығының техникалары дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Бірі орылған өнімді жинаса, енді бірі мақсары топанын ретке келтіруге кіріскен. Алқап басында бізді «Тұран» шаруа қожалығының басшысы Сейітжан Сыдықбаев қарсы алды. Орылған мақсарының топаны әр жерде үйіліп жатыр. Комбайн бункері толған сайын жанында тұрған «КамАЗ» жүк көлігіне өнім тиеледі. Трактор да өзіне тиесілі жұмысты атқаруда. Ал комбайн тізгінінде механизатор Бауыржан Сейдалиев отыр. Ол 40 гектар мақсары алқабын ретімен орып, өнімді ысырапсыз жинауға күш салып келеді.
Аптап ыстықта техника кабинасында отырып, бірнеше сағат бойы тынымсыз еңбек ету – оңай шаруа емес. Біз барған сәтте күннің температурасы да жоғары болатын. Соған қарамастан механизатор егін жинау жұмысын тоқтатпай, техниканың тілін тауып, алқаптағы өнімді ысырапсыз жинауға үлесін қосуда. Даладағы әрбір қап астықтың, әрбір тонна өнімнің артында осындай маңдай терлі еңбек бар.
– Шаруа қожалық ауылдық округтегі ірі шаруашылықтардың бірі. Егін және мал шаруашылығымен қатар айналысамыз. Қожалық 1997 жылы құрылған. Иелігімізде 140 гектар егістік жер бар. Биыл оның 50 гектарына мақсары, 30 гектарына арпа, 60 гектарына көпжылдық шөп – жоңышқа егілген. Мал азығын дайындауда техниканың көмегі зор. Шаруашылықта жаңа техникалар бар. Жаңа тракторлар, комбайн, ГАЗ-53 және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының көмегімен егінді де, жем-шөпті де уақтылы жинап алуға мүмкіндік бар. Биыл қысқы мал азығын да жеткілікті мөлшерде дайындадық,- дейді Сейітжан Сыдықбаев.
Шаруашылықта егінмен бірге мал шаруашылығы да қатар дамып келеді. Мұнда 47 бас ірі қара бар. Оның 25-і сауынды сиыр. Күн сайын 70-80 литр сүт аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на өткізіледі. Шаруа қожалық төрағасы 2015 жылы жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие алып, ірі қара малдың басын көбейткен. Содан бері мал басын сақтап, сүт өндірісін жолға қоюға күш салып келеді.
Ал биылғы күзгі науқанның негізгі міндеті – мол өнім берген мақсарыны уақтылы жинап алу.
– Қазір мақсары орып жатырмыз. Бұл дақылды бірнеше жылдан бері егіп келеміз. Біздегі сорт – «Нұрлан». Оның қасиетін жақсы білеміз. Биылғы өнімділік көңіл қуантады. Гектарына 10 центнерден өнім алып отырмыз. Өткен жылы мұндай көрсеткіш болған жоқ. Мақсары ыстыққа төзімді дақыл. Өсу кезеңінде арамшөп те қатты әсер ете бермейді.
Ең бастысы – нарықта оған сұраныс бар. Сондықтан шаруалар үшін тиімді дақыл. Өсімдіктің сабағы мен жапырағы тікенекті болғандықтан, оны мал жемейді. Бұл жағынан алғанда мақсарының егістік алқабын қорғауға да пайдасы бар. Қазір орылған өнімді өткізіп жатырмыз. Бір бөлігін тұқымға қалдырсақ, қалғанын май өндіруге өткіземіз.
Мақсарыға берілетін субсидия да шаруаларға қолдау болып отыр. Қазіргі таңда оның келісін 110 теңгеден қабылдауда. Алдағы уақытта өнімді мақсары майын өндіретін кәсіпкерлерге өткізіп, субсидия алуды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа.
Мақсарының қадірін арттырып отырған тағы бір қасиеті – оның жан-жақты қолданылуы. Дәніндегі май мөлшері 25-37 пайызға дейін жетсе, ядросында 50-56 пайызға дейін май болады. Ақшыл-сары түсті сапалы сұйық майы тағамдық мақсатта пайдаланылады. Мақсары халықтық медицинада да өзіндік орны бар өсімдік саналады. Оның жапырағы, гүлдері мен майынан түрлі дәрілік заттар дайындалады. Бұдан бөлек, өсімдік майы сыр-бояу, линолеум, сұйық сабын өндірісінде және басқа да техникалық мақсаттарда пайдаланылады.
Осындай ерекшеліктері мақсарының шаруалар үшін тиімді әрі сұранысы тұрақты дақыл екенін көрсетеді. Қарасаздың сары алқабындағы бүгінгі көрініс – соның айқын дәлелі. Сап-сары болып жайқалған мақсары алқабы бір қарағанда айналаға көрік берсе, екінші жағынан ауылдағы маңдай терлі еңбектің нәтижесін аңғартады.
