Basty bet

Көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді

Жыл сайынғы дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын табуда. Елдің тыныштығын күзеткен шекарашылар тек шепте ғана емес, қайырымдылық істерде де алдыңғы қатардан табылып, ел алғысына бөленуде. Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі бірқатар шекара бөлімшелерінің басшылығы мен жеке құрамы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға үлкен қуаныш сыйлады.
Игі шара аясында «Жасөркен» шекара бөлімшесі ерекше белсенділік танытты. Аталған бөлімше тарапынан жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға мектепке қажетті оқу құралдары, жаңа оқу жылына арналған киім мен аяқкиімдер сыйға тартылды. Ал, «Ақсуат» шекара бөлімшесі жеке құрамының атынан балаларға оқу керек-жарақтары салтанатты түрде табысталып, оқушылардың көңіліне қанат бітірді.
Сауапты іс басқа да шекара заставаларында жалғасын тапты. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы шекара бөлімшесінің офицері, лейтенант Е.Кемелдің ұйытқы болуымен Алатау ауылының тұрғындарына, нақтырақ айтқанда, көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына мектеп құралдары жеткізілді. Сонымен қатар, «Айша бибі» шекара бөлімшесінде аға лейтенант Е.Өмірханның бастамасымен және «Қайынды» бөлімшесі шекарашыларының қатысуымен қайырымдылық іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Бұл күні балалардың жүзіндегі күлкі мен ата-аналардың айтқан ақ жауын алғысында шек болмады.
Шекарашылардың бұл қамқорлығы – тек материалдық көмек қана емес, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың сапалы білім алуына, олардың қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасуына қосылған зор үлес. Отансүйгіштік пен жанашырлықты ту еткен әскерилер «Мектепке жол» акциясы арқылы кішкентай бүлдіршіндерге үлкен үміт пен сенім сыйлады. Ел іргесін бүтіндеп, халыққа қорған болған азаматтардың дендеріне саулық, ел игілігі жолындағы қызметтеріне толағай табыс тілейміз!

Камила Әбсеметова,
кітапхана меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close