Бұрынғыдай емес, ауданда күн сайын көлік тізгіндеген тұрғындардың қатары артуда. Тіпті, кей үйлерде бір емес, бірнеше автокөлік бар. Десе де, көлік көбейгенімен, оны тұтынушылар саны азайған жоқ.
«Жол мұраты – жету» демекші, бүгінгі күні діттеген жерімізге тез жету үшін көбіне ақылы такси қызметіне жүгінеміз. Өзім де бұл қызметтің тұрақты тұтынушысымын. Сондағы бір байқағаным, такси жүргізушілерінің арасында жасы келген егде кісі де, тепсе темір үзер жігіт ағасы да бар. Бұл қызметтің болашағы қандай? Аудандағы такси қызметі қаншалықты талапқа сай әрі қауіпсіз? Көкейде сұрақ көп. Олай болса, жауабын саралап көрейік…
Заман талабына сай болу керек, бүгінде көшеде қол бұлғап, такси тоқтататын тұратындар некен-саяқ. Өйткені, қалтафонның көмегі арқылы үйіңізге дейін такси шақыртуға болады. Ақылы такси қызметінің бірін таңдап алып, қоңырау шалсаңыз болды, әп-сәтте есігіңіздің алдында тұрады. Бұл біз үшін ең қолайлы қызмет түрі болғанымен, заң жүзінде талапқа сай ма деген заңды сұрақ туындайды осындайда.
Жалпы халықаралық талапқа сай такси қызметіне қойылатын бірнеше міндет бар. Олар – жүргізушінің қырағылығы мен сыпайылығы, көліктің қауіпсіздігі, таза болуы, техникалық байқаудан өтуі, сондай-ақ такси жүргізушісінің кем дегенде 5 жыл көлік жүргізген тәжірибесінің, диспетчер, таксометрдің болуы.
Халықаралық стандартқа сүйенсек, мұның барлығы кез келген адам таситын көлікте болуы қажет. Ал біздегі такси қызметі бұл үдеден шыға алып жүр ме? Осы ретте, біздің ауданда бір емес бірнеше ақылы такси қызметі жұмыс істейді. Олар «Жуалы-Нар-Сад», «Ақ жол», «Алло!», «Алға» және «Азия» ақылы такси қызметі. Мақаланы жазу барысында жүргізушілермен жолығып, мән-жайды сұрастырған едік.
– «Алға» ақылы такси қызметі өз жұмысын 2020 жылы ақпан айында бастады. Алғаш ашылғанда такси құны 250 теңгені құраса, кейіннен 300-ге, ал қазіргі таңда 400 теңгені құрап отыр. Бізде 15-20 көлік және 20 көлік жүргізушісі бар. Барлық қызметкер талапқа сай жүреді. Үш оператор қызметкер қыз бар. Оператор қыздар үйлерінде отырып, телефон арқылы жұмыс жасайды. Офисіміз болған еді. Алайда, көгілдір отын, жарығын төлеу оңайға соқпады. Сондықтан үйде отырып, жұмыс жасауға тура келді, – деген «Алға» такси қызметінің басшысы Еділ Садақбаев арнайы отыратын кабинет және такси қызметіне тұрақжай берілсе деген ұсынысын қоса жеткізді.
Ал, «Ақ жол» такси қызметінің ісін жүргізуші Динара Жұманқызының сөзінше, такси қызметін ол ағымдағы жылдың ақпан айында сатып алған. Мұнда үш көлік және үш такси жүргізушісі қызмет етеді. Тұрғылықты орындары жоқ. Такси жүргізушілерінің әрқайсысы жеке қалта телефондарымен жұмыс жасайтын көрінеді.
– Маған қосымша такси жүргізушілері және оператор қыз керек. Лицензия жоқ. Лицензия алу үшін қосымша қаражатың болу керек, ал мен көпбалалы әрі жалғызбасты анамын, – дейді Динара Ширкеева.
Одан бөлек, 2014 жылдан бері халық игілігі үшін қызмет көрсететін «Жуалы-Нар-Сад» такси қызметінің жұмысы жүйелі деуге әбден болады. Олардың арнайы офисі, тұрғылықты орны, 15 көлік жүргізушісі және 10 көлігі бар. Мұнда ауысыммен үш оператор қызмет етеді. Қызметкерлердің басым көпшілігі егде жастағы, тәжірибелі азаматтар. Бұл таски қызметін жуалылық Әбіл Қалтаев есімді азамат басқарады. Бірақ өкінішке орай, басшысымен тілдесе алмай, біздің сұрақтарымызға оператор апай Шакизада Бейсембек жауап берді.
– Қызметкерлердің ақысы күндігіне төленеді. Әр қызметкер жұмысқа сақадай-сай дайындықпен келеді. Қызметкерлердің барлығының жұмысқа деген жауапкершілігі жоғары деп айта аламын, – дейді ол.
Жолаушылар не дейді?
Статистикалық мәлiмет бойынша, тұрғындардың 70 проценті жоқ дегенде айына бiр рет такси қызметiн пайдаланады екен. Тұрақты тұтынушы ретінде мен үшін де чаттан такси шақырған қолайлы. Бұл оймен біршама тұрғынның келісері анық.
– Мен көбіне балаларымды балабақша мен мектепке апару үшін такси қызметін пайдаланамын. Бағалары қолжетімді, әрі тез келеді. Әсіресе, таңертең асыққанда барар жеріңе тез жетесің. Ақылы такси қызметін ашқан адамдарға ризамын, – дейді ауыл тұрғыны Роза Мақашева.
– Соңғы кезде такси қызметін жиі қолданып жүрмін. Себебі, қай кезде тапсырыс берсең де, базардан азық-түлік алдырар болсаң да әйтеуір көлік дайын тұрады. Тек бір айта кетерлігі, сол такси қызметінде жүрген кәсіпкерлерден басқа жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке адамдар бар. Олардың заңды түрде тіркелген-тіркелмегенін білмейміз. Кейде жол апаты болған жағдайда жолаушылардың өміріне жауаптыларды табу қиынға соғады. Сол үшін алаңдаймын, – дейді ауыл тұрғыны Сұлтан Байқожаев.
Үлкен қалалардағыдай такси қызметі күннен-күнге көбеюі, тұрғындар үшін қуантарлық жағдай.
Кәсібіне деген адалдық
Такси қызметін ұсынушылар үшін де бәрі оп-оңай емес. Өйткені, түрлі адам, түрлі мінез, түрлі жағдай. Осыған орай, таксидің де түр-түрі бар. Кейбірі жолақысын сұрасаң «бергеніңді аламын, қалқам» десе, енді бірі көбірек алғанды құп көреді. Мұнысын «бензин қымбат, нан-пұлымызды ажыратуымыз керек» деп ақтап алады. Хош. Бұл жеке такси қызметі. Ал біздің айтып отырған ақылы такси қызметтері, оның ішінде «Жуалы-Нар-Сад», «Алға», «Азия» такси қызметтері қайырымдылық істерден де қалыс қалмайтын көрінеді. Олардың «Алла разылығы үшін» жолаушыларды тегін тасымалдайтын кездері де болады. Мешіт жанынан ұйымдастырылған қайырымдылық шараларына жәрдем беру үшін де аудан азаматтары ақысыз қол ұшын созады.
Сонымен бірге, айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айында және Құрбан айт мерекелерінде, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде де жолаушыларға жолақысын біршама төмендетіп немесе тегін тасымалдайды.
Қайырымды жандардың қайырлы істері мұнымен шектелмек емес. Күн суықта тоңып тұрған кісіні, баламен келе жатқан жас аналарды тегін тасымалдап жүрген таксилер де арамызда бар.
Келешегі қандай болмақ?
Таяқтың екінші ұшы тағы бар екені белгілі. Таразының бірінші жағы тұрғындар болса, екінші жағында такси кәсібінен нәпақа тауып жүрген адамдардың тағдыры. Бірі – тек қосымша жұмыс ретінде қарап, бос уақытында табыс табады. Ал енді бірі – зейнет жасындағы аға буын. «Үнемі жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан, үйде байыз тауып отыра алмаймын. Сондықтан «халыққа қызмет еткім келеді?» дейді олар.
– Зейнет жасына шыққаннан соң, үйде байыз тауып отыра алмайсың. Әйтеуір бір іспен шұғылдануың керек сияқты болады да тұрады. Ойлана келе, неге ақылы такси қызметінде жұмыс істемеске деп, такси қызметіне жұмысқа орналастым, – дейді өзінің аты-жөнін айтудан бас тартқан зейнеткер.
Міне, байқағанымыздай, жолаушылар тасымалы саласы бойынша жауапты мекемелер жұмыс жасап жатқанымен, бүгінде ауданда заңды түрде тіркелмеген жеке меншік тасымалдаушылар да бар.
Қай такси қызметінің офисіне барсаң да, қайнап жатқан өмірді көресің. Бірі қаладан ауылға, бірі ауылдан қалаға, енді бірі ауыл арасына такси іздеп, такси қызметінің операторларына толассыз қоңыраулар түсуде. Не дегенмен, бұл да бір кәсіп түрі…
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»