Basty bet
Алқабилердің қатысуымен іс жүргізу
Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және “Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк- құқықтық актiлерiнен тұрады.
Алқабиге кандидат – Қазақстан Республикасының Қылмыстық- процестік кодексiне сәйкес кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың бірыңғай тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы.
Алқаби – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақыртылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы.
Алқаби-санасы заң қағидаттарының ықпалынан тәуелсіз, қылмыс жасаған адамның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі туралы шешім қабылдаған кезде тек ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін басшылыққа алатын алқа құрамына қылмыстық істер жүргізу заңының талабына сай іріктеліп алынған адам.
Қазіргі таңда қабылданған заңдарға сәйкес алқабилердің қатысуымен қаралатын істер, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткізіледі.
Алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу қылмыстық істерді қарауға және шешуге халық өкілдерін тарту болып табылады. Бұл жерде сот құрамы бір жағынан қылмыстық оқиғаның болған немесе болмағанын анықтау және қылмыс болған жағдайда жаза тағайындау мәселелерін шешуге құқық берілген кәсіпқой емес алқабилерден, екінші жағынан барлық мәселені құқықтық тұрғыдан шешуге құқылы кәсіпқой судьядан тұрады.
Алқабилердің сот процесінде сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысып, төрағалық етуші арқылы сұрақтарын қойып, сот тергеуіндегі барлық әрекеттерге қатысуға толық мүмкіншілігі бар.
Алқабилерді сот отырысына іріктеу «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «SMART DATA UKIMET» бағдарламасына қажетті алқабиге кандидаттар санын көрсете отырып, сұрау жолданады. Ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде алқабилердің тізімдері «SMART DATA UKIMET» бағдарламасында қалыптастырылып, нәтижесі «Төрелік» ақпараттық жүйесіне түседі.
Алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын санаттағы істер бойынша айыпталушы, сотталушы қылмыстық процестік кодексінің талаптарына сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және де алдын ала тыңдауды өткізу аяқталғанға дейін өзіне қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін беруге құқылы. Осындай өтініш беріліп, оны қолдаған жағдайда міндетті түрде қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады.
Судья алқабилердің қатысуымен басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда келушілердің саны кемінде жиырма бес адам болатындай етіп сот отырысына шақырылуға тиісті алқабиге кандидаттардың жалпы санын анықтайды. Қаулы шығарылғаннан кейін сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетілген алқабиге кандидаттарды алқабиге іріктеу үшін олардың сот отырысына келуін қамтамасыз ету туралы өкім береді. Судьяның өкімі бойынша сот отырысының хатшысы алқабиге кандидаттарға сот отырысына келу туралы хабарламалар жолдайды. Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті. Азаматтардың дәлелсіз себептермен келмей қалуы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейін төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы біріңғай (жылдық) тізімнен алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргізеді. Бір сол адам сот отырысына алқаби ретінде жылына бір реттен артық қатыса алмайды. Төрағалық етушімен сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды іріктеу өткізіліп, яғни алқабиге кандидаттарды істі қарауға қатысудан босату, өздігінен бас тарту және қарсылық білдіру туралы мәселелері шешіліп, істі қарайтын алқабилер құрамы құралады.
Қылмыстық істер құрамында 1 судья және 10 алқабилермен қаралады (алқабилерді іріктеу кезінде 12 адам сайланады, оның ішінде екі алқаби қосалқы болып табылады және егер алқаби негізгі құрамнан шығып қалса, қосалқы құрамның алқабиі істі қарауға қатысады.)
Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төлейдi. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде өтеледi. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады. Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Алқабиге мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық iстi жүргiзетiн орган, егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, «Алқабилер туралы» Заңда көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 653 бабына сай, процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк), ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 655 бабына сай, алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн азаматтың шақыру бойынша дәлелді себептерсіз сотқа келмеуi, ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 657 бабына сай, алқабидiң сот талқылауында iстi қарауға байланысты, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген міндеттерді орындамауы, сондай-ақ шектеулердi сақтамауы жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға және осы баптың екінші бөлігіне сай, алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттетуге әкеп соққан дәл сол әрекеттер жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Нұржан Қадірбек,
Жамбыл облысы бойынша
мамандандырылған ауданаралық қылмыстық
істер жөніндегі
соттың төрағасы