Basty bet

Отыз бес жылдан бері бүлдіршіндермен бірге

Бала жанының бағбанына айнала білген нағыз педагог, ізденімпаз жан – Толғанай Борантаева өз саласының нағыз шебері. Ол Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық колледжінде оқып білім алған. Ең алғаш 1987 жылы тәжірибеден өтуге келген жас маманның жұмысқа деген қабілеті, ынта-жігері ұжымның және басшылықтың көңілінен шығып, сол жылдан бері еңбек жолын аудан орталығындағы №5 «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі қызметімен жалғастырып келеді.

Ол осында жұмыс істей жүріп, жоғары білім алуды да ұмытқан жоқ. 2011-2014 жылдар аралығында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие мамандығының жоғары білімі жөніндегі дипломын қолына алды. Ол тәрбиеші болып, 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ұрпақ тәрбиесін жылдар бойы абыроймен атқару оңай шаруа емес. Педагог маманның бойында ерік-жігердің мықтылығы, жұмысына, жүріс-тұрысына, тіпті киім-киісі бәрі-бәрі баланың болашақ өміріне тікелей байланысты болғандықтан, өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Толғанай Борантаева бүгінде жоғары санаттағы тәрбиеші.
Толғанай Артықбайқызына өзі еңбек ететін ұжым мүшелері де, күнделікті алдына келген жас бүлдіршіндер де және олардың ата-аналары да дән риза. Себебі, өзіне тән еңбекқорлық, табандылық, мәселені дер кезінде шеше білу, бала жанын тереңінен түсініп үңіле білу, ұлағатты ұстаздың ғана бойынан табылатын асыл қасиет. Ол үлкен шеберлікті, кәсіби біліктілікті қажет ететіні сөзсіз. Өңірдегі бөбектердің ортаға дұрыс бейімделуіне, тілінің дұрыс анық қалыптасуына, ой-моторикасының жан-жақты дамуына аянбай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.
Еңбек адамды барынша ептілікке, тиянақтылыққа, жауапкершілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Әр саланың өзіне тән қиыншылықтары мен қызықты сәттері бар. Осы орайда, еңбегімен ұрпақтар сабақтастығының нәзік үлгісін тұтатып, бүлдіршін жүрегіне кілт таба білген аяулы жан. Балаларға мектепке дейінгі білімнің, тәлім-тәрбиенің дәнін себе білді. Ардақты ұстаз баланың жеке тұлға ретінде өмірде қалыптасуына бар ынта-пейілін салумен келеді. Бала жүрегіне тереңінен үңіліп оны көре білу асқан қырағылықтың, психологиялық шеберліктің жоғары деңгейінің көрінісі. Заты нәзік болса да, қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып және балабақша ертеңгіліктеріне тыңғылықты әзірленіп, әр баланың дарынын ашуды басты назарда ұстайды. Сонымен бірге, қасиетті домбыраның құлағында күй шертіп, ән айтатын өнері де бар. Ұлағатты ұстаз өз сөзінде, баланың ішкі жан дүниесін толыққанды, білімді, тәжірибелі ұстаз ғана байқап көре алады,- дейді.
-Осы жылдар ішінде 10-ға жуық балабақша түлектер буынын ұшырып, мектепке, қоғамдық өмірге бейімделуіне атсалыстым. Қанша жыл өтсе де шәкірттерім құттықтап, еңбегіме алғыс айтуды әсте ұмытқан емес. Ол ұстазына деген шәкірттерінің құрметі деп білемін. Бүлдіршін кезінен тәрбиеленіп өскен шәкірттерім, бүгінде ауданға танымал, беделді азаматтар мен азаматшалар болып, халқына еңбек етіп жатқандарына қуанамын. Бүгінде, олар әр салада жемісті де табысты еңбек етуде. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы болса керек.
Білім саласына қосқан елеулі еңбегі бар. Атап айтар болсақ, «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты жеке авторлық бағдарламасы жарыққа шықты. Өңірде білім саласында сіңірген еңбегі жіті бағаланып, аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің Алғысхаттарымен марапатталды.
Отбасында жақсы тәлім-тәрбиенің алтын діңгегін ала білгендігінің арқасында қызметте де, ортасында сый-құрметке ие болған жан. Толғанай апай отбасылық өмірімен қатар жауапкершілігі мол жұмысты да абыроймен атқарып келеді.
Көлбастау ауылының тумасы Нұрлан есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, Алланың берген қос перзентінің бойына тәрбиенің бар жақсысын сіңіре білуде. Қос перзенті Эсмира мен Руслан бүгінде жетістіктерімен ата-анасын қуантуда. «Ұлын ұяға, қызын қияға» қондыра білген ана қызметіне адал, еңбекқор жан. Кейіпкерім нағыз еңбек адамы, бала жанының бағбаны.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close