Basty bet

Баба ұрпақтарының байыпты бастамасы

Иә, еліміз Тәуелсіздік алғалы бергі аралықта өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанғандай болғаны рас. Біздің халқымыз кеңестік кезеңде атеистік солақай саясаттың кесірінен ұмыт бола бастаған ата дініміз бен салт-дәстүр, қасиетті тілімен қайта қауышып, ел басына күн туған сонау жаугершілік жылдары еліне қорған болған ата-бабаларының рухын қайта ұлықтап, бір сөзбен айтқанда, түп-тамырымызға қайта орала бастағандаймыз. Ұлтымыздың рухани түлеуі деп осындай игілікті істерді айтсақ жараспай ма?!

Топырағы қасиетті Жуалы жерінің малға да, жанға да жайлы ең бір құйқалы өңірі саналатын Билікөл өңіріндегі Берікқара, Майтөбе ауылдарын жайлаған Шымыр руының бір бұтағы Құттық бабаның ұрпақтары бүгінде қанатын кеңге жайып, өніп-өсіп, ұлағатты ұрпақтар тәрбиелеген текті атаның ұрпақтары. Ынтымағы жарасқан баба ұрпақтары осыдан 15 жыл бұрын «Құттық баба» қорын құрып, бүгінде оның жұмысын жандандырып, бірқатар сауапты істерді атқарып келеді. Оның бір айғағы ретінде 2012 жылы баба ұрпақтарының күшімен Билікөл өңірінде («Жамбыл-Қаратау-Жаңатас» автожолының бойында) Құттық бабаға арнап кесене тұрғызылған болатын. Кесененің ашылуына байланысты жан-жақтан қонақтар шақырылып, үлкен ас ұйымдастырылып, ат шаптырылғаны оған қатысқандардың әлі де есінде болар. Міне, содан бері баба ұрпақтары жыл сайын ата-баба әруағына Құран бағыштап, кесене басында құдайы тамақ таратып, кейінгі жас ұрпақ тәлім-тәрбие аларлықтай игілікті де сауапты істерді ұйымшылдықпен атқарып келеді.
Өткен аптада Құттық баба ұрпақтары кесене басында бас қосып, жылдағы дәстүрге сай осында ақ дастарқан жайып, ас таратты. Олар өмірден өткен ата-бабаларының рухын тағы бір ұлықтады десе де болады. Осыған байланысты Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылында кіші футболдан 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында «Ұрпағы рулы ел болған Құттық бабаның» атты еске алуға арналған облыстық турнир ұйымдастырылды.
Аталған турнирге біздің өңірмен қатар, Түркістан облысының Түлкібас, Сайрам аудандарынан да жас аяқдоп шеберлері келіп қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, көрші облыстан «Шымкент» және «Түлкібас» командалары бақ сынауға келсе, Жуалы ауданынан «Билікөл», «Жуалы» командалары да ойын барысында барын салып бақты. Сонымен қатар, Жамбыл және Талас аудандарының да командалары жақсы ойын өрнегін көрсетті деуге болады.
Барлығы алты команда қатысқан тартысты ойын таңертең басталғаннан түске жақын аяқталды. Тартысты өткен ойындардың қорытындысында ақтық сынға Шымкент пен Жамбыл ауданынан келген команда жолдама алды. Нәтижесінде І орында «Түлкібас» командасы иеленсе, Жамбыл ауданының командасына ІІ орынның жүлдесі бұйырды. Үздік үштікті жергілікті «Жуалы» командасы түйіндеді.
Облыстық турнирде үздік өнер көрсетіп, жүлдегер атанған командалар «Құттық баба» қорының атынан Диплом, кубокпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Турнир жүлдегерлерін баба ұрпақтарының көрнекті өкілі, әділет генералы, Жуалы өңірінен шыққан айтулы азаматтың бірі Ғабит Миразов марапаттады.
Иә, дәл осы күні Қарабастау ауылындағы №3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепті (бұрынғы Билікөл орта мектебі) 1982 жылы бітірген түлектер туған ауылдарында бас қосып, бірқатар сауапты істердің ұйытқысы болды. Қасиетті Қарабастау ауылынан түлеп ұшқан әділет генералы Ғ.Миразов бастаған түлектер іс-шара барысында мектепте сабақ оқытып, тәлім-тәрбие берген ұстаздарының (марқұмдардың) рухына Құран бағыштап, көзі тірілеріне сый-құрмет жасады. Мектептің үздік ұстаздары мен үздік оқитын түлектеріне де қомақты сый жасалды. Сонымен қатар, Қарабастау ауылының атын үлкен әріптермен жазған инсталляцияны сыйға тартты. Бір сөзбен айтқанда, бұл күні қарабастаулық тұрғындар шын мәнінде мерекелік көңіл күйді сезінді. Мұның бәрі әрине, жас ұрпақ тәлім-тәрбие аларлықтай игілікті шаруаның бірі болғаны анық.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close