Basty bet

«Ауылым – алтын бесігім!»

өнер фестивалі Бақалы ауылынан бастау алды

Ауданымызда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын бесігім!» атты өнер фестивалі басталды.
Фестиваль Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойына арналды.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнерде өзіндік орны бар талантты жандардың барлығы ауылдан нәр алған. Ауыл – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпаққа насихаттау, ауыл тұрғындарына рухани демалыс сыйлау мақсатында ұйымдастырылған фестиваль сәрсенбі күні Көкбастау ауылдық округіне қарасты Бақалы ауылынан бастау алды.
Ауыл стадионында өткен өнер кешіне ауылдың үлкен-кішісі жиналды.
Стадионда тақырыпқа сай кітап көрмесі мен қолөнер бұйымдарынан көрме дайындалған. Бір шетте ауыл келіндері бауырсақ пісіріп, көпшілікке таратса, бір шетте ауыл тұрғындары қымыз бен сусын көжеден дәм татты.
Фестиваль басталмас бұрын аудандық «Қазына» квартетінің әншілері, мәдениет саласының ардагерлері Ришад Қуанышев, Бақытжан Абдалиев, Серік Сметов пен Бекзат Жұматаев өнер көрсетті.
Іс-шараның алғысөзін аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, орынбасары Әбуғали Ералиев, Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, Көкбастау ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейтаев сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Адагерлер ауылды дамыту мен көркейту мақсатында үкімет тарапынан қолға алынған шаралар, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесі туралы ой қозғап, ауыл жастарын мемлекетшіл, отаншыл болуға шақырды.
Сейітхан Шерелханұлы Бақалы ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз, облыс көлемінде жас ұрпақ тәрбиесінде өзінің белсенділігімен көзге түсен қария Аташбек Әмірқұлды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың арнайы Дипломымен марапаттады.
Ауыл тұрғындары Беташар рәсімін көрсетті.
Шараның концерттік бағдарламасы ардагер ұстаз Аташбек Әмірқұлдың бастамасымен құрылған «Ата-Мұра» ұлт аспаптар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен басталды.
Аташбек Әмірқұл жасы 70-тен асса да әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеуден қол үзбей, яғни, ауыл жастарына домбыра тартуды үйретіп, игі іске жұмылдырып келеді. «Ата-Мұра» ұлт аспаптар ансамблінде жұбайы Доғдыркүл Нұрова қобызда, екі немересі домбырада ойнады. Отбасында да, қоғамда да жас ұрпақты өнерге баулыған қарияның құрған ұлт аспаптар ансамблі бірнеше күй тартып, бірнеше әнді сүйемелдеді.
Ауыл өнерпаздары ауыл кешін әдемі ән мен күйге бөледі. Ауылдың әншісі де, бишісі де шетінен талантты. «Айкөркем» би тобы «Шашу», «Аққу», «Гүлдер» биін билесе, «Көзайым» үштігі Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри мен сағындырған әсем әндерді тарту етті.
Фестивальда «Асыл әжелер» ансамблі, «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Салтанат Рәпілбекова мен «Бақалы» бөбекжай- балабақшасының тәрбиешісі Гүлнұр Жұмағұлова, Теріс ауылдық клубының мамандары Бағила Күзембекова мен Раушан Искакова, Бақалы ауылдық мәдениет үйінің маманы Шыңғысхан Ералиев, ауыл тұрғыны Бақтияр Аташбек пен Бостан Ерқанат та өнер көрсетті.

Перизат Шымыртайқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close