Basty bet

«АУЫЛ LIVE: бәріміз бірге!»

фестиваль аясында Нұрлыкент және Жетітөбе ауылдық округтері өнер көрсетті

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген даналықты бабаларымыз тегін айтпаса керек-ті. Адамзат баласына өзінің туған еліндей ел, туған жеріндей қастерлі жер болмақ емес. Ауыл – алтын бесік! Ұлттық рухтың, сана мен салттың, дәстүр мен ғұрыптың алтын діңгегі болған осынау қасиетті қара шаңырақ ауылды қастерлеу – барлығымызға асыл парыз.

Өңірде осыдан бірер апта бұрын бастау алып аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен өтіп жатқан «Ауылым – алтын бесігім!» атты дәстүрлі фестиваль бұл жолы Нұрлыкент ауылында ұйымдастырылды. Дәлірек айтқанда, «Ауыл LIVE: Бәріміз бірге!» аталатын мерекелік іс-шараны Нұрлыкент және Жетітөбе ауылдық округтері бірлесіп ұйымдастырды. Өңір халқы көптен күткен бұл мәдени іс-шара биыл атап өтілетін – Ұлы Жеңістің 80, ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбаевтың 180, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115, сонымен қатар, ҚР Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерейтойларына орай өткізілу үстінде.
Иә, сәрсенбі күнгі қолайсыз ауы райына қарамастан Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінің ауласына тұрғындар көптеп жиналды. Осыған қарап-ақ ауылдықтардың мерекені сағынып қалғаны байқалғандай. Сол күні қатты желге байланысты кітап және ұлттық қолөнер көрмелері мәдениет үйінің үлкен залына қойылды. Кеш қонақтарына ең алдымен кітап және ұлттық қолөнер көрмелері таныстырылды.
Мәдениет үйінің фойесіне ауыл өнерпаздары мен үйірме мүшелерінің түрлі өнер бәйгелерінде еншілеген жетістіктері таныстырылса, екінші кезекте «Көненің көзі – асыл қазына» көрмесі, Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ ауылдық клубының жетістіктері мен өнерпаздардың киім үлгілері, қуыршақ театры, ауыл тұрғындары мен жергілікті ісмерлердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрмесі, «Абай әлеміне саяхат» кітап көрмесі, Конституцияның 30 жылдығына арналған көрме, сонымен қатар, қазақ халқының қаһарман перзенті, Батыр Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған көрмелер кеш қонақтары мен ауыл тұрғындарының қызығушылығын тудырғаны анық. Айта кету керек, тақырыптық көрмеге тұрмыста қолданылған қол диірмен, шырағдан, ер-тұрман, т.б. ескі бұйымдар қойылған.
Мерекелік кештің ашылуында сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және аудан әкімінің кеңесшісі Әбдікерім Уркумбаев биылғы атаулы даталарға орай ұйымдастырылған аудандық өнер фестивалінде ұлттық рухани құндылықтар мен халықтық салт-дәстүрлердің кеңінен ұлықталып, бұл өз кезегінде өскелең ұрпаққа тәлім мен тәрбиенің көзі екенін айтып, ауылдық округтің тұрғындарын ел өміріндегі айтулы мерекелермен құттықтады. Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев фестивальдің мақсат-міндеті мен өту барысына кеңінен тоқталды.
«Ауылым – алтын бесігім!» атты өңір өнерпаздары ұйымдастырған өнер фестивалінің негізгі бөлімінде әндер шырқалып, би биленіп, т.б. өнер түрлері көрерменге ұсынылды. Атап айтқанда, іс-шара Шыңбұлақ ауылдық клубы мамандарының орындауындағы әсем әнмен ашылды. Оны бір топ бүлдіршін бимен көркемдеді. Ары қарай Нұрлыкент ауылдық «Асыл аналар» әуесқой әжелер клубы мүшелерінің орындауындағы (жанды дауыста) «Ассалаумағалейкүм!», «Туған жер» әндері көрермен көңілінен шықты деуге болады. Одан бөлек, «Сылқым» би тобының орындауындағы «Ер Тұран», «Қыз келсе қуан өмірге» әні мен қойылымы, сонымен қатар, Қ.Жұпбағамбетова «Ауылға барам», М.Резникова «Казахстан – наш общий дом!» және «Желсіз түнде жарық ай» әндері, т.б. ән мен билер көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны анық.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close