Basty bet
Тәуелсіздікпен бірге еңсе тіктеген ауыл
Аудан орталығына іргелес жатқан Көкбастау ауылдық округінде төрт елді мекен бар. Яғни, Көктөбе, Қосбөлтек, Бақалы және Теріс ауылдарында 534 аулада 3178 жан тұрады. Ауылдық округте қазақ халқымен бірге орыс, украин, қырғыз, неміс, удмурт, чуваш ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
Ауылдық округ тұрғындары мал, егін шаруашылығымен бірге жеке кәсіпкерлікпен де айналысуда. Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласының аясы кеңейіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда кәсіпкер азаматтар көп көмегін тигізуде.
-Ауылдық округте екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен 128 шаруа қожалық және 78 жеке кәсіпкер жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік салаға тоқталып өтсем, бір-бірден токарьлық цех, наубайхана, тігін цехы, монша, ағаш ұстаханасы және бірнеше азық-түлік дүкендері бар.
Төрт елді мекеннің де тұрғындары көгілдір отынмен, ауызсумен қамтылған. Округте үйіне газ тартылмаған екі үй бар еді. Биыл бір үйге газ кіргізілді.
Көктөбе, Қосбөлтек, Теріс ауылдарындағы ауызсу құбырлары “Жуалы су” мекемесіне қарайды. Тек Бақалы ауылына ғана су өздігінен ағып (сомотек) келеді. Бақалы ауылына ауызсу жүйесін жүргізу мәселесі бойынша 483,264 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Келесі жылы ауылға ауызсу жүйесі жүргізіледі деген жоспар бар.
Биыл Көктөбе ауылындағы Бейсен ата көшесі асфальтталды. Иманалы көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен бірге Көктөбе орта мектебінен Қосбөлтек ауылына дейін және мектептен Жапарқұл көшесіне сай арқылы қиып өтетін жаяу жүргіншілер жолы салынып, сайдағы жолаушылар өтетін көпір жаңартылды. Жыл соңына дейін Жапарқұл көшесін жарықтандыру жұмыстары аяқталады және сай арқылы өтетін жаяу жүргіншілер жолына жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Бақалы ауылында аудандық бюджеттен шағын футбол алаңшасы және жанына төртінші бюджеттен балаларға ойын алаңшасы мен Street Workaut салынды. Сондай-ақ Көктөбе ауылында шағын футбол алаңшасы мен жанына Street Workaut салынып, тұрғындарға пайдалануға берілді,- дейді ауылдық округ әкімі Мәлік Сейтаев. -Округтегі шаруалар жылдан-жылға техникаларын жаңартуға тырысуда. Мәселен, биыл Нұржан Нұрпейісовтың иелігіндегі “Сағындық” шаруа қожалығы лизингке трактор сатып алды. Сонымен бірге “Ақ шағала” және “Тәліп” шаруа қожалықтарының иелері Кенжехан Раздықов пен Ерсін Тәліп те лизингке техника алуға құжаттарын дайындап отыр.
Ауылдық округтегі диқандар негізінен арпа, бидай, картоп, сәбіз, қырыққабат, қант қызылшасын және құлпынай егуде. Құлпынай өсірумен айналысатын “Бақыт” шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Қалдыбеков бір гектар құлпынай алқабына тамшылатып суғару технологиясын енгізді.
Ауылдық округте мал бордақылаумен айналысатын, сауынды сиыр асырап, сүт өндіретін шаруалар да жетерлік. Атап айтқанда Ержан, Нұржан Мәмбеталиевтар, Байжігіт Жұмағұлов, тағы да басқа азаматтар мал бордақыласа, Беріккүл Айнабекова, Мұхтар Қартабаев, Нұрбек Райысов сынды, тағы да басқа азаматтар сауынды сиыр өсіруде,- дейді Мәлік Сейтаев.
Ауылдық округте келер жылы атқарылар жұмыстар да жеткілікті. Нақтысын айтқанда, Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, ауылдан мәдениет үйін салу, Бақалы ауылынан фельдшерлік акушерлік пункт салу жұмыстары жоспарланған.
Одан бөлек, төртінші бюджеттен Теріс ауылынан Нұрлыкент ауылына өтер жаяу жүргіншілер көпірін салу, Бектеміс көшесінің артындағы дамбыны жөндеу де келер жылдың жоспарына кірген.
Бақалы ауылына ветеринарлық пункт салу, аудандық бюджет есебінен Қосбөлтек ауылындағы Қойбақов көшесін жөндеу, “Жуалы су” мекемесі тарапынан осы ауылдағы су мұнарасын жөндеу, Қосбөлтек, Теріс ауылдарынан шағын ойын алаңшасын салу да жоспарда бар.
Биыл ауыл азаматы Ермек Сейдалиевтың демеушілігімен 3 млн теңгеге Бақалы ауылына кіреберіске “Бақалы” стелласы орнатылды. Ауылдық округте патриот азаматтардың ұйымдасуымен жоспарланған жұмыстар әлі де бар.
Иә, ауыл гүлденсе – ел гүлденеді. Ауыл түлесе – қазақ түлейді. Ауыл – ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі. Ауылым деген арқа сүйер азаматтарымыздың арқасында Тәуелсіз еліміздің еңсесі биіктей берсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»