Basty bet
Орын алған қателікті қайта қайталамауымыз керек!
Апта басында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде бірінші болып қаралған 2023 жылдың қорытындысымен аудан аумағында бөлінген қаржының игерілуі, салық түсімі және мемлекеттік сатып алу нәтижесінің орындалу мәселелері туралы аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев баяндама жасады. Баяндамашының айтуы бойынша, 2023 жылы аудан бойынша бірыңғай ұйымдастырушы тарапынан жалпы 95 ашық конкурстар өткізілген. Оның ішінде: орта жөндеу жұмыстары бойынша 39 ашық конкурс, қызметтерді сатып алу бойынша 39 ашық конкурс, құрылыс нысандары бойынша 2 конкурс, ағымды жөндеу жұмыстары бойынша 5 ашық конкурс, сатып алу бойынша 2 ашық конкурс, ЖСҚ әзірлеу бойынша 8 ашық конкурс жарияланып, мердігерлері анықталған.
Ал, 2024 жылға «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдық округтерде 28 жоба (орта жөндеуге) қолдау тапқан. Олар: Ақсай ауылдық округінде 2 жоба; Көкбастау ауылдық округінде 1 жоба; Мыңбұлақ ауылдық округінде 4 жоба; Қарасаз ауылдық округінде 1 жоба; Билікөл ауылдық округінде1 жоба; Нұрлыкент ауылдық округінде 5 жоба; Қызыларық ауылдық округінде 1 жоба;Боралдай ауылдық округінде 4 жоба; Күреңбел ауылдық округінде 1 жоба; Шақпақата ауылдық округінде 4 жоба; Б.Момышұлы ауылында 4 жоба.
Сонымен бірге аудандық бюджеттен он жоба қолдау тапқан. Олар Билікөл, Жетітөбе, Боралдай, Қызыларық, Шақпақ, Қошқарата ауылдық округтері мен Б.Момышұлы ауылына тиесілі жобалар.
-Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі аудан әкімінің 2023 жылдың 11 сәуірдегі №76 қаулысына сәйкес, аудандық бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы болып табылады.
ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы №1127 «Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелерін анықтау туралы» бұйрығына сәйкес, сатып алулар бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға берілуі қажет. Осыған байланысты, 2024 жылға жоспарланған бюджеттен (Республикалық, облыстық, аудандық) қарастырылатын сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарланған тізімін ағымдағы жылдың 8 қаңтарына дейін өтінім беру туралы ауылдық округтерге тапсырма берілген,- дей келіп Н.Сауырбаев алайда ауылдық округтер өтінімдерін кешіктіріп ұсынғанын жеткізді. Ең соңынан өткізген Көкбастау ауылдық округі мен Б.Момышұлы ауылдық әкімдігі.
Аудан әкімі ауылдық округ әкімдерінің бұл әрекетін орындаушылық тәртіптің төмендігі, жұмысқа деген немқұрайдылық деп бағалайтынын ескертті.
– Мұндай қателіктер бұған дейін орын алды. Орын алған қателікті қайта қайталамауымыз керек. Осындай немқұрайдылықтың салдарынан жоспар орындалмайды немесе сапасыз орындалады. Жұмыстың нәтижелі болуы сіздердің жұмысты ұйымдастыру қабілеттеріңізге байланысты.
Әсіресе, Б.Момышұлы ауылдық әкімдігі бюджеттік өтінімді кеш өткізесіздер, енді бөлінген қаржыны рәсімдеуде тағы да жайбасарлық танытасыздар. Ауыл әкімі аппаратындағы бұл жұмысқа жауапты маманның жауапкершілігін қарау керек,- деді аудан әкімі.
Ал, қаржының игерілуі туралы аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы баяндама жасады.
Аудан әкімі бөлім басшысына қаралған мәселеге қатысты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің жұмысына мониторинг жасап, баяндаманы сараптау қажеттігін ескертті.
Сонымен бірге Жалғас Әлижанұлы мемлекеттік сатып алуға қатысты жұмысты ұйымдастыруда барлық басшыларға уақытпен санаспай жұмыс істеуді қатаң тапсырды. Сондай-ақ, мейлінше өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын мердігерлермен жұмыс істеуге, әр жобаға мұқият болуға, түзетулер енгізуді қажет ететін жобаларды дер кезінде түзету қажеттігін ескертті.
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов 2023 жылдың қорытындысымен аудан аумағында дене шынықтыру және спорт саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
-Аудандағы үш балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 11 спорт түрі бойынша 1958 оқушы спортпен шұғылданады, 50 жаттықтырушы бар.
Спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындарына спортпен айналысуы үшін қолжетімді. Спорт нысандарының ауыл тұрғындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету кестесі әзірленіп, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Ауданда 2023 жылдың 12 айында 676 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 21020 адам қатыстырылды.
2023 жылы спорт нысандарының саны 6-ға артып, 154-ке жетіп отыр. Оның ішінде: 1 орталық стадион, 1 спорт кешені, 12 үлкен футбол алаңдары, 95 шағын алаңшалар, 45 спорт залдар.
2023 жылы 2 спортзал, яғни Кәріқорған ауылында 1 спортзалына реконструкция жасалды, Жаңаталап ауылында демеушілер есебінен 1 спортзал, Қошқарата, Рысбек батыр ауылдарында жасанды төсенішті футбол алаңшалары мен Street Workout алаңшалары, Көктөбе ауылында 1 футбол алаңшасы салынды.
2023 жылы Ертай және Б.Момышұлы ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Нұрлыкент ауылында демеуші есебінен футбол, волейбол алаңшаларының құрылысы басталды.
2024 жылы Қарасаз, Нұрлыкент, Көлтоған ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы басталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Диқан, Бақалы, Тасбастау, Талапты ауылдарында футбол алаңшаларын салу жоспарланған,- дей келіп Мақсұтбек Әбдіұлы 2023 жылы спортшылардың жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Аудан әкімі үстіміздегі жылы салада қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын сұрай келіп, әрбір өткен іс-шара спортшыларымыз үшін тәжірибе екенін, сондықтан маңызды спорттық шараларды көбірек өткізуді тапсырды. Сонымен бірге спорт саласы бойынша инфрақұрылымды дамытуға арналған жоспар бойынша тиісті ауылдық округ әкімдерін тұрғызып, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»