Basty bet
Мәселелердің шешімі – бюджеттің мүмкіндігіне байланысты
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясы өтті. Оған мәслихат депутаттарымен қатар, аудан әкімдігінің бөлім басшылары да шақырылды. Мәслихат сессиясының жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысты.
Сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ашып, жүргізіп отырды. Жиында бірнеше мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Жуалы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №35-2 «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
Бірінші мәселеге байланысты аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова баяндама жасады.
-Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 109-бабы 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына және аудан әкімінің ұсынысымен аудан бюджетін нақтылау ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, салықтан түсетін түсімдер 70 000,0 мың теңгеге ұлғайтылды. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімінен – 93 778,0 мың теңге қысқартылды. Барлық қаржының көлемі – 163 778,0 мың теңгені құрап отыр.
Бұл қаржы сұраныс жасалған мекемелерге бағытталады. Атап айтқанда, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне – 15 600,0 мың теңге (Жуалы ауданының 95 жылдық мерейтойына және Қоңыртөбе ауылдық клубын ағымды жөндеуге), сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне – 4 000,0 мың теңге (Бәйтерек, Күреңбел, Қайрат және Шақпақата ауылдарына спорт суықтыру кешенін салуға ЖСҚ әзірлеу үшін жер таңдау актісін дайындауға, сонымен қатар аудандық ауыл шаруашылығы, қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімдеріне, сондай-ақ Б.Момышұлы ауылы, Билікөл және Ақтөбе ауылдық округтеріне әртүрлі бағытта тиісті жұмыстар атқаруға қаржы бөлініп отыр. Бұл – тұрғындарға қажетті нақты жұмыстарға қарастырылып отырған қаржылар,- деді бөлім басшысы.
Сессия барысында сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандық мәслихаттың депутаттарына бюджетке нақтылау туралы және бұл жолы мекемелерге бөлінген қаржының қандай мақсатта және қандай қажеттіліктерге байланысты қарастырылып отырғанына нақты түсінік берді. Сондай-ақ аудан басшысы өз сөзінде, өңірдегі түйінді мәселелер бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, бұл туралы халық қалаулыларына тұрғындардың арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырудың қажеттілігін жеткізді.
Сессияда – Жуалы ауданы бойынша 2023 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту туралы, аудан бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді, аудан бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту туралы және ведомствоаралық комиссия құру туралы бірнеше мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»