Basty bet

Өңірдегі жол құрылысының қарқыны қандай?

немесе аудан орталығындағы көше жолдарының құрылысы қашан аяқталады?!

Ауылдың дамуы мен тұрғындардың өмір сүруіне жасалатын қолайлы жағдайлардың барлығы ең біріншіден мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына байланысты екені бәрімізге белгілі. Бұл ретте тұрғындардың сапалы өмір сүруіне қажетті – таза ауызсу жүйелері, сапалы жол, көгілдір отын және электр энергиясы жүйесімен қамтамасыз ету, одан кейін әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету сияқты игіліктерді ауылдық елдімекендерге жеткізу ісінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының атқаратын маңызы зор.
Осыған сәйкес, 2023 жылы Жуалы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында барлығы 27,7 шақырым автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстарының жүргізілгені белгілі. Атап айтар болсақ, ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы (ұзындықтары әртүрлі) орта жөндеуден өткізіліп, тұрғындарға және автокөлік жүргізушілеріне біршама қолайлы жағдай жасалған болатын. Бұл турасында былтырғы газеттің сандарында ұдайы жазылып, жарияланып отырды.
Аудан орталығында және өңірге қарасты бірқатар ауылдық округтерде көше жолдарын жөндеу жұмыстары биыл да өз жалғасын табуда. Оған қазынадан тиісті қаражат та қаралып, мамыр айының басында жұмысты атқаруға жауапты мердігерлер де анықталған. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында өңірде әбден тозығы жеткен көше жолдарын жөндеп, кеңейтуге бөлініп отырған қаражаттың көлемі де қомақты.
Салаға жауаптылардың мәліметінше, биыл ауданда жалпы сомасы – 824 млн теңгеге 28 жобаның аясында көше жолдарының құрылысы жүргізілмек. Одан бөлек, жергілікті бюджеттің есебінен барлығы 11 жобаның аясында жалпы ұзындығы – 11 шақырымнан асатын жол жөнделеді деп күтіліп отыр.
«Жол – экономиканың күретамыры» дейтін болсақ, жол жөндеу – маңызды әрі жауапты жұмыс. Олай болатыны, ел және өңірлер экономикасының жан-жақты дамуы сапалы жол мен қолжетімді қарым-қатынас мәселелерімен тікелей байланысты. Сондықтан, жол жөндеу жұмыстары мен қарым-қатынасты арттыра түсу мәселелеріне Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев баса көңіл бөліп, ел өңірлеріндегі жергілікті атқарушы орган басшылары да баса назар аударып, жұмыстардың сапалы атқарылуына тұрақты бақылау мен қадағалау жасау үстінде. Бұл ретте жол құрылысына қоғамдық бақылаудың да маңызы зор екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді.
«Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында биыл ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерде 40 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен ауыларалық көше жолдарының құрылысы жүргізілетінін сөз басындай айттық. Ал өңірдің айнасы саналатын ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында барлығы тоғыз көше, жалпы ұзындығы бес шақырымнан асатын көше жолы орта жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Алғашқы көше жолдарының құрылысы мамыр айының орта тұсында басталып та кетті. Атап айтқанда, алғашқы кезде Б.Момышұлы ауылындағы Көктем және әл-Фараби көшелерінің жолына асфальт жабынын төсеу жұмыстары толықтай аяқталса, одан кейін орталықтағы В.Латикант (жұмыс аяқталды) және А.Оразбаева көшелері орта жөндеуден өткізілу үстінде. Айта кету керек, жалпы ұзындығы бір шақырымнан сәл ғана асатын аталған көше жолдарын мердігер компания – «ЖамбылДорМостСтройСервис» ЖШС сапалы атқарды.
Жол құрылысы саласында аудан орталығында атқарылып жатқан жұмыстар бар. Онымен қоса, жөнделмей жатқан көшелер де жетерлік. Алдын ала грейдермен сүріліп тасталған көше жолдарының майда тастары жан-жаққа шашылып, автокөлік иелерімен қатар, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық туғызу үстінде. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылындағы Ш.Уәлиханов, Ақ жол және М.Мәметова көшелерінің ескі асфальт жабыны бірнеше айдан бері сырылған күйінде шашылып жатыр. Жол құрылысына ең қажетті материал саналатын асфальттың тапшылығы ма, әлде мердігер мекеме басшыларының жұмысқа деген салғырттығы немесе жауапкершілігінің жоқтығы ма, ол жағы бізге беймәлім. Дегенмен, қайсыбір құрылыс болсын, оған тиісті қаржы бөлінгеннен кейін жұмысты сапалы атқару қажет емес пе?! Бізді де осы жағы толғандырмай қоймайды… Басқа ауылдық округтерге қарағанда, аудан орталығында автокөліктің де тұрғындардың да қозғалыс қарқыны жоғары. Сондықтан тұрғындарға күнделікті қажетті жол құрылысы жұмыстарының уақтылы әрі сапалы атқарылғаны барлығынан маңызды.
Ендігі кезекте атқарылып жатқан жұмыстарға қайта оралсақ, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылын абаттандыру мақсатында биыл барлығы 6 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде, ең негізгісі – көше жолдарын орта жөндеуден өткізу, кейбір көшелерді кеңейтіп, онымен қоса, жаяу жүргіншілер жолдарын қалыпқа келтіру, сонымен қатар, саябақтарға ағымды жөндеу жұмыстары атқарылады деп күтілуде. Көше жолдарын орта жөндеуден өткізу мәселесі туралы айтсақ, ендігі кезекте Жамбыл көшесін орта жөндеуден өткізу (ұзындығы 0,483 шқ), аталған көшенің екі жағындағы жаяу жүргіншілер жолы да қоса жөнделмек.
Ең маңыздысы, биыл «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен М.Мәметова, А.Оразбаева, Ы.Алтынсарин, Ақ жол, Ш.Уәлиханов және Наурыз көшелері орта жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда аталған көшелерде асфальт жабынын төсеуге негіз жасалған. Ендігі кезекте жол құрылысына жауапты болып танылған мердігер компания жұмысты кешіктірмей атқаруы тиіс!
Сөз арасында аудан орталығында жаяу жүргіншілер жолының да жөндеуден өткізілетінін айтқанымыздай, өткен аптада аудан орталығындағы Б.Сафинов көшесінің бойында жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталды. Облыстық мәнге ие аталған көше жолының өңір тұрғындары үшін маңызын ескерсек, бұл көшеге жаяу жүргіншілер жолы керек-ақ.
Ұзындығы бір шақырым, 291 метрді құрайтын Б.Сафинов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы жобасының құны – 22 миллион теңгені құрайды. Бас мердігері – «Нұр-Құрылыс-2020» ЖШС. Қазір мұнда жолдың орны жасалып, жол жиегіне арналған бордюрлер орналастырылу үстінде. Жалпы жаяу жүргіншілер жолының ені – 1,5 метрді құрайды.
-Құрылысқа қажетті материалдар Тараз қаласына жеткізілу үстінде. Жол жиегіне арналған бетон бордюрлер зауытта шығарылған. Барлығы стандартты. Біздің бригаданың жұмысшылары жолдың орнын қазып, оны қайтадан тегістеп, асфальт салуға дайындау үстінде. Құрылыс басында барлығы алты жұмысшы еңбек етуде,- дейді жұмысқа жауапты бригаданың басшысы Қанат Рысқұлбеков.
Айта кету керек, аудан орталығын абаттандырып, ауылдың сәулеттік келбетін жақсарту үшін биыл Б.Момышұлы ауылының бас қақпаны («Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінен ауылға кіреберіс арка) орта жөндеуден өткізу, одан беріде «Жастар аллеясын» және орталық саябақты ағымды жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылмақ.
2024 жылдың алты айының өтіп кеткенін бағамдайтын болсақ, аудан орталығын абаттандыру бағытындағы жұмыстар қыркүйек айына дейін аяқталуы қажет. Белгіленген меже – осы. Жаздың қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, құрылысқа жауапты деп танылған мердігерлерге жұмыс қарқынын үдетпесе болмайды. Жол жөндеу жұмыстарының қарқын алуы жұмысты жүйелі жүргізумен тікелей байланысты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close