Basty bet
жергілікті журналистерге құрмет көрсетілді
Биыл 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада отандық БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сөз басында осындай алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажеттігін баса айта келіп: «Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген.
Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты» деп ерекше атап өтіп, қалам ұстаған қауымға жауапкершілік жүгін артқаны жайдан жай емес. Әлбетте, Президент сөзі ақпарат майданының жауынгерлері саналатын журналистер мен тілшілерге жігер беріп, қанат бітіреді.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай өткен аптада аудандық ардагерлер үйінің мәжіліс залында мерекелік жиын ұйымдастырылып, онда аудандық басылымда және аудан әкімінің баспасөз қызметінде қызмет атқарып келе жатқан азаматтарға сый-құрмет көрсетіліп, олардың бірқатарына марапат табысталды.
БАҚ өкілдерінің дәстүрлі кәсіби мерекесіне арналған жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізді.
– Құрметті жиынға қатысушылар және қадірлі қаламгерлер!
Сіздерді ең алдымен 28 маусымда атап өтілетін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет пен қоғамның ортасында алтын көпір болып, «Төртінші билік» тармағы саналатын ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. Мемлекет абсшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше салмақ салып атап өткендей, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әрбір журналистің абыройлы міндеті». Қаламгерлер қауымы ел ертеңі мен халықтың қамы үшін қалам тартып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамда бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайтуға ерекше үлес қосып келеді.
Оның ішінде, 90 жылдан астам тағылымды да терең тарихы бар Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті қай кезеңде болсын, халықтың үні болып, қасиетті өңірдің барлық саласындағы қол жеткізген толымды табыстарын, сонымен қатар, өзекті мәселелерін де жан-жақты зерделеп жазып, оны оқырманға шынайы жеткізіп келеді. Басылымның қол жеткізген табыстары аудан үшін де мақтаныш.
Кәсіби мерекеде қажырлы еңбек пен кәсіби біліктіліктеріңізге алғыс білдіремін. Аудандық басылымның шығармашылық ұжымын мерейлі мерекемен құттықтай отырып, өңір халқы мен оқырман қауымды жағымды жаңалықпен қуанта беріңіздер дегім келеді. Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін! Мереке құтты болсын,- деп атап өтті Анар Садыққызы.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ізгі тілек білдірумен бірге, аудандық газеттің қызметкерлері – жауапты хатшы-жарнама менеджері Лаура Мұсабекованы және жүргізуші Руслан Садықовты аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттады.
Жиын барысында аудандық мәслихат аппаратының басшысы Серік Қойбақов та кәсіби мереке иелеріне ізгі тілек білдіріп, аудан әкімінің баспасөз қызметінде жұмыс атқаратын қызметкерлер – Нұрдәулет Шырынбек пен Нұржан Жақсыбекке Алғысхат тапсырды.
Мерекелік жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рақымғазы Құниязов, ардагерлер – Кемелбек Дәуренов және Әбуғали Ералиев құттықтау сөз сөйлеп, қалам ұстаған қауымға шығармашылық табыс тілейтіндерін жеткізді. Сондай-ақ, мерекелік басқосуда аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті» ЖШС-ның Директоры Ақмарал Омарбекова және аталған басылымның Бас редакторы Нұржан Манасұлы құттықтау сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Журналистік қызмет үнемі ізденісті талап етеді. Газет жұмысы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты жұмыс. Замана көшінен қалмай еңбектене жүріп, қоғамдық пікір қалыптастырып, сонымен қатар, газетке ойлы оқырман тарта білу де тілшілерге қойылатын басты талаптың бірі.
Газет – жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, қоғам мен халықтың үні әрі рухани демеушісі. Газет – ойлы оқырманның жансерігі, айнымас сырласы. Жазар көбейсін, жағымды жаңалықты жаршысы болыңыздар, қадірлі қаламдастар! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»