Basty bet

Мал ұрлығы – орташа ауыр қылмыс

Ауданымызда мал асырап еңбек етіп жүрген жұрт ұрылардың кесірінен малдарынан айырылуда. Сондықтан мал ұрлығы қылмысы бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып отыр.
Арқаны кеңге салған кейбір тұрғындардың арасында ірі қарасын қараусыз жайылымға жіберетіндер аз емес, сол себептен малдың кедергісіз ұрлануына жағдай туады.
ҚР-ның ҚК-нің 188-1-бабымен мал ұрлау, яғни, бөтеннің малын жымқыру қылмысымен толықтырылып, жазалары қатаңдатылғанын әрбір азамат біледі.
188-1 бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау орташа ауыр қылмысқа жатады. Бұл бап бойынша, мал ұрлаған кезде малдың иесіне жымқырған малдарын қайтарып немесе келген шығынды ақшалай төлесе де жәбірленуші малдың иесімен татуласса да, ол енді заң бойынша жазаланады. Себебі, «ҚК-нің 68-бабының 4-бөлігі 8-тармақшасына сәйкес, бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін, осы кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тарту ескіргендіктен қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды», делінген. Ал, 188-1-баптың 2,3,4-бөліктері бойынша мал ұрлау ауыр қылмыстар қатарына жататындықтан, ешқандай да малдың иесімен татуласуға жол берілмейді және ҚК-нің 68-бабының талаптары қолданылмайды, сәйкесінше, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды, керісінше заңға сәйкес, тиісті жазасын алады.
ҚК-нің 188-1-бабының ескертпесінде, мыналар: ірі қара мал жылқылар мен есектер, түйелер, ұсақ мал қой, ешкі, шошқалар жалпы мал деп түсініледі. Мал ұрлығы қылмысының жасалу сипатына қарай және оған тағайындалатын жаза түрі келесідей: ҚК-нің 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау, яғни, бөтеннің малын жасырын жымқыру мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бүгінде қоғамда мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр. Қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас.
Қорытындылай келе, бүгiн болмаса ертең әр нәрсеге жауапкершілік заңда қарастырылған. Ұрлық жасап олжаға батып ақша табамын деп жүріп, қолға түсіп, сотталған қылмыскерлердің «Ұрлық түбі – қорлық» деген халық даналығының ақиқаттығына ой тастап, ақыл тоқтатар деген ойымды айта кеткен дұрыс деп санаймын. Сотқа жеткен iс әрдайым әдiл шешiмiн табары анық дегім келеді. Соны әрбір азамат алдын ала ұғынғаны дұрыс.

Самат Ералиев,
аудандық сот әкімшісі

Таңдаулы материалдар

Close