Адам өмірінде сауабы үзілмейтін сауапты істердің ретін Алла тағала адамзат баласына асыл діні арқылы көрсетіп қойған. Дүние тіршілігінде пенде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды. Бізге бұл дүниеде сауапты амал жасауға мүмкіндік мол. Сондай шексіз сауаптың бірі – халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салудың қатарында мешіт салу.
Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінажат үйі. Ал, мешіттің жанынан діни дүниетанымын арттырып, рухани білімін дамытып, тәлім аламын дегендер үшін тәрбие ордасы.
Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені. Оның сыртында, мешіт табалдырығын аттаған жан қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай, мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі.
Ал, Алланың алдында қадірімізді арттыратын мешіт ғимараттарын салу және оның қатарын арттыру үлкен сауапты іс.
Осы орайда, Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылында жаңа мешіттің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл қайырлы іске осы ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Расылхан Бейсеқұлов демеушілік етіп, тұтас ауылдың жастарын қайырымды іске тартып отыр.
Осы ретте, Рысбек батыр ауылына арнайы барып, мешіт құрылысымен жіті танысып, ауыл тұрғыны, «Үрзада» мешітінің имамы Кенже Мешеловты сөзге тартқан едік.
– Мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін мешіт тәлім мен тәрбие ордасы. «Мешіт» сөзінің қазақ тіліндегі қолданысы мен мағынасында мешіт – «сәжде», «құлшылық жасайтын орын» деген ұғымдарды білдіреді.
150 келушіге арналып соғылып жатқан мешіттің құрылысы желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Бұл ауыл тұрғындары үшін де қуантарлық жағдай. Бір кісінің баласындай ауылдағы жасы бар, кәрісі бар құрылыстың басынан табылып, Алла разылығы үшін көмек қолдарын созуда. Алдағы жоспарға келер болсақ, мешіттің жанынан халал азық-түлік дүкенін және заманауи үлгіде медресе және асхана салуды жоспарлап отырмыз.
Мақсат – ауыл жастарын жақсылыққа, имандылыққа тәрбиелеп, қазақилыққа баулу болып отыр, – дейді Кенже Сағынбекұлы.
Иә, асыл дінімізге үңілер болсақ Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды».
Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»