Basty bet

ӨҢІР ӨМІРІНДЕ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығында ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу туралы Үкіметке тапсырма берілген еді. Содан бергі жылдар ішінде ҚР Үкіметі аймақтардың дербестігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды шараны қолға алып, ауыл шаруашылығына үлкен бетбұрыс жасалуда.
Өңірлік органдардың өкілеттіктерін кеңейту халықтың өтініштері мен қажеттіліктеріне тез және тиімді жауап беруге мүмкіндік беруде. Жергілікті билік ресурстарды икемді басқарып, өз облыстарының стратегиялық дамуына, атап айтқанда, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті білім мен денсаулық сақтау деңгейін көтеруге қатысты шешімдер қабылдауда. Бұл – құптарлық жайт. Себебі ауыл өркендемей ел өркендемейтіні даусыз. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі де ауыл шаруашылығына тікелей қатысты екенін жақсы білеміз.
Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған, облыстың экологиялық таза өңірлерінің бірі – Билікөл ауылдық округі ауыл шаруашылығына қолайлы табиғи жағдайымен ерекшеленеді. Атауы көрікті, балығы мол Билікөл көлімен тікелей байланысты. Билікөл ауылдық округінің орталығы – Қарабастау. Осы өңірдегі ең үлкен елді мекендердің бірі де бірегейі. Ауылдың дәл іргесінен суы мөп-мөлдір үлкен бастау жер астынан қайнап шығып жатыр. Суының дәмі де ерекше деседі. Сонымен қатар, ауылдық округтің орталығы саналатын Қарабастау ауылы – тарихы тұнған ауыл десек, артық айтпаймыз. Онда 22 қорым орналасқан. Соның бірі Билікөл ауылының солтүстігінде 10 шақырым шамасында орналасқан қорған төбелер ертедегі темір дәуірінің ескерткіші болып табылады.
Бүгінде жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуда. Соңғы жылдары округте ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік сала аясында маңызды жобалар жүзеге асырылып, ауылдың даму қарқыны айтарлықтай артып келе жатқандығын аңғартады.
Билікөл ауылдық округіндегі төрт елді мекенде қазіргі таңда 1 547 тұрғын тіркелген. Оның 347-ін жас, 284-ін зейнеткер және 620-ын экономикалық белсенді азаматтар құрайды. 347 жастың басым бөлігі мектеп оқушылары мен білімгерлер.
Мұнда ауыл тұрғындарына 11 мемлекеттік мекеме қызмет көрсетеді. Олардың қатарында мектептер, дәрігерлік амбулаториялар, мәдениет үйлері, цифрландырылған орталықтар мен спорт нысандары бар. Цифрландырылған орталық ауыл тұрғындарына онлайн қызметтерді пайдалануға қолжетімді болып отыр.
2024 жылы ауылдық округте инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды қадамдар жасалды. Соның бірі ауыл тұрғындарының көптен күткен газдандыру жұмысы қолға алынып, Қарабастау мен Жылыбұлақ ауылдарына табиғи газ тартылды. Бұл жаңалық жергілікті халықтың қуанышын еселендіргені анық. Өйткені көгілдір отынның келуі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын едәуір жақсартады. Бұрын көмір мен отынға тәуелді болған жұртшылық енді экологиялық таза әрі үнемді отын түрін пайдалану мүмкіндігіне ие.
Бірақ мұнымен газдандыру жұмыстары тоқтап қалмайды. Биыл Әбдіқадыр мен Дарбаза ауылдарына газ тарту жоспарлануда. Жоба жүзеге сәтті асқан жағдайда, округ тұрғындарының өмір сүру деңгейі біршама артып, тұрмыстық жағдайлары жақсара түспек.
Әлеуметтік саланы дамыту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Қарабастау ауылында 20 келушіге арналған жаңа фельдшерлік пункт ғимараты пайдалануға берілсе, ал Жылыбұлақ ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Бұл тұрғындар үшін сапалы медициналық қызмет алуға зор мүмкіндік беретіні анық.
Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қарабастау ауылының негізгі көшелері жөнделіп, жол сапасы айтарлықтай жақсарған. Дарбаза су тоспасынан 2,3 шақырым лоток каналы салынып, Дарбаза ауылына кіреберіс және шығыс жолдары толықтай жөндеуден өтті. Одан бөлек, Қарабастау ауылында 1,2 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, ауыл ішіндегі көлік қатынасы бірқалыпқа түскен.
Ауылдық округте әлеуметтік бастамалар да қарқынды жүзеге асуда. Жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттардың қолдауымен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, 6,2 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіліпті. Сондай-ақ, 10 миллион теңгеге Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылған. Бұл ауыл халқының қоғамның тұрақты дамуына ықпалы зор құбылыстың бірі – тарихқа деген құрметінің көрінісі деп білеміз.
Билікөл ауылдық округінде қолға алынған игі жобалар – ауылдың тұрақты дамуына бағытталған жүйелі жұмыстың бастауы. Инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы жетілдіру ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін айтарлықтай жеңілдетіп, жарқын болашаққа мүмкіндіктер беруде. Газдандыру жұмыстарының қолға алынуы ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық таза отынға көшуге жол ашты. Сонымен қатар, жол жөндеу, жаңа әлеуметтік нысандардың салынуы және ауыл шаруашылығын қолдау – аймақтың әлеуметтік дамуының айқын көрсеткіші екенін көрсетсе керек. Алдағы уақытта ауылды кешенді дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілмек.
Міне, Билікөл округінің көрген жан сүйсінетін тамаша тірлігі бар. Бұдан тұрғындарының саны мың жарымнан сәл асқан округтің болашақта үлкен іргелі аймаққа айналатынын бағамдау қиын емес.

Бақытжан Бекболат,
журналист

Таңдаулы материалдар

Close