Basty bet

Басты мақсат – кандидаттарды дұрыс ақпараттандыру

Аудандық орталық кітапхананың co-working орталығында 2023 жылдың 19 наурызына тағайындалған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттарының және Қазақстан Республикасы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөнінде аудандық аумақтық комиссиясы мен облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша № 10 бірмандаттық сайлау комиссиясының бірлескен отырысы өтті.
Отырысқа аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі №10 округтік сайлау комиссиясының төрағасы Рабат Сәрсенов және №1, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 13 аудандық бірмандаттық, №10 облыстық бірмандаттық сайлау округтері бойынша аудандық, облыстық мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттар қатысты.
Жиын барысында депутаттыққа тіркелген азаматтарға сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының сайлау алдындағы үгітке қатысты баптарына – заңдылығы, заңсыз тұстары жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар, сайлауды мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржыландыру туралы, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттығына кандидаттардың сайлау қорлары жөнінде, сайлау қорларына ашылатын уақытша шоттары, олардың шекті мөлшерлері туралы мол мағлұмат беріліп, жан-жақты түсіндірілді. Комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттыққа тіркелген кандидаттар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close