Basty bet

Наурыз – елдік дәстүрдің негізі

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Ұлы далада жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны “Наурызнама” деп атаған. Ғалым-философ О.Хайям өзінің “Наурызнама” атты еңбегінде шығыс күнтізбесі мен Наурызды тойлау рәсімдерін негіздеп, түсіндірген. Сондай-ақ, наурызнама туралы деректер М.Қашғари, М.Көпейұлы, А.Құнанбаев, М.Әуезовтің және басқалардың еңбегінде кездеседі. Мәселен, Наурыз мейрамы туралы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы: Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама” дейді. Ал, Мағжан Жұмабаев: “Қазақтың Наурызы дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын мейрам ету керек” дейді естеліктерінде. Мұны бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып отыр. Яғни, Наурыз мейрамының мән-мағынасын жоғалтпай, оны заман талабына сай етіп, жаңа сипатта тойлауды ұсынған болатын.
“Наурызды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Яғни, әз Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы ұлық мерекеде көрініс тапқан” деген еді Президент Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “EGEMEN QAZAQSTAN” газетіне берген сұхбатында: “Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін”,- деп айтап айтқан еді.
Кеңес дәуірінде “діни сипаты бар” деген желеумен 60 жылдан аса уақыт, яғни 1926-1988 жылдар аралығында Наурызды тойлауға тыйым салынды. Сөйтіп халықтық мерекенің көптеген дәстүрі мен жөн-жоралғысы ұмытылды. 1988 жылы Наурыз қайта жанданғаннан кейін оның мазмұны мен форматы ішінара ғана қалпына келтірілді.
1991 жылы Наурыз халықтық мереке болып жарияланды. 2021 жылы БҰҰ 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп таныды.
2009 жылдан бастап үш күн тойланып келеді. Ал, 2024 жылдан бастап мейрам наурыз айының 14-і мен 23-і аралығында Наурызнама көне атауымен тойланады.
Бұған дейін дәстүрлі түрде Наурыз мерекесі жаппай халықтық мерекелер мен фольклорлық қойылымдар форматында өтетін. Ал, биыл Президенттің тапсырмасымен төл мерекемізді мазмұндық тұрғыдан жаңғыртып, оның әлеуметтік маңызын арттыру, елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру ісінің аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мерекесі ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдама бекітілді. Бүгінде елімізде жаңа тұжырымдамамен әз Наурызды тойлаудың онкүндігі Наурызнама басталып кетті.
Мейрамның жаңаруының жаршысындай, оның үш қызғалдақты жаңа логотипі бекітілді. Дизайнда қызғалдақ гүлін таңдап алу бекер емес. Бүкіл әлемде қызғалдақ ерекше мән-мағынаға ие. Оны байлық пен биліктің символы санайды. Қызғалдақтың тарихи Отаны Қазақстан саналады. Қарапайым, бірақ бүкіл әлемде мән-маңызға ие бұл өсімдік қазақ топырағында бүр жарып, жер жүзіне таралған. Наурыздың жаңа логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді.
14 наурыз Көрісу күні – Амал мерекесі деп аталады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Биыл аталған мерекені барлық аймақтың тұрғындары тойлады.
Көрісу күнінен бастап Наурыздың онкүндік салтанаты басталады. Бұл күн аға ұрпаққа құрметпен, достардың қуанышты қабылдауымен және ізгі ниетпен алмасуымен ерекшеленеді. Сонымен бірге бұл бірегей күн кешірім мен өзара сыйластық, жаңа бастамалар күні болып есептеледі.
15 наурыз – “Қайырымдылық күні”. Қайырымдылық мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің ажырамас бөлігі. Бұл күндегі шаралардың мақсаты – мұқтаж жандарға көмектесу ғана емес, қоғамның әрбір мүшесіне терең құрметпен, мейірімділік пен жанашырлық, қамқорлық сезімін күшейту. Яғни, қоғамға қайырымдылық көрсету мәдениетін сіңіріп, жанашырлық пен өзара қолұшын беру құндылықтарын қалыптастыру көзделген.
16 наурыз – “Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні” деп белгіленген. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған.
17 наурыз – “Шаңырақ күні”. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде отбасылық құндылықтарды дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтті.
18 наурыз “Ұлттық киім күні” деп аталып, ұлттық киімдерге арналды. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізілді.
19 наурыз – “Жаңару күні”. Бұл күні ағаш егу дәстүрі жалғастырылды.
20 наурыз – “Ұлттық спорт күні” деп белгіленді. Бұл күні еліміздің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз – “Ынтымақ күні”. Ондағы мақсат жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады.
22 наурыз – “Жыл басы”. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады.
14-23 наурыз аралығында “Наурыз-базарлық” маусымы жарияланды. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтеді.
Ал, Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close