Basty bet
Балалардың асығып барар ыстық мекені
Балабақша – мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің негізгі ұясы. Көлбастау ауылындағы «Әсем Достар» бөбекжай-балабақшасы 2018 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған. Аталған балғындар мекеніне биыл бес жыл толды. Осы жылдар ішінде бөбекжайда көптеген шаралар өтіп, ата-аналардың ыстық ықыласына бөленіп, ауыл балаларының асығып барар ыстық шаңырағына айналды.
Балабақшада балғындардың жан-жақты дамып, тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда типтік жобада материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған, инновациялық технологиялармен, интерактивтік тақта, сиқырлы қалам кешені, интерактивті ойын құралдарымен қамтылған. Бүгінде 2-4 жас аралығындағы екі топта 50 бала тәрбиеленуде. Мұнда балаларға жауапты бес педагог және жеті кіші қызметкер еңбек етеді. Балалар шетінен білімге құштар және өнерлі.
Тәрбие мен білім – адамның өмір жолындағы ешқашан үзілмейтін процесс. Егемен еліміздің ертеңіне кішкене болса да үлесімізді қосқымыз келсе, балабақшадан бастау алып, бала бойына танымдық қабілет дарытуға күш салуымыз керек. Себебі, адам бойындағы тамаша қасиет балалық шақта қалыптасады.
«Ұрпағым өнегелі, жақсы азамат болып өсіп жетілсін десек, ең алдымен бесігіңді түзе» деген қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың сөзі тегін айтылмаған. Тәрбиенің әліппесі баланың белі бесіктен шықпай жатып ана сүтімен сіңіріліп, ұлттық өнегенің ең асыл, ең нәрлі қасиеттері сол сәби шағынан үлгі етілуі керек. Ал, білім мен тәрбиенің ғылымға негізделген іргетасы балабақшада қаланады.
Балабақшадағы оқу қызметтері бес дағды бойынша іске асады. Баланың тілін дамытып, ортаға бейімдеп, қарым-қатынасқа икемдейді, қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа, үлкен-кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығын дамытып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді. Қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақынырақ танысады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді. Сонымен бірге, шынығып, саламатты өмір салтын ұстауға бейімделеді. Тәрбиеші – балаларға білім беру үшін баланың іс-әрекеті ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттырып, көздеген мақсатқа жеткізуші.
– XXI ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технологиялық бағытты дамыту мақсатымен аттауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда адамзатқа ғылыми жаңалықтар мен инновациялық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеу мен оқыту саласын заман талабына сай дамыту үлкен рөл атқарады. Балаға балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады,- дейді кәсіпкер.
Балабақша ұжымы бүлдіршіндерге экологиялық бағытта тәлім-тәрбие беріп, оларға алғашқы білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек ететіндерін жеткізді. Әрдайым тың ізденісте жұмыс жасап, бүлдіршіндерді шығармашылық пен өнерге баулып келе жатқан балабақша ұжымының еңбегі ерен. Қаланғанына бес жыл толған балабақшаның ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де көп. Мәселен, бөбекжай меңгерушісі Әсем Темірханқызы және балабақша тәрбиешілері Нұрсұлу Бозтаева мен Ләззат Көнебаева түрлі марапаттармен марапатталған. Балабақша ұжымы Оқу-ағарту министрлігінінің Алғысхатын, аудандық білім бөлімі басшысының Алғысхатын иеленген. Балабақшаның бүлдіршіндері аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, арнайы дипломдарға ие болған.
Жеке кәсіпкер Әсет Есенаманов «оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген ұстанымды ұстанатын азаматтың бірі. Ол әрдайым қайырымдылық істердің басы-қасынан табылатын кәсіпкер. Яғни, кәсіпкер өз жұмысын алға бастырумен қатар, түрлі қайырымдылық шараларға атсалысып, көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Сонымен қатар, балабақшада көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін қабылдауы да оның азаматтығын көрсетуде.
Кәсіпкер сұхбат барысында үстіміздегі жылдың мамыр айында 100 балаға арналған екі қабатты заманауи үлгідегі, барлық жағдайы жасалған балабақша ашуды жоспарлап отырғанын да айта кетті. Біз де кәсіпкердің берекелі ісіне сәттілік тілейміз.
Тәй-тәй басып, аяқтанып келе жатқан ұжымның бағындырар биіктері әлі алда. Қорыта айтқанда, тәрбие мен білімнің бастауы саналатын балғындар мекенінен бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанық болып, шаттанған балалардың қуанышы ұзағынан болсын деген тілекпен қайттық.
Иә, қуантсаң, баланы қуант. Бала қуанса, әлем жадырайды емес пе?!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»