Basty bet
Мәдениет – рухани байлық!
Көлбастау ауылдық мәдениет үйі биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріле ме?!
«Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз әлі де ел жадында. Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаса керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.
Өңірдің мәдениет саласын дамытып, өнерпаздар мен ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, мәдени қызмет көрсету мақсатында екі жылдан бері Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылында мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі. Көпшіліктің ұзақ жылдан бергі өтініш-тілегі уақтысында орындала ма десек, аталған мәдениет үйінің құрылысы белгіленген мерзімнен асып барады… Аталған құрылыстың басталғанына екі жыл болғанын ескерсек, осылай айтуға мәжбүрміз.
Құрылысқа тапсырыс беруші – «Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» КММ. Жалпы жоба-сметалық құны – 226 млн 587 мың теңге. Құрылысы біршама уақыт тоқтап қалған Көлбастау ауылындағы 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын биыл жаңа мердігер «Bek stroy-2010» ЖШС қолға алып, жүргізуде.
– Мердігер компаниямен 188 641, 943 мың теңгеге келісім-шарт жасалған.
Құрылыс 2023 жылдың 15 желтоқсанында басталып, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары әлі де жүруде. Мердігер мекеме аталған нысанның аяқталуын 2025 жылдың 4 тоқсанына жоспарлап отыр,- дейді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Тимур Қалдыбаев.
Иә, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, нысан ағымдағы жылдың соңында аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Демек, көптен күткен қуанышты күн де алыс емес деген сөз…
Айта кетерлігі, биыл Көлбастау ауылының ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстарына да ел қазынасынан қыруар қаржы қарастырылып, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Тұрғындар игілігіне бағытталған екі құрылыс қатар аяқталса, көлбастаулықтардың қуанышында шек болмас еді. Солай болады деп сенеміз!
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»