Basty bet

Ер қадірін ел біледі

«Ер дәулеті – еңбек» деп данышпан халық тегін айтпаса керек. Иә, еңбек түбі – берекеге, мерекеге ұласады. Қуаныш пен бақыт, сый мен құрмет, атақ-даңқ еселі еңбек арқылы келеді. Осы орайда әңгіме қозғалғанда белгілі қаржыгер, зиялы азамат, бүгінде жетпістің биік тұғырына көтеріліп отырған Болат Аманбекұлының есімін ерекше атап өткен жөн.
Болат 1954 жылы 24 ақпанда кең байтақ Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі жер ұйығы, жаннаты атанған сулы, нулы, сұлу көркі мен табиғатына Асан Қайғының өзі қызығып, тамсанған Жуалы ауданының Амансай ауылында дүниеге келді.
«Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демекші, әкесі – Аманбек Байдалыұлынан, анасы – Ұлдар Сарпекқызынан тәлім-тәрбие алған Болат 1970 жылы сол кездегі Киров атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Семей қаласындағы Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық техникумға оқуға түсті.
Бұл арнаулы оқу орны кезінде екі бірдей Қазақстанның Қаржы министрлері Рымбек Байсейітов пен Анатолий Бацула сынды аптал азаматтарын тәрбиелеп-түлеткен республика қаржыгерлерінің құтты қарашаңырағы болып саналады.
Атақты техникумда 1972 жылы қаржыгер мамандығы бойынша бітірген соң, жас маман Болат Аманбекұлы Жамбыл қалалық қаржы бөліміне жіберіліп, мемлекеттік кірістерді есепке алу бөлімінің инспекторы ретінде еңбек жолын бастады.
Болашағынан үлкен үміт күтетін жас жігіт 1973-1975 жылдары әскери міндетін атқарып келгеннен кейін, Жамбыл қаласындағы Орталық аудандық қаржы бөлімінде бюджет бөлімінің экономисі болып еңбек жолын жалғастырды.
1976-1977 жылдар аралығында Жуалы аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістерді есепке алу бөлімінде инспектор болып еңбек етіп, өзінің сүйікті ісін жетілдіре түсті. Болат жұмыстан қол үзбей, 1983 жылы Алматы халық шаруашылығы институтындағы қаржы және несие бөлімін бітіріп, жоғарғы білімді маман атанды.
Еңбексүйгіштігімен көзге түскен жас қаржыгер 1977 жылдың наурызында Қаратау қалалық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары-бюджет бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Бұл абыройлы қызметті 1986 жылдың қаңтар айына дейін атқарып, облыс басшылары Болат Аманбекұлының іскерлігін жоғары бағалап, әріптестерінің сый-құрметіне бөленді.
1986 жылдың қаңтарында Жамбыл облыстық қаржы бөліміндегі бюджет бөлімі бастығының орынбасарлығына тағайындалды. Ал, 1988 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен Жамбыл облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары-бюжет бөлімінің бастығы болды. Ол жауапты қызметті 1994 жылдың мамыр айына дейін жеті жылдан астам уақыт үздіксіз атқарып, өзін білікті қаржыгер, мықты басшы ретінде көрсете білді.
Атқарып жүрген қызметіңде жақсы нәтижелерге қол жеткізем десең, өз салаңды жете меңгерген кәсіпқой, әмбебап, білгір маман болуың қажет. Есімі республикаға белгілі қаржыгер жас маман кезінен бастап көп үйреніп, көп оқып, талмай еңбектеніп, өз мамандығын жете меңгеруге талпынды. Бөкең 1994 жылы Америка Құрама Штатына барып, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, кәсіби біліктілігін жетілдіріп қайтты.
Жамбыл облысы әкімінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен 1994 жылдың мамыр айында Болат Аманбекұлы Жамбыл облыстық қаржы басқармасының бастығы болып тағайындалды.
Білікті басшының жауапкершілігі үлкен қызметке тағайындалуы – өте жауапты кезеңге тап келді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Кеңес үкіметі заманындағы экономикалық байланыстар үзілгеннен соң, өнеркәсіп орындары тұралап, кәсіпорындар жұмыс істемеді. Осының салдарынан республикалық және жергілікті бюджеттерге салықтар түспей, мемлекет қазынасында қаржы тапшылығы туындады. Бюджеттік мекемелердің еңбекақысы, балалы отбасылардың жәрдемақылары, зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдер бірнеше айлап-жылдап төленбей, қарыздар миллиардтап қордаланып, елеулі қиындықтар туғызды.
Осындай қиын сәттерде облыс әкімі мен Қаржы министрі облыстық Қаржы басқармасының бастығы Болат Аманбекұлына өткір әлеуметтік мәселелерді шешуді тапсырды. Сол жылдардағы қаржының өте тапшы кезінде бұл өте күрделі іс болатын.
Тынбай жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде облыс экономикасын жаңа бағытта дамытуда қыруар жұмыстар атқарылды. Салық базасын нығайту арқылы облыс бюджетіне қосымша қаржы тартып және сол түскен қаржыны тиімді пайдалануға басты назар аударылды. Осының нәтижесінде, облыстың талай жылғы қордаланып қалған маңызды әлеуметтік мәселелері үш жылдың төңірегінде толығымен өз шешімін тапты.
Жалпы қаржы саласының үлкен білгірі Болат Аманбекұлы қаржы саласында 32 жылдан астам уақыт абыройлы қызмет атқарды. Құрылу тарихы сонау 1940 жылдан бастау алатын Жамбыл облыстық қаржы басқармасында 18 жыл, оның 10 жылдан астам уақытында басқарма басшысы болып, абырой биігінен көрінді.
Оның қаржы саласындағы істеген еңбектері өз бағасын алып, бірнеше мәрте Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Үкімет тарапынан «Өз кәсібінің үздігі», «Бюджет саласы бойынша озық экономист» атақтарына ие болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалімен марапатталды.
Ел құрметіне бөленген азамат 2005 жылдың наурызында Алматы қаласына қоныс аударып, жылжымайтын мүлік саласында өзінің жеке бизнесімен айналысып, абырой биігінен көрінуде.
Отан – отбасынан басталады. Болат Аманбекұлы 1977 жылдың маусымында Райхан екеуі отбасын құрып, қос перзент сүйді. Ұлдары Рауан мен Руслан – Америка Құрама Штаттарында оқып, диплом алған жоғары білімді үлкен азаматтар. Рауан – Теннесси штатындағы «Вандербильт» университетінің магистратурасын, ал, Руслан – Вирджиния Штатындағы «Ричмонд»» университетін 2004 жылы бітіріп, екеуі де елге оралып, ел игілігі жолында жемісті еңбек етуде.
Елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналған, қосағымен қоса ағарған Болат пен Райхан алты немере сүйіп, олар жасыл құрақтай болып, жайқалып өсіп келеді.
Мемлекеттік кірістерді есепке алу бөлімінің инспекторынан Жамбыл облыстық қаржы басқармасының төрағалығына дейін өсіп, өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайының дамуына үлкен үлес қосқан Болат Аманбекұлы өмірдің үлкен белесі – 70 жасқа толып отыр.
Жаратқан Иеміз адам баласына үш үлкен бақыт береді екен: бірінші бақыт – мына жарық дүниеге келу, екінші бақыт – ата-ана сенімін ақтау, өмірден өз орныңды табу, халқыңа, еліңе адал қызмет ету, жар сүю, ұрпақ өсіру болса керек. Ал, үшінші үлкен бақыт – әдемі қартайып, ел ардақтысына айналу, соңыңнан өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болу.
Есімі бүкіл Қазақстанға белгілі қаржыгер, зиялы азамат осы үш бақытқа да жеткен адам.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.
Алматы қаласы.

Таңдаулы материалдар

Close