Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында соңғы жылда билік пен халық арасындағы қарым-қатынас мәдениеті біршама өзгерді. Аудан, ауыл әкімдерін тікелей сайлау ісі қолға алынды. Оның нәтижесі – кент әкімін халықтың өзі сайлауы. Халық сайлаған әкімнің жауапкершілігі жоғары болады. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бұл да – еліміздегі биліктің демократиялық жолмен құрылатынының бір көрінісі.
Мемлекетте әділетті қоғам құрудың ендігі бір бағыты – заң мен тәртіп идеологиясын қалыптастыру. Қазіргі таңда елімізде қаржы мәселесіне қатысты алаяқтық өршіп тұр. Телефон арқылы жұртты алдау жолымен қаржысын иемденіп жатқандар көп. Олардан зардап шекпеу үшін жұртшылықтың қаржылық, цифрлық сауаттылығы жоғары болуы керек.
Мемлекеттің басты байлығы – азаматтары болса, сол азаматтардың қауіпсіздігі биліктің бірінші кезектегі міндеті болуы шарт. Бұл ретте «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру» деген Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету талабы туралы ескертті. Дегенмен, бұл жолда азаматтардың өздері де жауапты екенін ұмытпағаны абзал.
Президент Жолдауы – дамудың бағытын бақылайтын, осы жолда нақты міндеттер мен тапсырмаларды айқындайтын, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, кадрлық, экологиялық өркендеуіне кепілдік беретін құжат. Ендеше, алдағы бағыт айқын, мәселе анық, шешім ұсынылды, талап қойылды. Тек сол талап пен тапсырманы мүлтіксіз орындау – жергілікті билік өкілдерінің міндеті. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл жолда «Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек». Сонда ғана әділетті Қазақстанды құру жолындағы еңбегіміз адал дей аламыз.
Лечи Оздамиров