Basty bet
Өңір шаруаларына несие қаражатымен қолдау көрсетуде
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасын өркендетіп, ауылдағы ағайынның еңсесін тіктеп, тұрмыстық табысын арттыратын аса маңызды салалардың бірі екені бесенеден белгілі. Бұл орайда асыраушы сала – агросаланың дамуы, ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына мемлекет те басымдық беріп отыр.
Президенттің де халыққа арнаған жылсайынғы Жолдауларында аталған салаға серпін беру, оны жаңа технологиялармен қамтамасыз ету ісіне үнемі ден қойылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс.
Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал» деп атап өткен Президент ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы сала жұмысын алға бастыруды басты бағдар ретінде қойып отыр.
Ауыл – бірлік пен берекенің қайнар бұлағы. Ел өңірлеріндегі ауылдық аймақтарда тіршілік кешіп жатқан тұрғындардың дені төрт түлік малдың басын көбейтумен бірге, егін егумен де тұрақты айналысады. Бұл бір жағынан ежелден келе жатқан атакәсіп саналады. Мал басын көбейтумен бірге, егістік жердің көлемін ұлғайту ісінде жемісті жұмыс жасап келе жатқан іскер шаруа азаматтар қасиетті Жуалы ауданында да жетерлік.
Ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешеннің жұмысын ілгерілету ісінде қомақты қаржы-қаражаттың қажет екені белгілі. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы бағытында шаруаларды несиелендіру ісінде несие серіктестіктері маңызды рөл атқарады. Олай болатыны, несие-қаржы ұйымдарынан қомақты қаражат алуға қол жеткізген шаруа азаматтар оны ауыл шаруашылығы техникаларын және төрт түлік мал сатып алуға жұмсайды. Мақсатты жұмсалған қаржы ғана пайда әкелетінін жақсы білетін жергілікті шаруалардың дені «Жуалы» несие серіктестігінен қаржы алғанды құп көреді. Қаржы ұйымындағы шарттар мен бірқатар жеңілдіктер шаруалардың жұмысын біршама жеңілдетуге сеп болуда үстінде.
20 жылдан астам уақыттан бері өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын несиелендірумен тұрақты айналысып келе жатқан «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС-на 2016 жылдан бері несие-қаржы маманы, іскер азамат Асхат Медетов басшылық етеді. Бұдан бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалында несие маманы болып жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған Асхат Дәулетұлы қазіргі таңда аталған несие серіктестігінің Басқарма төрағасы қызметін атқарып отыр. Аз ғана үзілістен кейін шаруасы біршама тұралап қалған қаржы ұйымының жұмысын қайтадан бір ізге түсіріп, жолға қою да оңайға түскен жоқ. Дегенмен, істің көзін тауып, жанына несие-қаржы саласының білгір мамандарын таңдап жинай білген іскер азаматтың жұмысы да көп ұзамай жанданып сала берді.
Несие серіктестігінің ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыратынын ескерсек, 2023 жылдың қорытындысында «Жуалы» несие серіктестігі ауданның ауыл шаруашылығы саласын 912 млн 650 мың теңге көлемінде қаржыландырған. Бұл қаражат барлығы 65 шаруа қожалыққа тиесілі. Ал 2024 жылдың жартыжылдығын алып қарайтын болсақ, шаруаларға алты айдың көлемінде 395 млн теңге қаражат несиеге беріліп отыр.
Серіктестік басшысы Асхат Медетовтың айтуынша, аталған серіктестік жергілікті шаруаларға «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары арқылы несие беру ісін жалғастыруда. Оның ішінде, таратып айтар болсақ, «Кең дала» бағдарламасы арқылы берілетін несие қаражаты көктемгі дала жұмыстарына, оның ішінде, жанар-жағармай, астық тұқымын және минералды тыңайтқыш, т.б. сатып алуға бағытталған. Биыл «Агробизнес» бағдарламасымен 16 шаруа қожалық 236 млн 540 мың теңге көлемінде несие алса, «Кең дала» бағдарламасымен 19 ШҚ 158 млн 800 мың теңгеге қол жеткізіп, агроөнеркәсіп кешенінің жұмысын дамытуға күш салу үстінде. Бұл ретте несиелендірудің тиімді шарттарының да бар екенін еске салған жөн.
– «Кең дала» бағдарламасының қаржысы шаруаларға мемлекет есебінен берілсе, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы жылдық тиімді мөлшерлемесі 22 пайызбен берілетін несие қаражатының 16 пайызын мемлекет субсидиялайды. Жаңа ережеге сәйкес, субсидиялау жылдың соңында ғана жүзеге асырылады.
Ендігі кезекте несие қаражатын алуға үмітті шаруа қожалық басшыларының назарына сала кететін тағы бір маңызды мәселе бар. Несие серіктестіктері туралы Заңға сәйкес, несие алатын азамат сол серіктестікке мүше болып қабылдануы қажет. Әрине, мүше болу үшін олар серіктестікке белгілі бір мөлшерде жарна төлейді. Біздің серіктестіктен несие алуға үмітті аудан шаруалары ең алдымен осыны ескергендері жөн,- дейді серіктестік басшысы Асхат Дәулетұлы
Ауыл шаруашылығы саласын тиімді шарттармен несиелендіруді басты бағыт етіп ұстанған «Жуалы» несие серіктестігінде мүшелер саны жыл санап артып келеді. 2016 жылы шамамен 35 қана мүшесі бар қаржы ұйымында қазіргі таңда 200-ден астам мүше бар. Серіктестіктің кадрлар құрамына тоқталатын болсақ, ең бірінші – Басқарма төрағасы, бас есепші, заңгер, несие әкімшісі, екі несиелендіру маманы, мониторингілеу маманы және кепілзатқа жауапты маман, аталған қаржы ұйымында барлығы 10-ға жуық қызметкер шаруаларға сапалы қызмет көрсетіп, асыраушы саланың дамуына өз үлестерін қосу үстінде.
-Президент атап өткендей, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуында үлкен мүмкіндіктер мен қажетті ресурстардың барлығы бар. Табиғаты ерекше, қары мен жаңбыры мол, ауа саф таза, жері-суы қасиетті Жуалы ауданында да асыраушы саланы дамытуға мүмкіндіктер өте мол. Осынау таңғажайып табиғатты да лайықты іске жарату қажет. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту арқылы туған өңірді өркендетуге де мүмкіндіктердің мол екенін анық көріп отырмыз.
Ол үшін іс бастап, дамуға ниеттенген шаруа қожалық басшылары несие алудан қорықпай, қай істе де тәуекелге бел буып, жұмыс істегендері жөн. Бұл ретте ең біріншіден азаматтардың қаржы сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Алынған қаржы мақсатты жұмсалғанда ғана иесіне қыруар пайда әкеледі. Шаруалар ең алдымен осы талаптарды терең ескергендері жөн,- дейді серіктестік басшысы.
Пайыздық мөлшерлемесі төмен несие қаражатына қол жеткізу оңай жұмыс емес. Ауыл шаруашылығы саласындағы мұндай талаптар несие серіктестіктері мен қаржы ұйымдары арқылы реттелуде. Сондықтан, жергілікті шаруалардың асыраушы саланың жұмысына жылма жыл енгізіліп жатқан бағдарламалардың талаптарын егжей-тегжейлі түсініп, жұмысқа аса тыңғылықты дайындықпен кіріскендері жөн болмақ…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»