Basty bet
Нұрлыкенттің қырыққабаты – даланың жасыл маржаны
Күзгі жиын-терім – ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды жұмыстардың бірі. Бұл кезде диқандар егінді уақтылы жинап, қоймаларға сақтап, болашақ қыстың азық-түлік қорын дайындайды. Астық, көкөніс, жеміс-жидек, картоп және техникалық дақылдардың барлығы дәл осы мезгілде жиналады.
Биыл ауа райы өткен жылға қарағанда ерте жылынып, соның есебіне аудандағы барлық шаруалар көктемгі дала жұмыстары мен бау-бақша дақылдары және көкөністерін ерте отырғызды. Қазіргі таңда диқандар жазы бойы маңдай термен өсірген өнімдерін жинау үстінде.
Қызу еңбек салтын біз көбінесе ауданға қарасты Нұрлыкент ауылынан көреміз. Ауыл бүгінгі таңда қырыққабат өсірумен танымал. Ауыл шаруашылығына бейімделген бұл өңірдің диқандары көктем шыға жер жыртып, қырыққабат көшетін отырғызуға кірісіп кетеді.
Қырыққабат – ауыл халқы үшін табыс көзі ғана емес, сонымен қатар Нұрлыкенттің брендіне айналған көкөніс түрі.
Нұрлыкент ауылының тұрғындары қырыққабатты “ақ алтын” деп бекер атамайды. Себебі осы өнімнің арқасында көптеген отбасы табыс тауып, балаларын оқытып, тұрмыстарын түзей алды. Ал жас буын ауылда қалып, ата кәсіпті жалғастыруда.
Мұндағылар негізінен бау-бақша өсірумен шұғылданады. Бір сөзбен айтқанда, оларда жыл он екі ай тыным жоқ. Ауыл тұрғындары көкөністің барлық түрін егеді десек те болады. Соның ішінде қырыққабат көкөнісінің 80 пайызын ауылдың диқандары егеді. Олар ерте көктемнен бастаған жұмыстарын, қара күзде өнімдерін жинап бірақ демалады.
Нұрлыкент ауылдық округі әкімшілігінің берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда күздік бидай 605 гектарға, ал арпа 1820 гектар және мақсары 380 гектарға егілген. Соның ішінде, күздік бидай мен арпа толық жиналған. Мақсары жиналу үстінде. Одан бөлек, ауылдық округте 111 гектарға көкөніс дақылдары егіліп, жиналуда.
Қазіргі таңда ауыл диқандары үшін қауырт шақ. Олар піскен бау-бақша өнімдерін жинауда. Соның ішінде қырыққабат өнімін өсіруді қолға алған азаматтар өнімді уақтылы жинап алудың қамын жасауда. Ала жаздай еткен еңбектің еш кетпеуі үшін олар бір күнді де бос жібермеуде. Олар жинаған өнімдерін облыс орталығындағы «Ауыл-береке» базарына апарып өткізуде. Өткен жылға қарағанда биыл қырыққабаттың бағасы төмендеу болып тұр дейді диқандар. Бір күні келісі 130 теңге болса, екінші күні келісі 100 теңгеден бағаланып қалады екен. Бұл биыл қырыққабаттың көптігеннен деп отыр диқан қауымы.
Біз Нұрлыкент ауылының тұрғыны, диқан Нұржан Әбдірайымовпен қазіргі күзгі жиын-теріннің қалай болып жатқаны туралы әңгімелескен едік.
– Алғашында отбасының қамы үшін үйдегі аулаға ектім қырыққабатты. Уақыт өте ауылдың шетінен жалға жер алып айналыса бастадым. Қырыққабат өсіруді қолға алғаныма биыл 15 жылдай болды. Өткен жылы орамжапырақтың «Ринда» деген түрін еккен болатынмын. Биыл бухарест түрін ектім. Негізі өзім бухарест түрін отырғызамын. Алғашқы жылдары осы қырықабатты еккенде, оның ерекшелігіне аса мән бермеген екенмін. Бірақ уақыт өте өз жұмысымның майталманы болдым десе де болады. Қазір көзбен қарап тұрып айта беремізгой мынау мынадай деп. Қазіргі таңда 30 соттық жердегі қырыққабат жиналуда. Алқаптың басында күндіз-түні өзім жүремін. Қырықабаттың өз күтімі бар. Уақтылы суғарып, дәрілеп тұру керек. Сол үшін аптасына бір рет алқапты дәрілеп шығамын. Дәрілеуді де өзім жүргіземін. Ал, селитраны ақшаға сатып алып отырамыз. Жеріміз ағын судың жанында орналасқан. Жаз бойы қырыққабатты өзім суғарып шығамын. Көзге көрінбегенмен мұнда қыруар тірлік атқарасың. Тек ерінбеуің керек. Көктемнен бастап, қара күзге дейін еккен өніміңді күтіп-баптап, жақсы өнім алу үшін бар күш-жігеріңді саласың. Өнімді жинап бастағанымызға көп уақыт болмады. Еңбегімізге қарай баға тұрақтанса деген тілегіміз бар,- дейді Н.Кеңесбекұлы.
Алқапқа қондырылған көшеттерді уақтылы қарап, оған күтім жасаудың нәтижесінде, жиын-терім науқаны кезінде ауданда өсіріліп, өндірілген таза бақша өнімдері облыста, көршілес облыстардың, тіпті, еліміздің басқа өңірлеріне жөнелтілуде. Бұл әрине, таза жерде, таза ауада пісіп-жетілген өнімге деген тұтынушылардың сұранысынан туындап отырғаны анық. Ал кейбір алымсақтар қырыққабат сияқты көкөністі алқап басынан алып кетеді.
Біздің кейіпкеріміз бір күнде 1 тонна қырыққабатты жинап, өзінің жеңіл көлігімен Тараз қаласындағы «Ауыл-береке» базарына апарып саудалайды. Кей күндері жиналған өнімді алқап басынан алып кететін күндерде болады екен.
-Қырыққабат пісіп тұрғандықтан оны дер кезінде жинап, өткізу керек. Болмаса, піскен өнім бұзылып, ортасынан жарылып, кетуі мүмкін. Осы уақытқа дейін 25 тоннадай өнім жинап, саудаладым. Піскен өнімді отбасымен бірге жинаймыз. Қосымша жұмысшылар жалдап жатқан жоқпын. Жиынтерім қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады деп отырмыз,-дейді диқаншы.
Қырыққабатпен қоса, кейіпкеріміз биыл жарты гектар жерге сәбіз отырғызған. Сәбізді күтіп- баптаудың өзі бір шаруа. Өйткені оның ұрығын сепкеннен кейін ішінде тазалайтын шөбі бар, оған қосымша оны жекелеу қажет. Міне осының бәрі таза еңбектің арқасында болатын тірлік. Қыркүйек айының соңында сәбізді жинауға кірісемін дейді кейіпкеріміз.
Қырыққабат – Нұрлыкенттің ғана емес, бүкіл Жамбыл облысының әлеуетін көрсететін өнім. Ауылдың еңбекқор халқының арқасында бұл көкөніс түрі сапасы мен дәмі жағынан ерекше болып, нарықта үлкен сұранысқа ие.
