Basty bet
Науқастарға диагноз қою өте маңызды
Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы
Ұлтының жарқын болашағын ойлаған мемлекет алдымен азаматтарының денсаулығына көңіл бөледі. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласының жаңа міндеттері айқындалды.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бағдарламалар мен алдағы жоспарлар белгіленді. Жолдауда, медицина саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінетіндігі және ол қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатындығы айтылды.
Аудандық орталық аурухананың үшінші қабатында орналасқан хирургия бөлімі қашанда қарбаласқа толы. Бүгінде бұл бөлімді жоғары санатты дәрігер, аудандық мәслихаттың депутаты Қалдыбай Байрамов басқарады.
Негізінен білікті дәрігер Қалдыбай Дөнешоғлы Түлкібас ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Ауылдағы сегіз жылдық мектепті бітіріп, Түлкібас ауылында №343 қазақ орта мектебін аяқтаған. Алғашқы еңбек жолын Түлкібас консерві зауытында жұмысшы болып бастаған. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына қарасты жұмысшы факультетінде оқыған. Кейіннен Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына түсіп, оны емдеу ісі факультеті бойынша бітіріп, хирург дәрігері мамандығын алған.
Дәрігерлік интернатурадан №1 Жамбыл қалалық ауруханасында өтеді. Тәжірибеден сәтті өткен жас маман 1990 жылдан бастап Жуалы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің дәрігері болып жұмысқа қабылданады. Алғашқыда жас маманға білікті дәрігерлер Сатымбек Қуанышбеков, Сейітхан Жұмашев, Тұшынай Борашев, Джамшид Мамедов тәлімгерлік етеді. Міне, ол сол уақыттан бері ауданның тұрғындарына жедел әрі шұғыл медициналық көмегін көрсетіп келеді. Ұжымда өзіндік орны бар Қалдыбай Байрамов 2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқаруда. Сонымен қатар, ауруханада пациенттерді қолдау және ішкі аудиттің басшысы болып, қосымша жұмыстарға араласуда.
Ол денсаулық саласына қосқан елеулі үлесі үшін Президенттің, Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамоталарымен және «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталған. Ауданның «Құрметті азаматы». Одан да бөлек, жемісті еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болған.
Бүгінде Қалдыбай Байрамов бөлімге келген жас мамандарға тәлімгерлік жасап, жоғары санатты дәрігерлер тәрбиелеуде.
Жалпы бүгінде хирургия бөлімінде 31 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде төрт дәрігер, 14 орта буынды медбике және 13 кіші медперсонал бар. Мұнда науқастарға бірінші, екінші санатты дәрігерлер Асылбек Әшірбеков, Дамир Сарыбаев және жас мамандар Арман Мамедов, Шолпан Чмаева, аға емші бике Р.Демисинова медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, тоғыз орта буынды, екі бірінші санатты медбике де өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруда.
Хирургия бөлімі 28 орындық болып саналады. 20 орын хирургиялық болса, сегізі травмотологиялық болып есептеледі. Бөлімге көбінесе науқастар хирургиялық, травмотологиялық, неврологиялық, урологиялық диагноздармен және құлақ ауруымен жатқызылады. Бөлімде жылына орта есеппен 1000-ға жуық науқас ем қабылдайды. Өткен жылы дәрігерлер 700 шұғыл, 116 жоспарлы ота жасаған. Ал, үстіміздегі жылы 70 науқас ота үстеліне жатып, тиісті медициналық көмегін алған.
-Хирургия бөліміне аудандық орталық ауруханаға сай оталар жасалады. Көбінесе, түрлі жарақаттанған науқастарға, адамның асқазан, ішек, өкпе секілді ағзаларына ота жасаймыз. Кейде, пышақпен жарақат алған, оның ішінде жүрекке пышақпен жарақат салынған болса, оларға дер кезінде көмек көрсетіледі. Шұғыл әрі жағдайы ауыр халде түскен науқастар қабылдау бөлімінде тексеріліп, тиісті талдамалары жасалады. Қабылдау бөлімінде кардиограмма, УЗИ, ренген аппараттары, зертхана бар. Ал, жоспарлы оталарға науқастар емханадан толық тексерістен өтіп, дайындық жасайды. Керекті талдамалары тапсырылып, ота жасалатын күні белгіленеді, – дейді жоғары санатты дәрігер Қалдыбай Байрамов.
Дәрігердің айтуынша, бөлімде аудандық ауруханаға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Отаға қажетті медициналық құрал-жабдықтар жыл сайын жаңартылып тұрады. Науқастардың отадан кейінгі жағдайы күнделікті бақылауға алынып, тиісті ем-дом тағайындалады. Емдеуші дәрігер мен бөлім меңгерушісі науқастардың жағдайымен күн сайын таңғы тексерісте қанығып отырады.
-Науқастарға диагноз қою өте маңызды жұмыс. Осы ретте, бөлімге түскен науқастардың диагнозын анықтау үшін бірінші кезекте оның шағымын тыңдаймыз. Аурудың тарихын зерттейміз. Сонымен қатар, оның өмір сүру салты сұралып, жан-жақты сараланады. Лабороториялық және инструменталдық тексерістен өткізіп, ауруларды бір-бірінен ажыратамыз. Дәрігерге қателесуге болмайды. Науқастың диагнозын дұрыс қою керек. Сонымен қатар, қазіргі таңда дәрігерлер үшін методикалық құрал саналатын жалпы клиникалық хаттамалар әзірленген. Хаттамаға сәйкес науқастарға ем-дом тағайындалып, қажетті оталар жасалады. Кейде, клиникалық хаттамадан ауытқулар болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда консилиум жасалып, жауапты дәрігер шақырылады. Науқасқа дұрыс әрі нәтижелі ем тағайындалады, – дейді хирург.
Қалдыбай Байрамов өз сөзінде «дәрігер тәжірибелі, өз ісіне тиянақты, жан-жақты қабілетті, сауатты, білімді болуы керек» дейді. Дәрігер ең алдымен адамның жанына үңіле білуі тиіс екенін де тілге тиек етті. Науқастардың барлығына бірдей қарау дәрігерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. «Дәрігер ең бірінші адами қасиеттерді жоғары қоя білетін тұлға болуы қажет. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарағанда ғана науқастың сенімін алады. Мәдениеттілік пен кішіпейілділіктен айнымауы тиіс. Өйткені, дәрігердің қолында адамның өмірі тұрады. Отаға барарда науқастар ол жақтан аман-есен шығуды, ұйқыдан оянуды ойлайды. Осы сәтте дәрігер оған сенім ұялатып, жігерлендіре алуы керек. Жылулықты, жақсы сөзді аямаған жөн» дейді.
Иә, шындығында жақсы сөз жан жарасын емдейді. Әсіресе, басы ауырып, балтыры сыздаған адам үшін дәрігердің жылы сөзін есту бір ғанибет. Жылы сөз арқылы оның ауруынан толықтай сауығып шығуына әсер етуге де болады. Жанына үңіліп, жылы қабақ танытып, дұрыс бағыт-бағдар берген де жөн-ақ.
Жоғары санатты дәрігер Қалдыбай Байрамов мұндай қасиеттерді жастардың бойынан әрдайым көргісі келеді. Қоғамдық жұмыстарға да, ауруханадағы қарбалас тірлікке де белсене араласатын дәрігердің әр минуты санаулы. Әрбір сәті қымбат. Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту мен түзету жолында жұмсаған күш-жігері де аз емес. Бір күнде бірнеше рет ота бөлмесіне кіріп, науқастардың өмірін сақтап қалуға күш жұмсайды. Күндіз-түні уақытпен санаспай, науқастарға медициналық қызмет көрсетуге ұжымымен бірге атсалысады.