Basty bet

Алқапта қырыққабат көшеті бапталу үстінде

Нұрлыкент ауылын диқандардың ауылы дейтін болсақ, атадан қалған диқаншылық кәсібіне бет бұрған жас азаматтың бірі – Мейірхан Парахат. Мейірхан Құрақбайұлы ауыл мектебін бітіргеннен кейінгі жылдары ауылда және басқа да үлкен қалаларда құрылыста жұмыс істеп тер төксе, үш жыл бұрын диқаншылыққа біржолата бет бұрған екен. Алғашқыда бір гектар алқапқа қырыққабат егіп, баптаса, одан кейінгі жылдары бау-бақша дақылдарын өсіруде біршама тәжірибе жинақтап, биыл егістік алқапты үш гектарға ұлғайтып отыр. Бау-бақша алқабының барлығы ауылдың айналасында орналасқан.

Тәжірибелі диқандар биыл да ауыл маңындағы алқаптарға қырыққабат көшеттерін отырғызып, баптауға қызу кірісіп кетті. Ауылдың іші-сырты қайнаған еңбек. Адал еңбекті серік еткен диқан қауымы үшін бұл кәсіптің түрі – мол табыстың көзі.
Кеше таңертең алқап басына барғанымызда қайнаған қызу еңбектің куәсі болдық. Жалдамалы жұмысшылар алқапқа қырыққабат көшетін қондыру үстінде. Мұнда орта есеппен 10 адам еңбек ету үстінде.
Еш қиналмастан, жұмыстарын бар ынта-шынтасымен атқарып жатыр. Диқан Мейірхан Парахат көшет қондыру жұмыстарына өзі басшылық жасап жүр. Ол бізді істің барысымен таныстырды.
-Мұның алдында шамамен 15-20 күн бұрын екі гектар алқапқа қырыққабат көшеттерін қондырған болатынбыз. Әрине ерте егілген көшет ертерек өнім береді. Қазір де кеш емес, есесіне алдыңғы алқаптың өнімі аяқталғаннан кейін мына алқаптағы қырыққабат көшеттері де өсіп жетіліп қалады. Ауыл диқандары негізінен қырыққабаттың «Бухарест» деп аталатын сортын өсіріп, баптайды. Менің де егіп, баптайтыным дәл осы сұрып. Жұмысымыз жаман емес. Бұрын құрылыста жұмыс істегенмін. Диқаншылыққа ден қойғаныма екі-үш жыл уақыт болды. Табысы да жақсы. Былтыр қырыққабаттың әр келісін 200 теңгеден өткердік. Тек ерінбей еңбек етіп, күтіп-баптасаңыз ғана маңдай тердің өтеуі болады,- дейді диқан.
Бір гектар алқапқа шамамен 50 мың данаға жуық көшет егілетін болса, оның барлығы диқандардың ауласындағы парниктерде өсіріледі. Мейірхан Парахат та биыл ерте көктемнен бастап үй іргелік жерінде барлығы жеті парник жасап, оған қырыққабат көшетін молынан өндірген. Алқапқа да өз көшеттерін қондырды. Жұмыс процесі осылай басталып, жергілікті диқандар ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай еңбек етеді.
Алқапта 10 шақты жұмысшысы бар бір бригада күннің ыстығына қарамастан, көшет қондыру үстінде. Бригадаға білікті маман Балауса Болат жетекшілік етуде. Жұмысшыларға күніне 5 000 теңге көлемінде еңбекақы төленеді.

***
Ауыл маңындағы егістік алқапта қырыққабат баптайтын Ерғали Құрышбаевтың да диқаншылықпен айналысып келе жатқанына 25 жылға жуықтаған екен. Ол бұрын осындағы «Бурненский» совхозында жүк көлігінің жүргізушісі болып еңбек етса, совхоз тарағаннан кейін диқаншылыққа бет бұрған. Қырыққабат дақылын өсірудің қыр-сырын «бес саусағындай» жақсы білетін тәжірибелі диқан жыл сайын бір гектар алқапқа қырыққабат көшетін егіп, оны отбасы мүшелерімен бірге баптайды. Биыл да бір гектарға көшет қондырып, оны баптау үстінде.
-Алқаптағы «Бухарест» сортты қырыққабат көшеті маусым айының алғашқы күндерінде егілді. Бір мәрте суғарып алғанбыз. Көшеттер біршама бой алып та қалды. Қазір жүйектердің арасы шағын култиватордың көмегімен қопсытылу үстінде. Арықтарды қопсытқаннан кейін көшеттің айналасындағы майда арамшөптер кетпенмен шабылады. Мұның барлығы негізінен адам қолымен атқарылатын жұмыстар. Шабылып болғаннан кейін ағын сумен бірге минералды тыңайтқыш беріледі. Міне, жұмыстың барысы осы. Бұл отбасылық кәсіп болғандықтан, маған балаларым көмектеседі. Диқаншылықтың арқасында күн көріп, табыс тауып, отбасыны да адал еңбекпен асырап отырмыз,- дейді тәжірибелі диқан өз ойымен бөлісіп.

***
Ауыл диқандарының уақытпен санаспай еңбек ететінін жақсы білеміз. Сондай еңбекқор диқанның бірі – Орынбай Құрышбаев. Ол да ауыл жанындағы бір гектар алқапқа қырыққабат көшетін қондырып, оны өзі отбасы мүшелерімен бірге баптайды. Ол ерте егілген қырыққабат көшетін бір мәрте суғарып, қазір айналасындағы шөбін шабу жұмыстарын атқарып жатқанын айтады.
-Қырыққабатты баптаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Оны үш-төрт мәрте қопсытып, кетпеннің көмегімен осынша рет шабу жұмыстарын жасап, суғару қажет. Сонда ғана жақсы өнім береді. Алқаптан мол өнім алуға минералды тыңайтқыштың да пайдасы мол. Биыл көшетті мамыр айының соңына таман алқапқа отырғызғанбыз. Қазір алқапта күтіп-баптау жұмыстары жасалуда,- дейді ол.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close