Basty bet
«Стоп-кредит» қызметінің артықшылықтары туралы не білеміз?
немесе интернет алаяқтардан қалай сақтануға болады?
Қаржылық және цифрлық сауаттылық – қазіргі заман талабы
Бірден тақырыпқа көшсек, қазір ел арасында кейбір азаматтардың интернет алаяқтарының, адамдарды тағы басқа жолдармен алдап, ақша ұрлайтын алаяқтардың құрбаны болып жатқанын жақсы білеміз. Кейбірі қаражатынан, бағалы заттарынан, ал кейбірі қымбат автокөлігі мен пәтерлерінен де әп-сәтте ажырап қалып жатыр. Мұның барлығы – қоғамдық трагедия әрине. Алаяқтардың кесірінен бар жиған-тергенінен айырылып қалған отбасылар ары қарай қалай күн көрмек, балаларын қалай асырамақ?! Бұл қоғам мүшелерінің барлығын ойландыруға тиісті сұрақтың бірі. Айтуға ғана оңай болғанымен, қазір бұл – мемлекет деңгейінде мән беретін маңызды мәселе. Заманның күнде өзгеріп, сәт сайын құбылып бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Мұның барлығы айналып келгенде, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауаттылығына келіп тіреледі. Мұны біз жайдан жай айтып отырған жоқпыз…
Қаржылық сауаттылық туралы қоғамда жиі айтылады. Алайда ол туралы не білеміз? Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Көпшілігіміз бұған мән бермегенмен, бүгінде ол өте маңызды. Себебі, қаржылық сауаты жоқ адамның тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Олай деуге негіз көп. Сөз басында алаяқтар туралы бекер айтқан жоқпыз. Қаржылық және цифрлық сауаты жоқ азаматтардың алаяқтарға алданып, қаржыны қайтару үшін көп жағдайда полиция мен прокуратураға шағымданады. Қаржыны үптеп болғаннан кейін телефон тұтқасының ар жағындағы қылмыскерлер із суытып та үлгереді. Ал оларды табу қиынның қиыны. Тіпті, олар Қазақстанда ғана емес, шетелде отырып та қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыруы мүмкін. Сондықтан ел азаматтары ең алдымен қаржылық сауаттылықтарын арттыруы қажет.
Қаржылық сауаттылықты айттық. Ендігі кезекте халықтың цифрлық сауаттылығы туралы да аз-кем сөз қозғаған жөн. Қазіргі ақпараттық технологиялар әлемінде цифрлық сауаттылық өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану ақпаратты өңдеу, коммуникация және онлайн ортада бейімделу қабілетімізді анықтайды. Әсіресе, Қазақстанда цифрлық сауаттылық мәселесі өзекті және ерекше назар аударуды талап етеді.
Статистика бойынша, Қазақстанда цифрлық сауаттылық деңгейі мәз емес. Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге қарағанда, халықтың 54%-ы ғана интернетке қол жеткізе алады. Бұл халықтың жартысынан көбі цифрлық технологиялар ұсынатын мүмкіндіктерден алшақ қалатынын білдіреді. Сондықтан, қаржылық сауаттылықпен қатар, азаматтардың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға көңіл бөлген абзал. Ол үшін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан eGov.kz. «Электрондық үкімет» порталының пайдасы орасан. Қазір көптеген мемлекеттік қызметтер осынау портал арқылы көрсетілетіні белгілі. Онымен бірге, электронды үкімет порталының көмегімен алақтардан қорғануға болады. Мұны қазір көп азаматтар білмеуі мүмкін. Бірақ бұл – заман талабынан туындап отыр…
«Стоп кредит» қызметінің артықшылықтары қандай?
Алаяқтарға алданып қалмас үшін қаржылық және цифрлық сауаттылықтың ауадай қажет екенін жоғарыда атап өткендей, ендігі кезекте азаматтардың атынан заңсыз несие рәсімдеуді болдырмау туралы әңгімелемекпіз. Қазақстанда қабылданған заңнаманың талаптарына сәйкес, қазақстандықтар банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды орната алады не оны «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы алу жиілігі мен мерзімдері бойынша шектеусіз, яғни шексіз уақытқа алып тастай алады. Отандық мәліметтерге көз жүгіртсек, аталған қызметке жүгінген жарты миллионнан астам азамат несие (кредиттен) алудан өз еркімен бас тартқан.
Қарыз алудан ерікті түрде бас тартуды қалай орнатуға болады және қызметтің бұл түрі азаматтарға қандай артықшылықтар беретіні жөнінде Fingramota.kz. еске салады.
Қарыз беруге өздігінен тыйым салу («Стоп кредит» немесе «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан өз еркімен бас тарту») бұл – адамның банктер мен микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) жаңа кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуы. Мұндай бас тартуды тек қарыз алушының өзі eGov.kz. порталында және жеке смартфондағы E-GOV mobile мобильдік қосымшасында орната алады. Сондай-ақ, пайдаланушы кез-келген уақытта кредиттер мен қарыздар алуға қойылған шектеулерді алып тастай алады.
«Бірінші кредиттік бюро» АҚ-ның деректеріне сәйкес, бүгінгі күні 596 808 азамат кредиттер мен микроқарыздар ресімдеу бойынша тыйым салу орнатуға өз бетінше өтінім берген. Бұл – осыншама адам заңсыз несие алудан бас тартты деген сөз.
Ендігі кезекте «Стоп кредит» қызметінің артықшылықтарына тоқталатын болсақ, бұл опция қолданылған кезде қарыз алушының кредиттік тарихында оның кредит алудан уақытша бас тартуға шешім қабылдағаны жөнінде белгі пайда болады. Кредиттік ұйым кредиттік бюролардан деректерді сұрата отырып, мұндай шектеу белгісін көреді және автоматты түрде клиентке қарыз бермеу туралы шешім қабылдайды.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қарыз алушының кредиттік тарихында кредиттерден ерікті түрде бас тарту туралы ақпарат болған жағдайда, банктер мен МҚҰ-ның кредит бойынша берешекті есептен шығару міндеті бойынша заңнамалық түзетулер қолданысқа енгізілді. Яғни, егер азамат кредит алудан ерікті түрде бас тарту қызметін пайдаланатын болса, бірақ осы кезеңде оған кредит заңсыз ресімделген болса, онда кредитор банк немесе МҚҰ кредит және микрокредит бойынша берешекті есептен шығаруға міндетті болады.
Иә, бәрін айт та, бірін айт. Қазір ел арасында интернет алаяқтарға алданып, қолындағы немесе банк шотында қаншама жылдан бері тірнектеп жинап отырған қомақты қаражатынан бір-ақ сәтте айырылып, сан соғып қалып жатқан азаматтар туралы күнделікті естіп, біліп жүрміз. Міне, мұның барлығы біз жоғарыда атап өткен қаржылық және цифрлық сауаттылық мәселесіне келіп тіреледі. Жалпы азаматтарға қаржы туралы сауаттылықты арттырмай болмайды.
Тұрғындарға түсінікті болуы үшін түсінікті тілмен айтсақ, «Электронды үкімет» порталындағы «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметі кредиттік алаяқтардан қорғау болып табылады және е-GOV mobile қосымшасында және egov.kz сайтында қолжетімді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің маманы Жамбыл Жарылқасын айтып, қарапайым тұрғындарға аталған қызмет түрін қалай пайдаланудың жолдарын түсіндіріп берген болатын.
-Қызметті смартфон арқылы пайдалану үшін мыналарды орындау қажет:
Ең алдымен eGov.kz порталына кіріп, одан кейін «Кеден және салықтар» бөліміне өтесіз, тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау арқылы қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ-ның көмегімен өтінімге қол қойып, қызмет нәтижесімен «жеке кабинетте» танысуға болады.
Сондай-ақ, бұл қызметті компьютер арқылы қосуға болатынын еске саламыз. Ол үшін логин мен парольді пайдалана отырып электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен egov.kz сайтына кіріңіз; сайттың басты бетінде «Сервистер» – «Банктік қарыздарды, микрокредиттерді алудан мерзіммен ерікті түрде бас тарту» – «Қызметке онлайн тапсырыс беру» бөлімін таңдаңыз; барлық міндетті жолдарды толтырыңыз және ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қойыңыз. Бұрын белгіленген шектеулерді алып тастау үшін пайдаланушыға мыналарды орындау қажет болады. Оданы ары қарай «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау арқылы «Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «Иә» деп жауап беріңіз және қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қойыңыз.
«Стоп кредит» қызметіне жүгіну немесе жүгінбеу – әрбір азаматтың өз еркіндегі нәрсе. Дегенмен, қаржылық және цифрлық сауаттылықтың қазіргі жаңа заман талабынан туындап отырғанын ескерсек, ең біріншіден интернеттегі белгісіз қаржы алаяқтарына алданып қалмау барлығымыз үшін маңызды. Бұл әсіресе, жасы үлкен кісілердің арасында орын алуда. Олардың көбісі қалта телефонын және интернетті қалай қолдануды онша жақсы біле бермейді.
Әсіресе, бір реттік кодтарды құпия ұстау қажет. Белгісіз нөмірден шалынған қоңырауларға жауап бермеген дұрыс. Көбінде интернет алаяқтары тұтқаның ар жағында тұрып-ақ сенімен таныс адамдарша сөйлесіп, сізге қатысты кейбір маңызды деректерді, оның ішінде, банк карталарының нөмірлерін, бір реттік кодтарды біліп алуы мүмкін. Мұндай жағдайға тап болып, біздің орталыққа көмек сұрап келіп жатқан азаматтар да бар. Алданып қалғаннан кейін алаяқты табу өте қиынға соғады. Тұрғындарға ең алдымен осыны ескерткіміз келеді,- дейді Жамбыл Базаралыұлы.
Банкроттық туралы да білген жөн!
2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) қол қойды. Бұл – қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтардың 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алатынын білдіреді.
Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.
Қазақстанда 2023 жылдың 3 наурызынан бері «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» Заң қолданыста.
Заң азаматтың қарызын реттеуге бағытталған және үш бірдей рәсімді қарастырады: соттан тыс банкроттық рәсімі (уәкілетті орган – МКО қолданады), соттық банкроттық рәсімі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі (сотпен қолданылады).
Банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздарын өтеу бойынша қиыншылықтары бар азаматтар (қарызы 1600 АЕК-тен аз, төленбеу мерзімі 12 айдан астам, мүліктің болмауы, кредитормен реттеу жүргізу) соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы бере алады.
Негізі бұл – жеңілдетілген рәсім, борышкердің шешімдері мен әрекеттері басқа тұлғалармен келісуді қажет етпейді және көп құжатты ұсынуды талап етпейді. Сол себепті дәл осы рәсімді қолдануға ниет білдірушілер санының көптігін байқауға болады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
“Жаңа өмір”