Basty bet
Есепте тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу маңызды
Аудан әкімдігі жанындағы жазасын өтеу орындарынан босатылған және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаны өтеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, басқада әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша консультативтік-кеңес органы 2024 жылдың 6 айында атқарылған жұмысы туралы комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа комиссия мүшелері, аудан әкімдігіне қарасты тиісті бөлім басшылары және бірнеше ауылдық округтің мамандары қатысты.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізді.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша, яғни үстіміздегі жылдың алты айында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға аудандық аурухананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету туралы атқарылған жұмыстары жайлы аудандық орталық аурухананың алғашқы санитарлық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Көмек баяндама жасады. Ол өз баяндамасында қазіргі таңда 26 адамға медициналық көмек көрсетілгенін және олармен психолог мамандарының жұмыс істегенін атап өтті.
Әрі қарай аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева пробация есебінде тұрған азаматтармен жарты жылдықта өткізілген іс-шаралар туралы баяндама жасады. Баяндамада ол 2024 жылы пробация қызметі есебіндегі және түзеу мекемесінен босап шыққан азаматтарға арналған мәдени көпшілік жұмыстардың қорытындысы және қай жерде қандай іс-шара өткенін, оған қанша адам қамтылғаны туралы айтып өтті.
Сондай-ақ комиссия отырысында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы К.Төреқұловта баяндама жасап, оған қосымша сұрақтар қойылды.
Ал, күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша үстіміздегі жылдың алты айында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандармен атқарылған жұмыстар туралы аудандық пробация қызметі бөлімінің инспекторы Еркебұлан Әуесбек баяндама жасады. Баяндамашы аудандық пробация қызметінде жылдың басында 61 сотталған азамат тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, аудандық пробация қызметінің есебіне жыл басынан 39 сотталған азамат есепке алынса, 42 сотталған есептен шығарылған. Ал, маусым айының есептік кезінде, яғни, қазіргі таңда пробация қызметінің есебінде 59 сотталған азамат тұр. Олардың ішінде 38 азаматқа бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған, 10 азамат шартты түрде сотталғандар, 4 азамат жазасы кейінге қалдырылғандар, жеті азамат белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғандар. Сонымен қатар, баяндамашы пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар тарапынан жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында сотталғандардың тәртібі мен өмір салтына бақылау күшейтіліп, аудандық прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түнгі рейд өткізілгенін тілге тиек етті.
Отырыста аудандық пробация қызметі бөлімінің инспекторы Еркебұлан Нұрлыханұлы ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды.
Комиссия отырысында қаралған басты мәселе – пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру.
Сонымен қатар, комиссия отырысында әртүрлі мәселелер қаралып, сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу маңызды шара екені айтылып, комиссия отырысына тыңғылықты дайындықпен келу ескертілді.
Отырысты комиссия төрағасы Анар Садыққызы қорытындылап, мекеме басшыларына бірқатар хаттамалық тапсырма берді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»