Basty bet
Бауыржан Момышұлы атындағы турнир өтті
Бауыржан Момышұлы ауылында даңқты қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған футболдан аудандық турнир өтті. Оған 16 команда қатысты.
Турнирдің мақсаты – бұқаралық спортты насихаттау, саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал жасау, үздік ойыншыларды анықтау.
Шараны аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев ашып, жарысқа қатысушыларды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтай отырып, Батыр бабамыздың, ізгі істеріне тоқталды. Одан кейін сөз алған аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Жандос Баетов өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталып, командаларға ақ жол тіледі.
Командалар арасындағы бәсеке басынан-ақ қыза түсті. Ойын жиналған жұрттың қызығушылығын оятып, шара шаттығы арта түсті. Турнир қорытындысында шеберлік танытқандарға, жанкүйерлер тарапынан құрмет көрсетілді.
Шараның қорытындысы бойынша, I орынды «Мыңбұлақ» командасы қанжығасына байласа, II орынды «Жуалы жас» командасы жеңіп алды. Ал, «Қайрат-86» командасы III орынды місе тұтты. Сондай-ақ, жарыста үздік ойынымен көзге түскен ойыншылар да марапатталды. Турнирде «Үздік ойыншы» болып Әміржан Құлжабаев, «Үздік қорғаушы» аталымымен Асылжан Мелдешов, «Үздік қақпашы» номинациясымен Рамазан Мамбеталы марапатталды.
Футбол ардагерлері Абай Баетов пен Ерғали Сағындықов өз ойларын ортаға салып, жарыс жеңімпаздарын құттықтап, турнирді ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, турнирді қорытындылады. Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және дипломдар, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табысталды.
Міне, Батыр, патриот, жазушы, Ұлы Жеңісті жақындатқан және жас ұрпаққа соғыссыз өмірді сыйлаған адамдардың бірі әрі бірегейі болып, тіршілікте артына мол өнеге қалдырған, жақсы істерімен ел жүрегінде қалған Бауыржан Момышұлы атамызға деген ел құрметі толастамақ емес.
Болат ЖАҢАБАЕВ,
аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу
орталығының әдіскері